АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АТА-БАБА РУХЫНА АРНАҒАН ӘНІМ ЖЕҢІС ӘКЕЛДІ

4545761613265989497Жанар ДҰҒАЛОВА, әнші, актриса, «Turkvizyon–2014» ән байқауының жеңімпазы: Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық «Turkvizyon–2014» ән бай­қауын­да Қазақстан атынан қатысқан Жанар Д­ұ­ғалова жеңіске жетті. Осынау тарихи оқиғаға дүйім жұрт тікелей эфир арқылы куә болды. Ал жексенбі күні Жанар продюсері Баян Есен­таевамен және Астана қаласы әкімдігі мә­дениет басқармасының басшысы Болат Ма­жағұловпен бірге БАҚ өкілдеріне арнап бас­пасөз мәслихатын өткізді.

«Түркі әлемінде өткен дүбірлі додада ба­ғымыз жанды. Қуанышпен, жеңіспен орал­дық. Әнші ретінде, елімнің патриоты ретінде мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сайыста елі­міздің беделі мен абыройын асқақтатуға ба­рымды салдым. Ата-бабамның рухына ар­нап шығарған әнім жеңіс әкелді» деді әнші ағы­нан жарылып. Жанардың бағын ашқан «Ізін көрем» әнінің сөзін жазған – айтыскер ақын Ринат Зайытов. Бұл ән күллі түркі дү­ние­сін дүр сілкіндірген шығармаға айналды десе болады. Өйткені ән орындалып болған соң, әннің не туралы екенін Жанардан келіп сұраушылар аз болмапты.

Жанардың продюсері Баян Есентаева да осындай күйді бастан кешкенін жасырмады. Ол өзі Қазан қаласына  тек жеңіспен оралу үшін барғандарын айтады.

«Бүкіл ел бізден тек жеңіс күтетінін жақсы түсіндім. Сахнада қалай ән салғанын көр­діңіздер. Мен сахна сыртында емес, әдейілеп залға барып отырдым. Сол сәттегі әсерді өз ба­сымнан өткіздім, залдағы көрермендер қан­дай көңіл күйде отырғанын сезіндім. Бұл бір ғажайып сәт болды. Жанар Көк туымызды көкке көтергенде, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп кетті. Бізді қолдаған қазақстан­дық­тар­ға үлкен рақмет айтқым келеді» деді  Б.Есентаева.

Жанардың айтуынша, ол байқаудың бі­рін­ші күнгі жартылай финалда сахнаға бірін­ші болып шыққанда қиналғанын жасырмады.

«Бірінші күні сахнаға бірінші болып шықтым. Өзім эмоцияға қатты берілетін адам­мын. Осындай үлкен сайысты бірінші бо­лып бастау психологиялық жағынан өте қиын. Қатысушылардан жүрексіндім де­мей­мін,  ел үмітін ақтай алам ба деген ой маза­ла­ды, – деді ағынан жарылып. – Байқауға бір күн қалғанда басымнан кешпеген хикая қал­ған жоқ. Жылап та алдым арасында. Финал бо­латын күннің алдында ұйқы көрген жоқ­пын. Сол түні  анама қоңырау шалдым, «Жас қанат» байқауына қатысқанымда да сахнаға шығу тәртібін анықтайтын жеребе тарту кезінде 1 және 3 санын алып шыққан едім, Қа­занда да сол сандар шықты. Мүмкін, ол Ал­ланың берген белгісі шығар… Анам «солай сен, жеңіс біздікі болады» деді. Мұны мис­тикаға жатқызуға болады» деді күліп.

Біз ырымшыл халықпыз ғой, финалдың шы­мылдығын жапқан түрік әншісі қолына Қа­зақстанның туын ұстап шыққанда да шу ете қалдық. Сөйтсек, Көк туымыз ешкімнің де назарынан тыс қалмапты. Баспасөз мә­лихатында «Ол ту түрік әншісінде қайдан жүр?» де­ген сұрақтың қойылуы да заңды еді. Жауа­бын Болат Мажағұловтан білдік.

«Түрік әншісі сахнаға Жанардың фанат­тары тұрған тұстан шыққанда, қазақ жігіт­терінің бірі қолына біздің туды ұстатып жі­бер­ген, түрік әншісінің туымызды тастап жі­бер­мей сахнаға алып шығуы біздің елге деген құрметін көрсетеді» деді Б.Мажағұлов. Ал  біз оны жақсы ырымға баладық.

Айтқандай, Жанар бұл жеңісіне Тұңғыш Президент күні қарсаңында қол жеткіз­ген­дік­тен,  жеңісін Елбасыға арнайтынын мәлім­де­ді. Әншінің бұл мәлімдемесі сол күні-ақ әлеу­меттік желілерде қызу талқылауға түсіп кет­ті.