АЛТЫНОРДА
Новости

Астана және ұлттық рух

история 2Тәуелсіз мемлекет кез келген халықтың қолы жете бермейтін ең қасиетті құндылық. Тәуелсіз мемлекет қана мемлекеттілігін нық орнықтырып, ұлттық рухын асқақтата алады. Ал мемлекеттіліктің тұғырлы болуы тәуелсіздіктің философиясын, қазақы таныммен айтқанда бостаншылықтың қадірін ұғынудан басталады. Осы бір іргелі мәселені Алаш зиялылары өткен ғасыр басында бостаншылықтың пұлын біліп, орнына ұстап, игілігін көре алған жұрт ержетіп, ес біліп, ақыл тоқтатқан адам болып шықпақшы, – деп те ұғындырған еді.
Ресейдің ұзақ ғасырларға созылған бұғауы қазақ ұлтының санасына өзіндік «ізін» де салып үлгерді. Алайда әр ғасыр шеңберінен бір-бірімен рухани сабақ­тас­­қан тұлғалар арқылы қазақтың рухы сақ­­талып, тәуелсіздік бақытына жеткізді. Тәуел­сіздік сан ғасырлардан бері азаттықты аң­саған ата-бабаларымыздың жете алмай кет­кен арманы ғана емес, олардың бізге ар­қа­латқан аманаты да. Тәуелсіздік алған соң мемлекеттілікті құру, өктем саясаттың сал­да­рынан тұншыққан ұлттық сана мен төмен­шіктеген ұлттық сананы биіктету үшін сан салалы реформалар қажеттігі туын­да­ды. Ең алдымен жат ниеттен сан мәрте теперіш көріп, жасып қалған қазақтың ру­хын көтеру мемлекеттілік маңызы бар іс болды. Осы мақсатта Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев тарихи маңызы зор шешім қа­был­дап, тәуелсіздіктің нышаны болған жаңа Ас­­тананың іргетасын қалауға бағыт берді.

Ақмоланың географиялық жағынан ыңғайлы болуы әрі солтүстік өңірлердегі әлсіреген қазақы рухты биіктету секілді ұлт тағдырында маңызы зор мәселелер Президент назарында тұрды. Соны­мен, Астананы ауыстыру мәселесі де Қазақ­станды геосаяси жағынан күшейтудің қажет­тігінен туындаған. Өйткені Астана Еуразия құр­лығының орталығы және төрт тарапқа: Оң­түстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық әрі қауіпсіздік мәселесіне оңтайлы болды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін шиеленісті ахуал қалыптасты. Әсіресе солтүстіктегі Ресей­мен шектес аудандардағы көптеген солшыл күштер бас көтеріп, саяси шие­леністер қаупі туындады. Қызылдар салған «Ұлы орыс халқы» идеясы секілді сүрлеуден ажырағысы кел­мейтіндер де көрініс берді. Қазақ ұлтының ұлттығына, мемлекеттілігіне күмәнмен қа­раушылар қатары да көп болды. Президенттің: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қа­сиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыар­қа­ны саяси саудаға салып, дарқан даланы дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, сол­түстіктегі шұрайлы өңірге көзінің сұғын қадай­тындар бар кезде, біз мына жерде, әсем қала Алматыда тыныш оты­ра алмас едік» деп айтқаны мемлекеттілігімізді нығайту жылдарын­дағы қордаланған көптеген мәселенің мәнін ұғындырады. Сондықтан тәуелсіздіктің мәнін ұғы­­нып, оның ғұмырлы болуына аянбай қызмет ету басты парызымыз. Өйткені кейінгі ұрпақ бізді ісіміздің деңгейіне қарай ғана бағалайды. Осыған орай тәуелсіздіктің 22 жылына қадам басқанда ұлттық рухымызды асқақтата алдық па? Бiз осы уақытқа дейін тәуелсiздiктен не алдық, қандай жетiстiктерге жеттiк? Қазақтың мүддесін қорғап, қазақтың игілігін сомдай алдық па? – деген сауалдар төңірегінде ғылыми талдау жасай білуге тиіспіз. Мәселенің түйіні ішкі, сыртқы саясаттың мәніне қарай анықталады. Көптеген зерттеушілер сыртқы саясаттың ішкі саясатты анықтайтындығын айтады. Әрине, сыртқы саясат пен ішкі саясат өзара байланыста. Кез келген мем­лекет ұлттық мүдде шеңберінде ішкі және сырт­қы мәселелерін орайластыра шешуді мақсат етеді.
Қазақстан Еуропа мен Азия, Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік аралығында өзіндік мәртебесін иеленетін қадамдар жасауда. Сонымен қатар Қазақстан да әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде жаһандану үрдісіне оңтайлы кірігудің қамын ойластыруда. Өйтпеген жағдайда, яғни жаһандану үдерісінің обьектісі болып қалу мемлекеттің ұлттық мүддесіне, нақ­тырақ айтқанда, ұлттық қауіпсіздікке зор қауіп. Ұлттық қауіпсіздік тұлғаның өмірлік маңыз­ды мүддесін қорғау жағдайын, қоғам мен мемлекетті ішкі және сыртқы қауіптен сақтауды білдіреді. Сондықтан жаһандану үдерісінің шынайы субьек­тісіне айналу басты мақсат. Батыстың білімі, ғылымы, технологиясы мен техникасы қажет болғанымен, жаһанданудың бір үлгісі болып табылатын батыстанудың ықпалы қоғамдық өмірдің барлық саласына өз өктемдігін жүргізіп, оның нәтижесі батыстану үдерісіне әкеліп соғуы да ықтимал. Батыстану тек қана батыстың техноло­гиясын, өндірісті ұйымдастырудың эко­но­ми­калық формалары мен әскери-техника жетіс­тік­терін қабылдау ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени құндылықтарын да қабылдауға мәжбүрлейді.
Көптеген мемлекеттердегі дәстүрлі қоғамды жақтаушылар батыстық үлгіні, батыстану үрдісін қабылдауға қарсы болуда. Бірақ дамушы елдерге батыстық бұқаралық мәдениет жылдам енетіндігі де заңдылық. Қазақстан жаһандық әлемде өзінің мемлекеттік мүддесін түсіністік пен келісімге негізделген стратегиялық мақсаттар негізінде қорғап отыр. Қазақ этносының бойындағы ғасырлардан ғасырларға жалғасын тапқан гуманизм, түсіністік, ынтымақ, бірлік секілді рухани құндылықтары Қазақстанның ішкі, сыртқы дамуының басым бағыттарын айқындап отырғандығы шындық. Әрине, кез келген саясаттың мазмұнын ұлттық мүддені талдаусыз ашып көрсету мүмкін емес. Мемлекет ішкі саясатта халыққа ортақ мүддені қорғайды. Ал халықаралық саясатта ұлттық мүддені көздейді. Ұлттық мүдде мемлекеттің түбірлі қажеттіліктерін бейнелуін көрсетеді. Осы қажеттіліктер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қоғамның даму жағдайын жақсартудан көрінеді. Чикаго университетінің профессоры Моргентау «ұлттық мүдде» концепциясын жасай отырып, «мүдде» ұғымын билік категориясымен анықтаған еді. Оның пікірінше тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясаты саяси-мәдени шындыққа сүйенуі тиіс. Осы шындық ұлттық мүдденің табиғаты мен мәнін тану қабілетіне ие болуы қажет.
Саяси элитасы ұлт мүддесін ойлай, қорғай білген қоғамның даму жолы айқын әрі сапалы болмақ. Егерде билік мазмұны ұлт мүддесімен сәйкес келсе, онда саяси жүйенің қызметі де оң нәтиже берер еді. Бұл дегеніміз халықтың саяси мәдениет деңгейінің өсуі. Сондықтан да саяси-әлеуметтік институттардың қызметі ондағы терең білімді әрі білікті мамандардың зия­лы істеріне қатысты оң нәтиже береді. Осыған орай мемлекетшілдік сананың тамырын тереңге жаю басты мәселе. Неміс философы Гегель өзінің саяси шығармаларында үкімет қабілетсіз болып, жаман атақты иеленсе, халықтың да жаман атты иемденетіндігін дәлелдеп еді. Демек, мемлекеттің ұлтты субьект дәрежесіне жеткізетін саясатының мәнін зерделеу қажет. Қазақстан халқын дамыту үшін қазақ ұлтының белсенділігін өркениетті тұрғыда арттыру керек. Бұл бұра тарту емес. Кеңес өкіметі кезінде «көпұлтты» мемлекет деген атау санамызға сіңірілді. Кезінде сол үшін мақтанып, оны өзгелерге үлгі еттік. Бұл мәселенің бүгінгі күнге дейін санаға сіңіп қалған ізі бар. Осыған орай тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен тарихи ізімізді обьективті тұрғыда, тарихы таныммен, заман талабына сай зерделеу арқылы «именшік санадан» арылып, ұлттық рухымызды асқақтату ісіне зор үлес қосамыз.
Қазіргі кезеңдегі ұлтты өзіне таныстыру, табыстыру ісінің нәтижесі қаншалықты жеміс беріп жатыр?! Оқығандарымыз көп болғанымен, олардың ұлт игілігіне тигізер пайдасы аз болса, елдік қасиеттің де төмен болатындығы анық. Сондықтан да соңғы жылдары ұлттық рух тақырыбы жиі-жиі қозғалып жүр. Осыған орай ұлттық рухты биіктетудің әдіс-тәсілдерін, тура жолдарын қарастырамыз. Қазақ ұлтының ұлттық рухы тұрғысында пайымдау жасағанда, өзіміздің ұлт зиялыларының осы мәселе тұрғысындағы тұжырымдарына сүйенуіміз шарт. Ахмет Байтұрсынов «Рух ұлы мақсат, ұлы мұрат үстінде керек. Жұрт үшін, көп үшін құрбандыққа шалынуға даяр болған кезіңде сезінесің… рух үшін қымбат дүние – «жұрт қамы, жұрт ісі» деп ұлттық рухтың мазмұнын айқындады. Ал Шәкәрім ғұлама: рух деген дінсіз таза ақыл, мінсіздің ісі шын мақұл. Нәпсі дер рухсыз жандарды» деп ұлттық рухтың мазмұнын мінсіздік проблемасы арқылы ұғындырды. Есті, парасатты, білікті де білімді, бір сөзбен айтқанда тектілік (бұл жерде азаматтың жеке басының тектілігін айтып отырмыз – автор) келбеті жоғары адамды рухы биік тұлға дейміз. Рухани жетілген жан ғана адамдық борышын орындайды. Ахмет Байтұр­сыновтың сөзімен айтсақ: мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық іс.
Ұлттық рух адам бойына ұлттық дәстүрмен, ұлттық мәдениетпен, бір сөзбен айтқанда ұлттық тарихпен сіңеді. Астана ұлттық рухтың көрінісі болуы тиіс. Түйіндеп айтқанда, ұлттық идеямен қаруланған, кісілік келбетті иемденген тұлғалар қатары артқан сайын Астана келбеті де шырайлана түспек. Мемлекеттілікті дамыту жұрт болып жұмыла атқаратын іс екендігін Алаш зиялылары өткен ғасыр басында-ақ ұғындырып кеткен-ді.

http://anatili.kz/?p=14735