АЛТЫНОРДА
Новости

Астанаға кіл мықтылар келді

Кеше Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде бокстан «Төрттік турнирінің» жалауы желбіреді. Бұл жолғы бәсекеде Қазақстан, Өзбекстан, Украина және Әзірбайжанның ұлттық құрамалары бақ сынасуда. Жарыс қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында барлық команданың бас бапкерлері Арқа төрінде ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада тек бас жүлдені олжалауды ғана көздеп отырғандарын жасырмады.

 

«Төрттік турнирінде» күш сынасатын боксшылардың тізіміне көз жүгіртсек, солардың қатарынан кіл мықтыларды ғана кезіктіреміз. Бұл ретте тек Украи­наның бапкерлері ғана бір бармақтарын іштеріне бүгіп қалғанын байқау қиын емес. 2011 жылғы әлем чемпионатының ко­мандалық есебінде бас жүлдені олжа­лап, былтыр өткен Олимпиада ойын­да­рында толағай табысқа қол жеткізген аталмыш мемлекеттің мамандары сол жұлдыздар арасынан Евгений Хитровты ғана қатарға қосқан екен. Ол Бакуде әлем чемпионы атанған болатын. Ал Василий Ломаченко, Тарас Шелестюк, Александр Усик, Денис Беренчук сынды саңлақтар Астанадағы турнирде бой көрсеткен жоқ. Десек те, оған қарап Украина осал деп айта алмаймыз. Жоғарыда есімі аталған Евге­ний Хитровтан (75 келі) бөлек, жастар арас­ындағы әлем чемпионы Олег Нек­людов (64 келі) бар. Және де Назар Курот­чин (49 келі), Александр Шепелюк (52 келі), Олег Прудкий (56 келі), Павел Ищенко (60 келі), Дмитрий Черняк (64 келі), Денис Лазарев пен Богдан Шелес­тюк (69 келі), Александр Ганзуля мен Иван Нестеренко (81 келі), Арсен Азизов (91 келі) және Владимир Кацук (+91 келі) секілді былғары қолғап шеберлері қазір бабында. Олардың барлығы да – Украина чемпионатында жеңімпаз атанып, жүлдеге қол созған сақа спортшылар.

Әзірбайжан құрамасының басты жұлдызы, әрине, Тимур Мамадов. 91 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Қап тауының нар тұлғалы жігіті 2011 жылы Еуропа чемпионы және әлем чем­пионатының күміс жүлдегері атанды. 2012 жылы Олимпиада ойындарында қола медальді мойнына ілді. Дүниежүзілік додада жүлде алған Самир Мамедов (56 келі) пен Гейбатулла Гаджиалиевтің (64 келі) қарқыны күшті. Олардан бөлек, Әзірбайжанның ішкі біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері – Му­на­сиб Мамедов (49 келі), Абдурахман Ши­ри­нов пен Камран Меликов (52 келі), Илкин Агаев (56 келі), Элвин Исаев пен Шабан Шахпалангов (60 келі), Темірлан Абдоллаев (69 келі), Султан Мигитдинов пен Эмиль Ахмедов (75 келі), Рауф Рахи­мов (81 келі), Камран Мехтиев пен Асхаб Абдулхаликов (+91 келi) шаршы алаңға шығады.

Түрлі желеуді алға тартып, Қазақстанда өтетін жарыстарда сирек бой көрсетіп жүрген «өз ағаларымыз» бұл жолғы бәсе­кеге кіл мықтыларын үкілеп қосты. Аста­на­дағы жарыстағы өзбектердің басты «сар­базы» – 81 келі салмақтағы Елшод Ра­сулов. Ол Азия ойындары мен Азия чем­пионатында екі мәрте топ жарып, екі рет әлем чемпионаттарында жүлде алды. 2011 жылы Бакудегі доданың жартылай финалында Елдош біздің Әділбек Ния­зымбетовтен жеңілгені жанкүйерлердің есінде. Жастар және әскерилер арасын­дағы әлем біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары тағы бар. Лондон Олимпиа­да­сының ашылу салтанатында ол Өзбек­стан­ның туын ұстап шықты. Бір сөзбен айтсақ, 27 жастағы Расулов – талай сы­нақтан сүрінбей өткен дүлей күш иесі.

Әлем және Азия чемпионаттарында алдына жан салмаған және жүлдегерлер санатына қосылған Жасур Латипов (52 келі), Санжарбек Рахманов (64 келі), Шух­рат Абдоллаев (75 келі), Сардор Абдол­лаев (+91 келі) және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Азия ойын­дарының күміс жүлдегері Ұқтамжан Рахмоновтың (69 келі) да бабы керемет көрінеді.

Қарсылас командалар кіл мықты­лар­ға арқа сүйеп отырғанда, жарыс қожайын­дары да қарап қалсын ба. Қазақстан құ­рамасы­ның бас бапкері Мырзағали Айтжановтың сенім артқан 10 шәкіртінің дені чемпионатында топ жарған оғы­лан­дар. Айтулы маман тек 81 және +91 келі салмақтарда ғана былтыр Астанада өткен додаға қатыспаған боксшыларды қосқан екен. Десек те, жанкүйерлердің барлығы да Айтжанов мырзаның бұл шешімiн оңды деп тапты. Себебі олардың екеуінің де есімі төрткүл дүниеге мәшһүр. Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко 2011 жыл­ғы Бакудегі әлем чемпионаты мен 2012 жыл­ғы Лондондағы Олимпиада ойын­да­рын­да атой салып, жеңіс тұғырына көте­рілді.

Өзге боксшыларымыз жайында айтар болсақ, 49 келі салмақта әлем чемпионаты, әлем кубогы және Азия ойындарында жүлде алған Біржан Жақыпов күш сы­нас­ты. Ұлттық құрама сапындағы ең «қарт» спортшыға сенім артылуы да тегін емес. Бүгінгі таңда аса жеңіл салмақта Біржан­ның алдын орайтын ешкім жоқ. Былтыр Олимпиада ойындарына қатысып, үлкен тәжiрибе мектебінен өткен Ілияс Сү­лейменов 52 келі салмақта ел намысын қорғады. 56 келі салмақта Қайрат Ерәлиев жұдырықтасты. Ол былтыр ел чемпиона­тын­да қарсылас шақ келтірмеді. 60 келі салмақта Берік Әбдірахмановқа сенім артылды. 64 келі салмақта Мерей Ақшалов өз өнерін ортаға салды. Бұл боксшылардың үшеуі де көптен бері көлеңкеде жүріп, жуырда ғана ұлттық құраманың сапына ілікті. 69 келі салмақта Данияр Елеусінов шеберлік байқасуда. Бозбала шағында-ақ білікті бапкерлердің назарына іліккен ол талай байрақты бәсекеде дара шықты. Алайда аса маңызды қос жарыс – Олимпиада мен әлем чемпионаттарында бағы жанбай жүр. Бәлкім, осы жарыс Данияр үшін ұлы жеңістердің алтын бас­тауы болар.

75 келі салмақта Жәнібек Әлімханұлы рингке шықты. Күні кешегіге дейін есімі көпшілік үшін беймәлім болып келген бұл жігіт Астанадағы ел чемпионатында жасындай жарқылдап, жанкүйерлер жүрегін бірден жаулап алды. Қарсы кел­ген­дердің барлығын қоғадай жапырып, тіптен өте тәжірибелі Рустам Сыбайдың өзін ауыр соққылардың астына алды. Нәти­жесінде алтын тұғырға көтерілген Жәнібек ұлттық құрама сапына қабыл­данды. 91 келі салмақта Антон Пинчук күш сынасуда. Міне, Қазақ елі осындай өрендеріне арқа сүйеп отыр.

 

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

http://www.aikyn.kz