Астанада тек 5 жыл өмір сүргеннен кейін ғана үй кезегіне тұруға болады. Кеше Үкімет отырысынан шыққан Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осындай жаңалықты хабарлады.
Министрлер кабинетінің кешегі жиынына екі мәселе шығарылған болатын. Оның біріншісі бойынша, Үкімет 2013 жылғы нақтыланған республикалық бюджетті жүзеге асыру туралы қаулы қабылдады. Осы орайда Премьер С.Ахметов министрлер мен әкімдерді қайта бөлінген бюджет қаржылары қайтадан игерілмей қалса, жазаға тартылатындарын ескертті.
Өткен 9 ай нәтижесінде елімізде 160 миллиард теңгеден астам қаржы игерілмей қалған еді. Осыған байланысты биылғы жыл бюджеті қайта қаралып, ол қаражаттар басқа бағыттарға жіберілді. «Министрлердің, облыс әкімдерінің, меморгандар басшыларының назарын аудартамын: 2013 жыл бюджеті сөзсіз орындалуға тиіс! Биылғы жыл қорытындысында, бюджетті игеру нәтижелері бойынша жазалау жөнінде де тиісті шешімдер қабылдаймыз!» деді Үкімет басшысы Серік Ахметов.
Ал, екінші мәселені Үкімет сырт көзден таса, оңаша талқылады. Сондықтан Министрлер кабинетінің жиынынан шыққан Өңірлік даму министрі Б.Жәмішевті журналистер қоршай алды.
Осының алдында, сәрсенбі күні Астананы одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы елорданың «жинақы да жайлы» қала болуға тиістігін айтты. Бас қала тұрғындарының саны 900 мыңнан асып кетіпті, бұл көрсеткішке тек 2020-жылдан кейін жетеді деп болжанған екен.
Бұл ретте министр Болат Жәмішевтің айтуынша, «отырықшылық қағидаты» (принцип оседлости) енгізілетін болады: «Яғни, үй кезегіне осы қалада бес жыл өмір сүргендер ғана тұра алатын болады».
Министрдің айтуынша, Астанадағы көші-қон осында салынатын баспана көлемімен реттеледі: «Осындағы жеке үйлер мен пәтерлер саны қанша болса, Астана халқының саны да сонша болмақ. Одан аспайды. Қазақстанда басқа да ірі қалалар бар, олар ары қарай дамытылады, олар да жақсы абаттандырылады, жаңа алаң-аудандарға инженерлік-коммуникациялық жүйелері тартылады, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері беріледі. Яғни, оларда тұрғын үй құрылысы қазіргіден белсендірек жүргізіледі. Тиісінше, олар халықтың неғұрлым көп ағынын қабылдауға дайын болады. Ал, Астанада халық ағыны іске қосылатын тұрғын үй көлемімен байланыстырылады».
Қазақстан көшбасшысы Астананың айналасындағы 30 шақырымдық аймақта жер телімдерін беруге мораторий жариялады. Өңірлік даму министрінің болжамынша, ол тиымның күші келесі жылы жойылуы мүмкін: «Бұл мораторий елорданы және қала маңы аймағын дамытудың жаңа кешендік жоспары әзірленгенге шейін күшінде болады. Бұл «Бас жоспар» келесі жылы дайын болуға тиіс».
Күні кеше Президент елордадағы баспана құнының қымбаттығына қайта назар аудартқаны мәлім. Оның мәліметінше, құрылыс компаниялары шаршы метрлерді өзіндік құнынан 2-3 есе қымбатқа сатуда: мәселен, «Еуропа Палас», «Хайвилл» «Парижский квартал» тұрғын үй кешендерінде пәтерлердің шаршы метрі, өзіндік құнының 1-1,5 мың доллар болатындығына қарамастан, 5 мың долларға дейін жетуде.
– Бұл жерде біріншіден, құрылыстың экономикасының байыбына терең бару керек болады, – деді министр Б.Жәмішев. – Ол баға неден құралған, не кіріп отыр? Тек содан кейін ғана қандай да бір шаралар туралы сөз қозғауға болады. Бұл ретте әрбір аудандағы салынған тұрғын үйлердің өзіндік құнына сараптау жүргізу талап етіледі. Осы орайда ол компаниялардың тұрғын үй кешендері тұрғызылып жатқан жер телімдерін қаншаға сатып алғандығы, сосын коммуникацияларды тартуға қанша қаржы жұмсалғаны да анықталуы қажет.
Үкімет осы орайда қаржылық қырларды да қараған екен. Мысалға, қазір көптеген банктер ипотека беруді тоқтатып, тиісті бөлімдерін жауып жатыр.
– Банктердің ипотеканы тоқтатып тастағаны жақсы емес, – дейді Болат Бидахметұлы. – Баспана – өте қымбат актив. Ал ипотекалық қаржыландыру халықтың сол баспананы сатып алуға керекті ұзақмерзімді қаржы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беретін. Үкіметте, Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте бұл мәселе талқыланды. Қазір ипотеканы «Қазақстандық ипотекалық компания» (ҚИК) арқылы жандандыру мәселесі пысықталуда. Егер есіңізде болса, өз тұсында елімізде ипотеканың дамуына осы мемлекеттік ұйым арқылы ықпал етілген болатын.
Бұл ретте ҚИК ипотекашылардың банк алдындағы міндеттемесін сатып алады, қайта қаржыландырады деп күтілуде.
Жалпы, Болат Жәмішев келешекте Қазақстанда да ипотеканы тек ауқаты бар адамдар ала алатындығына сенімді: «Жалпы, бүкіл әлемде ипотека – қымбат ресурс. Ол табысы тұрақсыз және аз жандарға арналмаған. Ал, қарапайым қазақстандықтар үшін басқа құрал қазір белсенді дамытылуда, ол – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» қаржы жинау» деді ол.
Журналистер арасында да баспанасыз жүргендер көп, олар кеше Өңірлік даму министрінен «Тұрғынүйжинақбанкінде» тұрғын үй құнының 50 пайызын жинау талабын ең болмағанда, 30 пайызға төмендету мәселесін көтеруді қиыла сұрады. Бірақ министр одан бас тартты.
Елдос СЕНБАЙ