Германия мен Франция басшылары Астанадағы Украинаға қатысты саммит Минск келісімі орындалатындай болса ғана қатысатынын ескертті.
Украина сыртқы істер министрлігі саясат және коммуникация департаментінің басшысы Алексей Макеев Франция, Германия, Ресей және Украина сыртқы істер министрлері қаңтардың 9-ында Астанада кездеседі деп мәлімдеді. Бұл жайында Макеев Берлинде қаңтардың 5-інде өткен төрт ел сыртқы істер министрлігі өкілдерінің Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөзінен кейін Twitter-де хабарлады.
Алексей Макеев бұған қоса Астанадағы миинстрлер кездесуінде «ортақ мәмілеге» қол қойылып қалуы мүмкін дейді.
Ол Украина телеарнасына берген сұхбатында Киевте Украина, Ресей, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Донецк және Луганск «халық республикалары» өкілдерінің кездесуі де ұйымдастырылуы ықтимал екенін айтты. Бірақ ол қаңтардың 15-інде Астанада Германия, Франция, Ресей және Украина президенттерінің саммиті өтетін болды ма деген сұраққа қатысты ештеңе айтпаған.
Өткен айда Украина президенті Петр Порошенко Астанада қаңтардың 15-де Ресей президенті Владимир Путин, Франция президенті Франсуа Олланд және Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді.
Германия канцлерінің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт дүйсенбіде «Украинаға қатысты кездесулерді Минскіде жасалған бейбітшілік келісімінде айтылған шарттар орындалып, қақтығысты тоқтату туралы ұзақ мерзімді және берік бітім жасалған және ауыр әскери техниканы шығарған жағдайда ғана өткізуге болатынын» мәлімдеген. Зайберт «мұндай мәмілелер алдын-ала даярлануы тиіс» деген.
Макеев телеарнаға осы сияқты шарттар және жәрдемге аса мұқаж тұрғындарға гуманитарлық көмекті жеткізу мәселесі сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінде күн тәртібінде тұратынын айтқан.
Франция президенті Франсуа Олланд жергілікті France Inter радиосына «кездесуден нәтиже шығатын болса ғана баратынын» айтқан. Ол бұған қоса «Мәскеу Украинаның егемендігін құрметтеген жағдайда Ресейге салынған санкциялардың алынып тасталғанын» қалайтынын білдірген.
Олланд Путинді Украинаның территориялық тұтастығын құрметтеуге, Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерді қолдауын тоқтатуға және Киевтің батыс елдерімен экономикалық байланысты дамытуына мүмкіндік беруге шақырған.
«Путин маған Шығыс Украинаны аннексиялап алғысы келмейтінін айтты. Мен оның бұл сөзіне сене алмаймын. Оның Қырымда не істегенін көрдік. Путин Украинаның НАТО-ға кірмегенін, өз шекарасы маңында НАТО әскерінің болмағанын қалайды» деген Олланд.
АҚШ мемлекеттік департаменті де Олландтың айтқанын қолдап, Ресейге салынған санкцияларды алу жайы Украина дағдарысын бейбіт реттеуде «нақты жетістіктер болғанда» ғана қозғалатынын ескерткен.
Қаңтардың 5-інде өткен баспасөз жиынында АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты «Біздің ұстанымымыз айқын, ол — Ресей мен сепаратистер Минск келісімін орындағанда ғана Шығыс Украинадағы қақтығысты бейбіт шешуге қарай нақты қадам жасалады. Келіссөзде не болатынын алда көре жатармыз» деген.
«Егер Ресей мен сепаратистер әрқайсысы Минск келісімінде келтірілген өзіне тиесілі шарттарды орындаса, онда біз кейбір санкцияны алып тастауды қарастырамыз. Нақты іс-әрекет, прогресс болмай, санкцияны алу туралы әңгіме де қозғалмайды» деп мәлімдеген Псаки.
Еуропа Одағы, АҚШ пен бірқатар елдер наурыз айында Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алып, кейін Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін Ресейге бірқатар экономикалық санкциялар салған. Шығыс Украинада сәуір айында басталған қақтығыстардан осы күнге дейін 4700-ден астам адам қаза тапқан. Оның ішінде 1300 адам қыркүйектің 5-інде Минскіде қақтығысты тоқтату туралы бітім жасалғаннан бері мерт болған.
http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_astana_ukraine_france_us/26778995.html