Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаланың әрі қарайғы дамуы барысына арналған кеңесте Астана қаласындағы ғимараттардың сұрғылт, сүреңсіздігіне назар аудартты. Астананың түсі қандай болуы керек?
Архитектура – мемлекеттік саясат Қаланың сыртқы келбеті оның ішкі мазмұнынан хабар береді. Қала сәулеті – оның мәдениетінің ажырамас бөлігі. Таяуда Қазақстанның басты екі қаласында болып қайтқан жапон журналисі әңгіме арасында: «Астана – тым жасанды көрінеді. Алматының сүйкімділігі басым», – деді. Ол «жасанды» дегенде осындағы көшірме ғимараттардың көптігін меңзесе керек.Жақында орталық көшелердің бірімен бойлай өтіп бара жатып, «ағылшын» кварталы жарнамасын көзім шалды. Мұнда келешекте астаналықтар Тұманды Альбионның астанасында жүргендей әсерге бөленбек. Олардың да ағылшындар тәрізді шағын «биг-бені» мен қызыл түсті телефон будкалары болады… «Қала романсы» жобасы аясында тағы да «араб», «қытай», «жапон», «италиялық» және тағы басқа кварталдар салынбақшы. Астанадағы 55 гектар жерде әлемнің ірі мемлекеттерінің мәдениеттері осылай көрініс таппақ… Нью-Йоркте де «қытай», «корей» кварталдары бар. Бұл аудандар осы елдің мейрамханалары мен дүкендеріне лық толы. Бірақ сол 100 мыңға жуық адам тұратын «қытай» кварталынан қытайлық стильдегі кішкентай ғимаратты көрмедік. Ал Астанадағы «Бейжің палас» тәрізді орталықтан қытайлық зәулім сарай тұрғызу кәрі Нью-Йорк үшін ақылға сыймас еді. Америкалық қытайлар сол 100 жыл бұрынғы нью-йорктік биік-биік үйлердегі тар пәтерлерінде ғұмыр кешуде. Қытайлар осы қалада еркін өмір сүріп, кәсіпкерлікпен айналысып, қанша шоғырланса да, өздерінің Америкада екендіктерін еш ұмытпайды. Белгілі сәулетші, қазақ Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков архитектураны мемлекеттік саясат, идеология көрінісі санайды. «ХХ ғасырдың басында АҚШ-та Нью-Йорк, Чикагода неге аспанмен таласқан үйлер салынды? Дәл осы кезеңде Морган, Форд сияқты алпауыттар мемлекеттің өнеркәсібін жаңа деңгейге шығарды. Араб Әмірлігі, Сингапур, Оңтүстік Кореяда ғажайып ғимараттардың бой көтеруі – осы елдердің әл-ауқатының белгісі ғана емес, басқа мемлекеттерге сұс көрсетудің де нышаны. Архитектура – ішкі және сыртқы саясатты көздейтін, елдің әлеуметтік жағын көрсететін идеология», – дейді белгілі сәулетші. Осы тұрғыдан алғанда, Астанадағы үлгісі өзге елдерден «әкеліне» салған ғимараттарға қарап, олардың басқа мемлекеттердің тарихы мен мәдениетін насихаттаудан басқа қандай мән-мағынасы барын топшылаймын. Мысалы, Париждегі әйгілі «Триумфтық арканы» алайық. Триумф – көне Римдегі әскердің соғыстан жеңіп, астанаға оралуын білдіретін ұғым. Сондықтан кезінде Наполеон «ұлы әскерінің» жеңісінің көрінісі ретінде осы арканы бас қаласында тұрғызды. Бірақ бұл ескерткіш – тек қана тарихи ескерткіш қана емес, француз халқының жеңісінің, күш-қуатының символы. Мәселен, оның биіктігінің – 49,51 метр, енінің – 44,82 метр екендігі біраз ойға қалдырса керек. Ал енді «бес Франция» сыйып кететін Қазақстанның астанасында одан екі есе кіші «Триумфтық арканы» (ұзындығы – 21.5 метр, ені – 13 метр) тұрғызудың мәнісі қандай? Қазақ елінің күш-қуатын, жерінің кеңдігі мен әлеуетін көрсететін ескерткіш ойлап табатын сәулетшілер қайда? «Сұрғылттан басқа ештеңе жоқ» Мемлекет басшысы сәулетшілерде креативті идеяның тапшылығын талай сынаған. Осы жолы да Астанадағы әрбір үй өзінің сәулеті мен сапасына қарай бірегей болуы тиіс екендігін баса айтты. Сонда ғана үйлердің салынуына жер бөлініп, рұқсат етілуі тиіс. Мысал ретінде ол «Базис-А» компаниясының үйлерін тілге тиек етті. «Компания «Астана опера» жаңа театры қасынан қорап-үйлер салуда. Адамдар келеді, тартымды жерді қармап қалды: бір жағынан театр, мында – «Хан Шатыр», мында – қонақүй, енді олар не көреді? Мен ішінің қандай екенін білмеймін, сыртқы келбетіне назар аударамын: қара, сұр, қоңыр бояулар», – деді Президент. Ол Астана билігіне қаланы әшекейлеу ісіне қатысты тәсілді өзгерту керектігін ескертті. «Мен сіздерге қаншама рет айттым, біз оң жағалау-ды сала бастағанда, айтқан едім: мына жақта 6 ай қыс, жасыл-желек жоқ, ғимараттардың өздері, үйлер қаланы әрлендіруі тиіс, ол жерлерде күн шуағы төгіліп тұруы керек. Қай бояу ең көбірек келеді? Бір жерде бұл алтын түстес, көк және ақ пен көк араласқан, сәулетші оның бәрін қадағалауы тиіс», – дейді Мемлекет басшысы. Президент әртүрлі кварталдардың салынатындығына қатысты да өз пікірін білдірді. «Италиялық, тағы басқа кварталдар саламын деп айттың…Өзенде катермен жүріп, олар нені көреді? Оның итальяндық екенін кім көреді. Осы жерді алатын кезде қандай бояулар, қандай суреттер болатынын айттың…Сұрғылттықтан басқа ештеңе де жоқ», – деді Мемлекет басшысы құрылыс компаниясының басшысына. Белгілі сәулетші Шоқан Матайбеков әрбір жоба талқыланған кезде қалалық құрылыс салу кеңесінде олардың сыртқы келбеті ғана емес, түстері де сөз болатындығын айтады. Сәулетшінің бастапқы идеясы толық жүзеге асқанша мың құбылады. Себебі кеңесте сәулетшіден өзге қалалық әкімшілік, құрылыс компаниясы өкілдері де болады. Ғимаратты салатын тапсырыс беруші үнемдеу мақсатында сәулетшінің ұсыныстарын толық жүзеге асырмауы мүмкін. «Тапсырыс беруші ғимаратты арзанға салуға ұмтылады. Ал олар архитектура мамандары емес», – дейді Мәлібеков. Оның айтуынша, «шетелдерден бір ғимараттар үлгісін әкелуді жаңашылдықты енгізу деп қабылдайтындар бар». Бірақ ұлттардың әртүрлі болатындығы тәрізді олардың сәулет өнері де сан алуан. Мәселен, әр халықтың ұлттық сәулет өнерінің негізінде сол елдің табиғи, діни, мемлекеттік факторлары тұрады. Ұлттық сәулет өнері халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Ғимараттардың ерекшеліктері, формалары, тіпті түстері де сол халықтың мінез-құлқынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Мысалы, жұмсақ сызықтар кең дала мен шөлейт тұрғындарына тән болса, нақты, анық линиялар прагматикалық еуропалықтарға жақын деп саналады. Қазақ халқының дүние танымындағы түрлі бояуларды Астананы әшекейлеуде дұрыс қолдана білу керек деп есептейді Мәлібеков. Мысалы, «көк аспан», «ақшаңқай киіз үйлер», «Сарыарқа» деген сөздердің өзі қазақ ұлтының қандай түстерге басымдылық беретінін дәл аңғартса керек. Оның айтуына қарағанда, «жылы және суық түстер» деген ұғым бар. Яғни ауа райы ерекшеліктеріне байланысты Батыс елдеріне күңгірт, қара тәрізді суық түстер жақын болса, қазақтың қолөнер туындыларына қарап, қазақ халқына ақ, көк, сары тәрізді ашық, жылы түстер тән екенін білуге болады. «Осы бояуларды пайдалансақ, ғимараттарға өзіміздің ұлттық сипатымыз да кіреді», – дейді сәулетші. Астанада әртүрлі бояуларды пайдаланудың ұтымды үлгілері де бар екенін айтады Матайбеков. Мәселен, «қызыл аудан», «водно-зеленый бульвар», «Бәйтерек» өзіндік ерекше түстерге ие. Сәулетші ашық бояуларды қолданған кезде сол жердегі басқа ғимараттар, табиғи көрініс қоса ескерілуі керектігін айтады. Архитектурада бояудың озық пайдалану үлгісі ретінде ол Париждегі Помпиду орталығын мысалға келтіреді. Бұл жоба кезінде 680 конкурстық жұмыстардың үздігі ретінде таңдап алынып, жүзеге асқан. Онда арматуралық жалғауыштар ақ түспен, желдеткіш тұрбалар – көк, су желістері – жасыл, электр өткізгіш-тер – сары, эскалаторлар мен лифті-лер – қызыл түске боялған. Қазіргі таңда бұл ғажайып орталық жылына 6 млн туристі тартып отыр. Астана да әр алуан бояуларды пайдалана алады. Бірақ қала алабажақ болмай, түстер мұнда үйлесім табуы тиіс дейді сәулетші. Айжан КӨШКЕНОВА |