АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Асхат Садырбай. “Кейбір жұлдыздың жұртқа сөзінен гөрі жүзі ұнайды…”

асхат

Қазақ телевизиясының бүгінгі жай-күйі қандай? Шоу бағдарламалар көбейіп, қоғамдағы негізгі мәселелер тасада қалып кеткен жоқ па?

Қазақ телевизиясының жай-күйін көзі қарақты көрермен, сіз жақсы білесіз ғой. Қоғамдағы негізгі мәселелерді талқылайтын бағдарламалар да жетерлік, бірақ оны әріптестер көрермен көретіндей қызық етіп дайындаса тасада қалмайды ғой.

Өзіңіз қызмет жасап жүрген Еларна телеарнасы хабар тарату жағынан нешінші орында деп ойлайсыз?

Оның  нақты нәтижесін білмедім, бірақ рейтингтің соңғы нәтижелеріне көз жүгіртсек, түрлі тақырыптағы қызықты бағдарламалар жағынан ЕлАрна бірінші орында тұр.

Журналист ретінде біздің телевизияға қандай тың дүниелер жетіспейді? Қазақ телевизия саласына сіз қандай жаңалық әкелдім деп ойлайсыз?

Әзірге бұл сұраққа жауап беру қиынырақ, ал қазақ телевизиясына жаңалық әкелдім бе, әкелсем оны жұрт қалай қабылдады, бұны көрерменнен сұрасақ сол жауап дұрысырақ болатын сияқты.

Жақында жаңа жоба Туған өлке бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жобаның негізгі мақсаты қандай?

Негізгі мақсаты танымал тұлғалар мен елдің еркелерін көрерменге жақынырақ, басқа қырынан таныстыру. Олардың туған ауылын, шыққан жерін, өскен ортасы мен жақындарын көрсету. Кейіпкердің көзімен өткен күнге шолу жасап, бүгінгімен салыстыру, ғибратты мол дүние жасау, ауыл балаларының қиялына қанат бітіру.

Жалпы қазір журнал ашқыштар көбейіп жатыр, сіздің ойыңызша бұл БАҚ-тың сапасына кері әсерін тигізе ме, әлде бәсекелестікті дамыту арқылы жағымды әсер ете ме?

Меніңше бәсекелестік көбейген сайын сапа арта түседі, бірақ сапалы журнал шығарудың біздің елімізде пайдасынан гөрі шығыны көп.

Журналисттік білімі жоқ бола тұра, тележүргізуші болып жүрген өнер жұлдыздарына қатысты ойыңыз…

419530701

Көрермен талғап көреді, білімі бар жүргізуші мен білімі жоқ жүргізушіні айыру қиын емес. Ал кейбір жұлдыздың жұртқа сөзінен гөрі жүзі ұнайды, сондықтан талғамға талас жоқ, әдемілік бізге көптік етпейді.

Телеарналар не үшін өнер адамдарын жүргізушілікке шақырады, рейтинг көтеру үшін бе, әлде талантты журналисттер жетіспей ме?

Әр арнаның, әр продюсердің ойлаған өз мақсаты бар, сондықтан басқа арналар мен басқа бағдарламалар үшін жауап бере алмаймын. Өз басыма келер болсам «Жарайсың» бағдарламасына «Дауыс интернешнл» тобының әншісі Жадыраны жүргізуші ретінде шақырдық, өйткені бізге Жадыра секілді қылықты сылқым ару керек болды.

21-ғасырдың өнеріндегі (әлем бойынша) сіз мойындайтын үш тұлға?

Селин Дион, Мұхаммед Әли, Нұрсұлтан Назарбаев, Стив Джобс

Қазақстандағы шоу бизнес көңіліңізден шыға ма?

Отандық шоу бизнес шама шарқы жеткенше дамып жатыр.

Ер азамат ретінде қазіргі қазақ жігіттерінің киім киісі, жүріс-тұрысына не айтар едіңіз? Қыздардан артық опа-далап қолданып кеткен жоқ па?

Бізге, кейбір әншілерге түсірілім кезінде грим жағады. Көшеде әзірге достарымның арасынан боянып шығатын жігіт көрген жоқпын. Жалпы көшеге боянып шығу бізге жат.

Қоғамда сізді мезі еткен мәселе?

Мезі еткен деу дұрыс болмас, бірақ көп жердегі қате аудармалар мен қате қазақшалар көңілге тиеді.

Әлеуметтік желілердің БАҚ-қа қандай пайдасы бар?

Әрине бар. Ақпаратты жылдам алмасу, өзекті тақырыптарға тұздық, шынайы пікір, ой сияқты дүниелерді алуға болады.

Сұхбат барысында сізге ең жиі қойылатын сұрақ?

Менен жиі сұхбат алмайды ғой. Анда-санда фейсбуктен, басқа жерлерден оқып, шаршайтын бір әңгіме бар. Неге біздің арналар басқа елден өнім алады деген. Оны біз ғана емес, бүкіл дамыған, дамып кеткен ел қолданады.

Ар-айна сайтына тілегіңіз…

Жазғандарыңыз шынайы, қызықты, өзекті ақпарат болсын! Өркендей берсін!

Шынайы сұхбатыңызға көп рахмет! Қазақ телевизия саласында ойып тұрып орын алатын тұлға болып қалыптасуыңызға тілекшіміз. 

Лариса Жұмай, ar-aina.kz