АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Астанада бір көшенің өзі қазақша қателерге тұнып тұр

Осыдан тура үш апта бұрын, нақтылап айтсақ, сәуірдің 25-і күні «Ономастика мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енген болатын. Аталған құжатқа сәйкес, сыртқы жарнамаларда қате табылса, кәсіп­кер­­лер 10-50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 17-86 мың теңгеден астам айып­пұл төлеуге міндеттеледі. Алайда Президенттің өзі қол қойған заң­ды орындап жатқан бизнесмендер жоқ. Қазақ тіліндегі жарнама сөз­дері мен атауларда жіберілген өрескел қателер бәз-баяғы қалпын­да көшелер мен сауда орындарында көздің «жауын» алып тұр. Астана­д­а­ғы бір Шоқан Уәлиханов көшесінің өзінде мұндай қателерден көз тұнады.

Осы көшенің бойында тұрған үйлердің бірінде қазақ халқының біртуар азаматы, ғалым-этнограф Шоқан Уәлихановтың суреті салынған тақтайша да бар. Оны көргенде ел үшін, жер үшін, қазақ хал­қының тілі үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Алайда тура сол үйден қазақ тіліндегі сансыз жарнама қателері бас­талады. Оның ішінде киім-кешекті өлшеп сататын бір дүкен бар. Халық соны білсін деп, дүкен иелері көшенің сыртына«Сал­макка киім» деген жарнама іліп қойыпты. Сірә, киім-кешегінің салмағын өлшеп, келі­леп сататын болуы керек.

Көшенің қақ ортасында «Тұлпар» сауда кешіні бар. «Неге «кешіні?» дейсіз ғой. Себебі ғимараттың кіреберісінде тура солай жазылған, тіпті орталықтың ішінде орналасқан бейнеэкрандарда да «сауда кешінінің» қате жарнамасы айғайлап тұр. Сосын біз осы жердегі тағы бір жазуды тү­сін­бей қалдық. Бір тақтайшаға «Жол үстіне кө­лікті тұраққа қоюға тыйым салынған» деп жазып қойыпты. Сонда автожүргізу­шілер көлікті жол үстіне де, тұраққа да қоя ал­май ма? Жоқ, әлде нақты жол үстіне тұ­рақ­қа қоюға тыйым салынған ба? Түсінсек бұйыр­масын. Бәлкім, жолдың бойында кө­лікті қалдыруға болмас. Орыс тіліндегі нұсқасы соны айтып тұр.

Ал көпқабатты бір үйдің төбесінде орналасқан дардай бір жазудың қазақ ті­ліндегі жарнама екенін тек «қ» деген әрпі­нен ғана білуге болады. Құдды бір, орыс­тың «Поле чудес» телебағдарламасының қа­тысушысы секілді, жетпей тұрған әріптер­ді ойша іздейсің. Сосын барып: «А, таптым, таптым!» – дейсің, «Құрылыс корпорация­сы» деген сөз жасырылыпты.

Шыны керек, бүгінде бәріміз де ана тілімізде жазылған осындай жарнамалар­ды сканворд-кроссворд шешкендей оқуға мәжбүрміз. Қазақ тіліндегі жарнаманы мұндай күйге жеткізген Астананың ірі құ­рылыс компаниясының мемлекеттік тілге де­ген көзқарасын осыдан-ақ байқауға бола­д­ы.

«Мехколонна-56» кәсіпорнының да тіл­ге деген құрметі аса байқалмайды. Кә­сіп­орын басшылығының «вентиляцияны» «ауаны жаңарту» деп қойғаны былай тұр­сын, «құрылыстану» деген жаңа терминді тап­қаны қызық. Біз «абайтану», «дүниета­ну» сияқты сөздерді білеміз. Бірақ «проек­ти­рование» деген сөзді «құрылыстану» деп аударып көрген емеспіз. Шамасы, бұл жарнаманы жасаған кезде, олар орысша-қазақша сөздікке де қарамаған. Соның сал­дарынан «жобалау» жұмысы «құры­лыс­тануға» айналып шыға келді.

Міне, жоғарыда көрсетілген жарнама қателерінің бәрі де тек бір көшенің бо­йында ғана табылды. Одан тыс жерге шық­саң, одан да сұмдық жайттерге тап боласың. Мәселен, кейбір астаналық кә­сіп­кер­лер әлі күнге дейін «дүкен» деген қарапайым сөзді жаза алмай жүр. Оның орнына «дукен» немесе «дукені» деп қоя салады. Ал Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі 30-үйде орналасқан «Аю» атты дүкеннің маңдайшасында ол да жоқ. «Дү» және «і» әріптері ғана тұрғалы біраз болды. Ал орыс тіліндегі «магазин» деген сөздің жеті әрпі сап-сау тұр.

 

 

Негізі, елорданы ерінбей араласаң, бұ­дан да сорақы әрі күлкілі жарнамаларды кездестіруге болады. Осыдан бірталай уа­қыт бұрын Бөгенбай даңғылы мен Әуезов кө­шесі қиылысында әлемге әйгілі бір брендтің «Сеть свадебных салонов» деген дүкені ашылған болатын. Бас кезінде олар бұл сөз тіркесінің қазақ тіліндегі аударма­сын былай деп жазды: «Үйлену тойы салондарының ауы». Иә, дәл солай, «сеть» деген сөзді «ау» деп бадырайтып қойған, тіпті диодтық жарықпен жасатып, күні-түні жарқыратып қойған кездері болды. Қазір ол жазу басқаша, «Тойдын салонының желісі» болып өзгертілді. Бірақ мұнда да әріп қатесімен қатар, сөйлем құрылымы­ның да бұрыс екенін байқау қиын емес. Оны «Үйлену тойы салондарының желісі», ал бір қатарға сыймаса, «Той салон­дарының желісі» деп те беруге болады ғой. Сол сияқ­ты, Оңтүстік-Шығыс шағын ауда­нында орналасқан бір дәмхананың иесі «живая музыканы» қазақшалап, «тірі әуен» деп көше бойындағы маңдайшаға шығарып қойды.

Бір өкініштісі сол, бүгінде жарнама қателерін түзетуді көздейтін заң қабыл­данса да, «сауатсыз» кәсіпкерлерді жаза­лау­дың нақты тетігі әлі жоқ.

 

 

Светлана СҮЛЕЙМЕНОВА, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының ономастика жұмысы бойынша бөлім меңгерушісі: 

– Шыны керек, заң қабылданса да, оны іске асыру тетіктері, яғни жарнама қателерін түзетуге міндеттейтін шаралар әлі де қарастырылмаған. Бізге жоғары жақтан бір нұсқау түсуі керек. Әзірше қате жарнама үшін жазалап, айыппұл салу туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Негізі, бұл жұмыс прокуратура арқылы жүргізіледі. Біз тиісті хатпен бірге тексеріс жоспарын жіберіп қойдық. Бірақ оның алда қалай болатыны белгісіз. Былайша айтқанда, Үкімет бізге қате жарнамалар үшін айыппұл салуға рұқсат беруі керек. Сонда ғана біз оның барлығын өзгерте аламыз. Бұған дейін біз жарнама қателерін заңсыз тек­серіп, түзетуге кеңес беріп көрдік. Кәсіп­кер­лер «өзім би, өзім қожамын» деген сыңай тан­ытып, қолды сілтей салатын. Ондай адамдарға біз не істей аламыз? Қолымызда нақты жазалау құқығы да жоқ қой. 

 

Тақырыпқа тұздық

Таяуда төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 62 өрт сөндірушінің қосымша жұмыс істеп, нан тапқаны үшін жұмыстан шығары­луы­на байланысты «Заңның аты – заң. Ал заң орындалу керек» деген еді міз бақпай. Сол айтпақшы, жарна­ма қателерін түзететін заң да неге тура солай орындалмайды? Мәселе қазақ тіліне келгенде неге «заңның аты – заң, орындалуы тиіс!» дей ал­маймыз? Неліктен майырылып қала береміз?

Автор: Арман АСҚАР

http://alashainasy.kz