халықаралық форумында маңызды мәселелер шешілді
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Astana Invest-2015» VІ халықаралық инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Форумның биылғы жылғы күн тәртібіне Астананың, сондай-ақ, бүкіл Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері шығарылып отыр.
Форумның мақсаты – Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстандағы негізгі инвесторлар және әлемдік рыноктың алпауыт ойыншылары арасында үнқатысу алаңын орнату. Бұл шара еліміздің астанасына және бүтіндей Қазақстанның дамуына қолайлы жағдайлар туғызуды көздейді. Форум тікелей шетелдік инвесторлар тартуға ықпал ету, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарының активтерін жаңғырту және дамыту, жаңа жобаларды іске қосу мақсатын көздейді. Оның аясында индустриялық парктер мен өнеркәсіптік аймақтардың инвестициялық жобаларының көрмесі өтеді деп жоспарланып отыр.
Форумның «Инвестициялық ортаны дамыту мүмкіндігі» атты бас сессиясы аяқталысымен бірінші меморандумға қол қойылды. Айта кету керек, аталмыш сессия жұмысына америкалық белгілі миллиардер және жазушы Джим Роджерс, инвестициялар тарту бойынша әлемдік дәрежедегі сарапшы Дуглас ванн ден Берге және басқалар қатысты. Олардың әрқайсысы Астанаға инвестициялар тарту мәселесіне байланысты өздерінің тәжірибелерімен және ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Қазіргі уақытта республикалық деңгейде инвестициялық ахуалды дамыту мен жетілдіру, қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, озық басқарушылық шешімдерді қалыптастырып, енгізу жұмысына барлық деңгейдегі билік органдарының басқарушылық шешімдерін тартпайынша қазақстандық экономиканың тиімділігін арттыру туралы айтудың өзі артық. Мұндай тәжірибе жоғары нәтижелерді айғақтайды және елдің өзге өңірлеріндегі бизнес жағдайларын жақсарту үшін бағдар бола алады, деп атап көрсетті форумға қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Экономика туралы айта отырып, форумға қатысушылар Қазақстанның үлкен әлемнің бір бөлшегі екенін, экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша уақытпен бірге қадам жасап келе жатқанын назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, банк саласының халықаралық сарапшысы Доминик Менюдің Астананың негізгі инвестициялық оқиғасының бас сессиясында сөйлеген сөзі жоғарыда айтылған ойлармен ұштасып жатты.
Астана қазіргі Қазақстан экономикасындағы серпінді өзгерістер бейнесіне айналды. Бүгінгі күні республикамыздың елордасы – өзінің экономикалық, іскерлік әлеуеті арқылы ең бір асқақ жобаларды жүзеге асыруға шексіз мүмкіндік беретін болашақтың қаласы. Қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуы қала экономикасын дамытуға ғана емес, сонымен бірге, озық технологияларды енгізе отырып, жаңа өндірістерді құруға да өз септігін тигізуде. Астана жыл санап қарқынды дами түсуде, сондықтан да оны осы орайда инвестицияларды тарту орталығы деп берік сеніммен атауға болады. Осындай себептерге байланысты Astana Invest форумын Астана экономикалық форумы шеңберінде емес, дербес іс-шара ретінде өткізу жөнінде шешім қабылданды. Мұның өзі әлеуетті инвесторлар назарын елорда экономикасына аудара отырып, Астананың инвестициялық мүмкіндіктері мен серпінді жобаларын көпшілік назарына ұсыну үшін жүзеге асырылып отыр.
«Astana Invest-2015» форумы қазақстандық истеблишмент пен шетелдік және қазақстандық бизнес қауымдастықтардың өңірдегі инвестициялық дамуды талқылауға арналған бірегей алаңы болып табылады. Биылғы форумға қатысу үшін әлемнің 30-дан астам елінен 3000-нан астам адам тіркеліп отыр.
«Astana Invest» Халықаралық инвестициялық форумы биыл алтыншы мәрте өтуде. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұған дейін бұл шара Астана экономикалық форумы шеңберінде өтіп келді. Сөз орайында айта кету қажет, биылғы форумның панельдік сессияларына қатысу үшін инвестиция мәселелері жөніндегі сарапшылар, ірі кәсіпкерлер, сондай-ақ, Қазақстандағы ұлттық компаниялардың басшылары шақырылып отыр.
Форумға миллиардер Джим Роджерс, «fDi» журналының бас редакторы Кортни Фингар, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің авторы Ксавьер Сала-и-Мартин, SYSTRA компаниясының Шығыс Еуропа бойынша директоры Алан Годри, Сингапурдің өмір сүруге қолайлы қалалары орталығының директоры О Туан Ки, World Free Zones Organization компаниясының бас директоры Самир Амруни және өзге де белгілі тұлғалар қатысуда. Ал әлемдік дәрежеде танымал коучерлер шеберлік сыныптарын өткізіп, инвесторларды тарту және ақша табудың қыр-сырымен бөлісетін болады.
Айта кетерлік тағы бір жайт, қазақстандық форумның ақпараттық серіктесі «CNN International» алпауыт медиа-холдингі болып табылады.
Форум аясындағы тағы бір маңызды шара – «fDi» журналының бас редакторы Еркін экономикалық аймағы бар қалалар рейтингінде Астананың 20-шы орынға шыққандығы туралы сертификатты табыстайды деп күтілуде.
«Транстелеком» АҚ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, Eurasian Resources Group S.a.r.l. («ERG») компаниясы, «Аллюр Компаниялар тобы» АҚ, «GEOM ltd» ЖШС, «Raimbek» холдингі, RG Brands, Huawei, «Экономикалық аймақ кәсіпкерлерінің қауымдастығы» Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі, Capital Holding, «Жол жөндеуші» компаниясы» ЖШС, Kassanov Investment Group, «СМК» ЗТБ, Iskratel компаниясы форум демеушілері болып табылады.
Сол сияқты, «Astana Invest-2015» инвестициялық форумы аясында қазақстандық-әмірліктер бизнес форумы болып өтті.
Форумға Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері шағын және орта бизнесінің 100-ге жуық өкілдері жиналды. Оның жұмысына Қазақстан тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рахмет Байнаков және басқалар қатысты. Ал қонақтар делегациясының құрамында Абу-Даби сауда-өнеркәсіп палатасының президенті, «Arabtec» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мухаммед ар-Румейси, «Aldar Properties PJSC» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Абубакр Седдик аль-Хури, сондай-ақ, Қазақстандағы БАӘ елшісі Сухейль Матар аль-Кетби және басқа ресми адамдар бар.
Бизнес-форумның ашылуы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және БАӘ президенті, шейх Халиф бен Заида Аль Нахаянның суреттері кескінделген пошта маркаларын көрсету рәсімінен басталды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев өз сөзінде инвестициялық қызмет үшін Астана қаласының мүмкіндіктері туралы айтып өтті. «Біздің астанамызды шетелдік капиталға арналған жеңілдіктер мен артықшылықтардың бүтіндей жүйесі, шетелдік инвестицияларды қолдау мен қорғаудың нақты жүйесі ерекшелейді. Шетелдік инвесторлардың барлық мүдделері заңнамамен қорғалған», – деді ол.
Шетелдік қонақтарға арналған бағдарлама шеңберінде Астананың Индустриялық парк нысандары бойынша инвестициялық тур ұйымдастырылды. Қазақстандық-әмірліктер бизнес-форумы екі елдің экономикалық мүдделерін біріктіруге және өзара тиімді серіктестікті нығайтуға арналған. Бизнес-форум қазақстандық кәсіпкерлерге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген әріптестерінің тәжірибесімен және бизнес-идеяларымен алмасудың тамаша мүмкіндігін ұсынды.
Форум қорытындылары бойынша жобаларға инвестициялар тарту бойынша 30-дан астам меморандумдарға қол қойылды. Сомасы жағынан ең ірілері ретінде төмендегілерді атап көрсетуге болады. Мәселен, қала әкімдігі мен China Railway Asia Europe Construction Investment Co. Ltd өкілдері арасында бекітілген құжатқа сәйкес лизинг бойынша инженерлік құрылыс техникасы компаниясын құруға 100 миллион доллар бөлінетін болады. Сонымен бірге, Қазақстанның бас қаласы аумағындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тағы да қосымша 400 миллион доллар тартылмақ. Бұл жөніндегі меморандумға Merey Real Estate Management компаниясымен арада қол қойылды.
Бүгін «Astana Invest-2015» форумы өз жұмысын одан әрі жалғастырады.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».