АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Астанада студенттік дүкен ашылды

Осы уақытқа дейін студент жастардың қоғамдық көлікте жүру ақы­сын төмендету, университет жанындағы буфет-асханалардың бағасын ар­­зандату сияқты мәселелер талай

рет көтерілді. Алайда оған қатысты жо­ға­ры оқу орындарының басшылығы, тіпті министрліктің өзі ләм-мим деген жоқ. Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті болса «сту­дент­тік» мәселелерді өз күшімен шешуге кірісті. Бүгінде ол жерде арзан ас­хана жұмыс істейді. Ал күні кеше студенттер үшін әлеуметтік дүкен ашыл­ды.

Негізі, Астанадағы Сәкен Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универси­те­тінің оң бастамалары көп. Соның арқа­сында бұл жерде нағыз «студенттік өмір» барынша сезіледі. Мәселен, бұған дейін университеттің №5 жатақханасы жанынан студенттік асхана ашылған болатын. Ондағы бір түскі астың бағасы – 250 (!) теңге. Оның ішінде екі ыстық тамақ пен шай-пай бар. «Шіркін-ай, не деген молшы­лық!», – дейсің. Бүгінде ол жерге универси­тет сту­денттері ғана емес, жақын маңайда жұмыс істей­тін қарапайым қызметкерлер де көп­теп келеді. Ал күні кеше №4 жатақха­нада «Студент» атты әлеуметтік дүкен ашыл­­ды. Бұл дүкеннің ерекшелігі сол – бар­­лық тауар­лардың құны нарықтық баға­дан төмен. «Ол қалай?», – дейсіз ғой. Уни­вер­си­тет бас­шылығы жеке кәсіпкерге жа­­тақ­хананың бірінші қабатынан бір бөл­мені тегін беріп отыр. Ай сайын коммунал­дық шығындарды төлеп отырса болғаны. Осы­ның арқасында студенттерге азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сатуға мүм­кіндік бар.

Айжан БӨЛЕГЕНОВА, жеке кәсіпкер:

– Бізде нанның бағасы – 45 теңге, студенттер жиі алатын «Роллтон» мен «Биг-бон» сияқты тауарлардың нарықтық баға­сы 37-65 теңге болса, біздің дүкенімізде «Рол­лтон» – 33, ал «Биг-бондар» 55 теңге тұра­ды. Бұдан басқа, тұшпарамыз – 220-260 теңге, бір лимонның бағасы – 45 тең­ге, сусын мен шырындардың да бағасы арзан.

Қазақ агротехникалық университеті осы­мен тоқтамайтын сыңайлы. Алдағы уақытта бұл жерде әлеуметтік емхана және дәріхана ашу жоспарда бар.

Бауыржан ИМАНҒАЛИЕВ, ҚазАТУ тәрбие ісі жөніндегі департаментінің директоры:

– Университет ректоры Денсаулық сақтау министрлігіне жеке өзі шығып, студенттік емхана ашу мәселесін көтерді. Қазіргі кезде министрлік тарапынан қолдау бар. Біз өз кезегімізде емханаға қажетті жағ­дай жасап, құрал-жабдықтармен қам­та­ма­сыз етеміз. Содан соң дәрігерлерді шақыр­тамыз. Олардың ішінде терапевт, невро­патолог, уролог сияқты сегіз маман бола­ды. Оған қоса, бізде әлеуметтік дәрі­хана ашылады. Кәсіпкерлермен келісе оты­рып, біз дәрі-дәрмектердің бағасын да ретте­мек ойдамыз. Шыны керек, студенттер қатты қуанып жүр. Өз пікірлерін ректордың блогына жазып, алғыстарын білдіріп жа­тыр.

Автор: Арман АСҚАР, Астана

Алаш айнасы