Барлық айтатын әндерімнің әуенін өзім жаздым. Жаза беремін де… Ал әуенді өз өмірімде болған оқиғалар, ұмытылмас сәттер негізінде жазамын.
Әли ОҚАПОВ, жас әнші:
– Әли, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жыл жаңалығы» атағын алдың. Қазақ шоу бизнесіне қандай жаңалық алып келдім деп ойлайсың?
– Жалпы «Жыл жаңалығы» деген титул маған қатарынан үш рет бұйырды. Ең алғашқысы 2012 жылы «Саз әлемі» жобасы: атағымен қоса, ақшалай сыйлығы болды. Жобадан кейін сол қаражатқа «Алға» бейнебаянымды түсірдім. Сол себепті бұл байқауға алғысым шексіз. Содан өз шығармашылығыма аса жақын деп есептейтін «ЕМА» байқауында күтпеген жерден жүлде бұйырды. Күтпеген жерден дейтінім, менің «Үздік бейнебаян» номинациясы бойынша жүлдегер атануға үмітім болды. «Алға» бейнебаянына сенім арттым. Оның үстіне басқа номинацияларда бәсеке де жоғары болды. Шараның шарты бойынша 50 пайыз халықтың даусы арқылы, 50 пайыз әділ-қазылар мүшелерінің шешімімен жеңіс берілді. Осыдан кейін 2013 жылы бағыты мүлдем басқа кәсіби «Астана жұлдызы» жүлдесінің «Жыл жаңалығы» номинациясы деген марапатқа ие болдым. Байқау 30-40-қа жуық есімдері жасырын әділқазылардың шешімімен өтті. Кәсіби музыканттарға арналған байқауда марапатқа ие болу да шабытымды шыңдай түсті. Жоғарыда аталған Еуразия музыкалық жүлдесінің «Үздік орындаушы – 2013» номинациясы бойынша да жеңімпаз болдым. Бұл да күтпеген жетістік болды мен үшін.
– Аталған жүлделерді иеленгеннен кейін біраз сынға ұшырадыңыз… Қалай қабылдадыңыз?
– Ол рас. Әсіресе, Еуразия музыкалық жүлдесінің «Үздік орындаушы – 2013» номинациясы бойынша танымал әнші Қайрат Нұртаспен сынға түстім. Халық Қайрат жеңеді деп күткенін мойындаймын және Қайрат осы атаққа лайықты деп санаймын. Бұл номинациядан үмітім аз болды. Дегенмен жеңісті мен алдым. Бірақ халық арасында мүлдем шындыққа келмейтін «Қайраттың «ПраймПлазада» болған келеңсіз оқиғасы болмағанда сөзсіз жеңіске жетер еді», «Қайдан байқау әділ өтеді дейсің?! Халық артисінің баласы болғаннан соң алды жүлдені», тіпті «Қайраттың «ПраймПлазада» болған өкінішті оқиғасын Әли Оқапов әдейі ұйымдастырды» деген өте күлкілі және тағысын тағы қауесеттер әлеуметтік желілерде, ғаламтор беттерінде өріп жүрді. Өзімнің жеке поштама келгендері де болды. Қажет деп санағаныма жауап та бердім. Аталған сындардың көңіл-күйіме әсер еткені рас. Әйтсе де, өмірден безіп, құлазып кеткенім жоқ. Қажет деп санаған сынды қабылдадық. Қайраттан озып кету қауіпті дүние. Жанкүйерлердің маған қарсы ереуілге шығуы да мүмкін еді ғой. Сіздің газет арқылы сыншыларға берер жауабым:
Біріншіден, «ЕМА» музыкалық байқауы тек атақ береді. Атаққа таласып адамгершіліктен аттайтын адам мен емес.
Екіншіден, Қайрат Нұртастың анасы продюсер ретінде барлық жұмысы мен шығармашылығын мақсатты түрде баласына арнаған жан. Оларда бірігіп істелетін жұмыс бар. Ал менің анам қанша жерден халық артисі болғанымен менің шығармашылығыма мүлдем қатысы жоқ. Тіпті анам кейбір бейнебаянымды халықпен бірге көріп жатады. Сол себепті ренжитін кездері де болады.
– Өте танымал әнші болу үшін ән айтып, би билеу жеткілікті ме? Басқа әншілерден ерекшелігім деп нені айтар едіңіз?
– Жоқ, жеткіліксіз. Кез келген артист сегіз қырлы болуы керек. Сол кезде ғана халық күткен шоу жасай аламыз. Ерекшелігім деп кәсіби білімім бар екенін айта аламын. Қазірде аузын ашқанның барлығы бір нота білмей-ақ әнші болып жүр ғой. Олардың қасында әрдайым музыкадан кәсіби білімі бар мамандар жүреді. Кейде екеуара көңілден шығатын жақсы жобалар жасалады. Кейде артист пен композитор, музыкалық продюсер бір-бірімен түсінісе алмай жатады. Мен өз әнімді қалағанымша өзім жазамын. Көңілдегідей шығатын кезі көп. Музыканың негізі классика дейтін болсақ, осы салада білімім бар.
Екіншіден, сахнаға жалғыз шығып бір әнді айтып кете беретін артистер ұнамайды. Тіпті есеп беру концертін дәл сол қалыпта өткізетін әншілер де кездеседі. Сахнаға әр шыққан сайын әртүрлі қимылда би ұйымдастырып, кемінде екі адаммен шығуға тырысамын.
– Әндеріңіз қалай жазылады?
– Барлық айтатын әндерімнің әуенін өзім жаздым. Жаза беремін де… Ал әуенді өз өмірімде болған оқиғалар, ұмытылмас сәттер негізінде жазамын. Сөзін ақын аға-бауырларымызға әуеннің мазмұнын түсіндіру арқылы жаздырамын. Анамның айтатыны бар: «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Қолымнан келетін музыканы жазу, өңдеу жұмыстарын өзім жасаймын. Қалған жұмысты қажет саланың мамандарына тапсырамын. Әрдайым үйлесім тауып жатады.
– Жақында «Жыл студенті» титулында алып үлгердіңіз. Қандай әсерде болдыңыз?
– Әрине, күтпедім. Себебі көпшілік менің студент екенімді де білмейді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының эстрадалық вокал мамандығы бойынша 4-курс студентімін. Ұстазым Толқын Забирова. Алла қаласа емтиханды сәтті тапсырсам биыл бітіремін. Қазір сол сынақтарды тапсырып жатырмын.
Бір күні ұялы телефоныма қоңырау шалынды. Астана қаласында үздік студенттерді марапаттау рәсімі өтетінін айтып, мені қонақ ретінде шақырды. Жас студент – ол менің тыңдарманым. Ол жақта жастар жақсы қабылдайтынын білдім. Сол себепті қолдау көрсетуге келістім. Содан «Үздік» студенттерді әртүрлі номинация бойынша марапаттау жиыны болып жатты. Үздіктердің қатары біткен уақытта «Студенттер ассоциациясының» төрайымы шығып құттықтау сөзін сөйледі. Сосын «Жыл студентінің» есімін жариялайық» деді де менің есімімді атады. Күтпедім, бірақ қуандым.
– Анаңыздың арманы сіздің жоғары дәрежелі пианист болғаныңыз екен… Бұл салаға бару ойыңызда болды ма?
– Ол рас. Бұл арманының негізі – әкемнің жолымен жүрсе дегенінде болу керек. Әр музыканттың өз аспабы болады. Мен музыкада пианиноны таңдадым. Бұл салада орта білімім бар. Анам тек пианист емес дирижер, музыкалық продюсер, жоба жетекшісі сынды саланың маманы болғанымды қалады. Себебі әкем аталған салалардың бәрін меңгерді. Тасқын Оқапов – мен үшін қазақтан шыққан тұңғыш продюсер. Көзі тірісінде «Арай», «А-студио», «Роза Рымбаева» және тағы басқа есімі әлі күнге ел есінде жүрген тарихи жобалар жасап кетті. Әлі де жасар ма еді…
Бірде 17-18 жасымда анама эстрадаға барғым келетінін айттым. Таңдауымды қолдады. Себебі өмір өзімдікі ғой. Бірақ кезкелген дүние болашақтың еншісінде. Әртүрлі өзгерістер болуы да.
– Эстраданы таңдағаныңыз үшін өкінген сәттер болды ма?
– Әртүрлі сынды естігенде өкінетін сәттер болады. Әсіресе, «неге батыстың стиліндегі әнді көшіріп айтады?», «Қазақ баласы ғой, қазақ әнін неге айтпасқа?» деген пікірлерді естігенде, «халық мені түсінбесе, бұл салада не істеп жүрмін?» деп ойланам. Менің орындауымда Шәкәрім Құдайбердінің «Еңлік-Кебек» дейтін қазақы әні бар. Бірақ дәл осы стиліммен де жақсы көретін тыңдармандардың демеуін көргенде қайта шабыт аламын. Ең бастысы, өзіме ұнайды. Эстрада мен үшін мәңгілікке таңдалған сала. Себебі дүние есігін ашқаннан сахнаның иісін сезіп өстім. Бірақ Тәңір мен табиғат маған ерекше қуатты дауыс берген жоқ. Роза Рымбаеваның талантына бұйырған бақ менде жоқ. Сол себепті де келешекте өзімді әншілігіммен бірге музыкалық продюсер ретінде көремін. Әрине, бұл дүние уақыт еншісінде.
– Әншіліктен басқа қандай мамандық таңдайтын едіңіз…
– Еш ойланбастан әскери мамандықты таңдар едім. Бұл саланы ерекше құрметтеймін. «Алға» бейнебаянымның әскери-патриоттық бағытта болуының себебі де сол. Бала күнгі арманым. Денсаулығымның жарамағаны себепті екі рет әскери тексеруден өте алмадым. Мені қабылдамады.
– Сіздің «Алға» деп аталатын патриоттық жанрдағы бейнебаяныңызды халық жақсы қабылдады. Бұл жанрда басқа бейнебаян жасау жоспарда бар ма?
– Тыңдарманға ерекше рух беретін патриоттық бейнебаян жасағым келгені рас. Барлығының шынайы болғанын қаладым. Сол мақсатта «Алға» клипін жасадық. Талдықорғанның әскери базасына үш ай көлемінде хат жазып жүріп рұқсат алдық. Киген киімдеріміз, бейнеде көрсетілген әскери көліктердің барлығы шын болды. Тіпті клипте билеген сәтімде аяғымнан шыққан отты да графиканың көмегімен емес, бәтіңкеге мата орап, оған солярка майын құйып, отты тұтаттық. Аяғым күйіп қалмау үшін 30 секунд қана билеуім керек болды. Қасымызда өрт сөндіруші қызметкерлер көмек көрсетті.
Қазір патриоттық жанрда түсірілетін бейнебаяндар көбейіп кетті. Бұл тақырыпта шыны мен жалғаны аралас әндер де жазылып жатыр. Мысалы, «Алашұлы» тобы, Ерболат Құдайберген, «Ұлытау» сынды артистердің патриоттық бағытта айтылған әндеріне тыңдарман ретінде сенемін. Менің рухымды көтеретіні рас. Ал атын атамай-ақ қояйын, кейбір әншілердің осы бағытта жасаған дүниелерін қабылдай алмаймын. Сол себепті патриоттық жанрда тағы бейнебаян жасау жоспары кейінге қалды.
– Әлеуметтік желілерден байқаймыз басқа қалаларда, шет мемлекеттерде концерт беріп жүрсіз. Бұл арнайы шақырту ма, жеке концерт пе?
– Екеуі де. Арнайы шараларға қонақ ретінде шақыртып жатады. Әрдайым баруға тырысамын. Кейде өзге қаланың арнайы ұйымдастырушылары жеке концерт беруге шақырады. Сол себепті жеке концертім болатын кездер де кездеседі. Журналистер «Алматы немесе Астана қалаларында неге концерт бермейсіз, өзге қалада беріп жүрсіз ғой?» деген сұрақтарды көп қояды. Бұл қалаларда концерт өткізуге әлі дайын емеспін. Әлі де қалыптасуым қажет. Концерт беру жақын жоспарда бар деп айту қиын. Себебі үлкен дайындық керек.
– Ерболат Беделхан, Луинамен дуэт шығару жоспарда бар деген болатынсыз. Жоспар орындалды ма?
– Орындалу барысында. Луинамен қазақ тілінде ән жаздық. Қазір өңделіп жатыр. Ерболат Беделханмен дуэт жазу туралы келісім бар. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты ән жазу жағы кейінге қалдырылуда. Міндетті түрде жазамыз және жақын арада сіздер де тыңдайсыздар деп ойлаймын.
– Хоббиің қандай?
– Әуен жазу, ән айту, бейнебаян түсіру жаныма рақат сыйлайды. Ал қарапайым қазақтың қарадомалақ баласы ретінде атпен шабуды жақсы көремін.
– Әли, өзіңіз қатарлас жастар арасында әндеріңіз сұранысқа ие. Бұған дейін жасаған біраз дүниелеріңізбен таныспыз. Болашақ жоспарларыңызды білсек?
– Ең маңызды жоспарым – алғашқы үнтаспамды жарыққа шығарамын. «Музыка» немесе «Арманға» деген атаумен шығуы мүмкін. Әзірге таңдалып жатыр. Кем дегенде он бес ән кіреді. Қазіргі уақытта 37 авторлық әнім бар. Солардың ішінен таңдаулы деген үздік он бес ән үнтаспаға енеді.
Музыкалық продюсер болуды бастаймын. Мен таңдаған артистің аты әзірге құпия. Қазір Әли Оқапов есімді әншінің продюсерімін. Осы саланы бастау арқылы да әкеме бір қадам жақындай түсетін сияқтымын. Музыкалық білімім бар, эстрада да жүрмін, қолымнан келеді деп сенемін.
– Қыздар хатты көп жазатын болар?
– Иә, өте көп жазады. Басында әрқайсысына жауап жазуға тырысатынмын. Қазір игеру мүмкін емес. Уақыт та жоқ. Оның үстіне хаттар бір мазмұнда болады. Жауап жазбағаныма ренішін білдірген хаттар да келеді. Қанша жерден ренжіп жатса да, өкінішке қарай, жауап жаза алмаймын.
– Демек, сүйіктің бар ғой…
– Жоқ, мәселе сүйгенімде емес. Онда мазмұны ұқсас хаттарға «Айқын» газеті арқылы жауап берейін. Құрметті қыздар, Баян Есентаеваның күйеубала туралы айтқаны тек қалжың. Оның қызы Айсәулемен тек достық қарым-қатынастамыз. Сүйіктімді әлі кездестірмедім. Отбасын құру да жоспарда жоқ. Анам үйге келін түсір деп асықтырып жатқан жоқ. Біреуге ессіз ғашық болып, аяқ-асты үйленіп кетпесем, отау құру мәселесі алдағы уақыттың еншісінде.
Айдана НҰРМҰХАН
Айкын газетi