Астана тұрғыны Айжан Кәрімова әлеуметтік желілер арқылы кинотетатрда соққыға жығылған әйелге қатысты ақпараттың жалған екенін алға тартты. Оның айтуынша, соққыға жықты деп айыпталған азамат шын мәнісінде “ессіз әйелден” зардап шеккен.
Кәрімованың сөзіне сенсек, 9 қаңтар күні «Азия Парк» сауда орталығындағы «Арман» кинотеатрында болған жанжалды бірінші әйелдің өзі бастаған.
«Отбасылық жұп (менің достарым), өтіп бара жатып, абайсызда көршілес отырғандардың попкорнын қағып кетті, үстіне попкорн шашылған әйел оған ренішін білдіргенде, ер кісі одан кешірім сұрап, жаңасын сатып алып беретінін айтты. Алайда әйел попкорнды оның бетіне лақтырып жіберді. Досым попкорнның қалдықтарын өзіне кері лақтырды (жай өзін қорғанудан болған реакция, ол әйел затына расымен бір нәрсе лақтырады деп ойламаймын)», – деп жазды Кәрімова өз Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, келіншектің қасында болған 20-25 азамат та жанжалға араласқан.
«Осы арада, жаңалықтарда ұлы деп көрсетілген жас жігіт оған ашуланып, жұдырық ала жөнелді. Оған сөзбен жауап қайтарғанына ызаланған анасы ер кісінің қолына жармасып тістей бастады (оның фотосын NUR.KZ порталынан көруге болады), ер кісі оған қолының ұшын да тигізген жоқ, тіпті тістегені үшін итермеді де», – деп жалғастырды Кәрімова.
Осы арада, Кәрімованың айтуынша, ер кісінің жұбайы араласып, күйеуінің тістегеннен айқайлап жатқанына қарап тұра алмай, әйелді шашынан тартып ажыратпақ болған. Сол арада жарық жанып, күзет оларды арашалаған. Ал әйел болса, өзін соққыға жығып, бүкіл залды айналдырып, шашынан сүйреді деп айқайға басты дейді Кәрімова.
Келіншектің “ессіз, сөз ұқпайтын күйде” болғанын алға тартқан Кәрімова “әйелдердің осыншалық азғындап кеткеніне ұялтанынын” да жасырмаған.
Оқиға куәгерлерінің бірі полиция шақыртқанымен, екі тарап та бір біріне шағым жоқтығын айтып, полицейлерге арызданбаған. Дегенмен “Бұзақылық” бабы бойынша соталды тергеу жұмыстары басталып кетті дейді тәртіп сақшылары.
http://www.nur.kz/