«Жеті ата» – біздің дәстүр. Халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білу болып саналған.
Ата-бабамыз «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Ата-тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді өсиет, аманат етіп айтып кеткен.
Қазақ халқында ата жолын ұстанып, ата отын сөндірмей, ата батасынсыз қадам баспаған, ата сөзін екі етпеген, ардақтап силай білген ұлдарының тәрбиесі түзу болған. От басында жарық дүниеге ұл келген күннен бастап әр ата қуанышы қойнына сыймай:«артымда із қалатын болды, ата жолын қуатын болды», – деп қуанған.
Ер бала ес біле бастағаннан тәрбиесімен айналысып,өмірдің жақсы-жаман тұстарын, жеті атасының елге жасаған ерлігін айтып, ар, намыс, адалдық, достық, сабырлылықты үйрете білген.Тектілікті ту еткен ел болғандықтан, тегін үйретіп, ұлдарына жеті атасын жаттатқан.
Қазіргі кезде жеті атамызды көп сұрап, тегімізді тарқатып айтпасақ та, білгеніміз дұрыс. Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымызды құртуға асықпайық. Атаны сыйлаған ел едік, «братан» сыйлайтын жолға бұрылып барамыз. Қазіргі қоғамда ардақты аталарымыздан көрі, «братандар» көп абыройға ие сияқты. Жеті атамыздан қалған тәрбие осы ма еді.жоқ әлде ұлдарды тәрбиелеуден аталар шаршап, «братандарға» ауыстыма.
Бейтаныс екі жігіттің басы бірігіп қалса жеті атасын емес, тегі беймәлім, «братандарының» атын айтып, санай жөнеледі. Бұрын бабаларымыздың ерлігінен, достығынан, батырлығынан, отан сүйгіштігінен, үлкенді құрметтегенінен, ақылдылығынан, сусындайтын ұрпағы, қазір азан шақырып қойған атында білмейтін «братандарының» жаргондарын, боқауыз сөздерін, дөрекі мінездерін айтып, еліктеп қаражолды жөн санап адасып жүр.
Бұрын сотталып шығып келген адамдар ел арасында жүре алмай ұялып, әулетіне жаққан күйесінен құсаланып, қарабет болдым деп қиналатын. Ал қазір сотталып шыққандар жерге сыймай жүреді. Ондайдарды тіпті «өмір көрген кісі» деп қабылдап, ақыл сұрап жататын жігіттер де жетіп жатыр.
Осы кезде жігіттер жақсылықты атадан емес, көшеден іздеп, кітаптан емес, түрмеден іздеп жүрген жері бар. Қара жамылған братандардың емес бауырым, ақ сақалды аталардың атын жаттап, ақылын тыңдайық. Қазақты қазақ ететін ата сөзін ұмытпайық! Қазақ екенімізді мақтаныш етіп ұлықтайық, қазақ болып жүрейік!
Абир Расул Қуатұлы,
студент
ВРЕЗКА: Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымызды құртуға асықпайық. Атаны сыйлаған ел едік, «братан» сыйлайтын жолға бұрылып барамыз. Қазіргі қоғамда ардақты аталарымыздан көрі, «братандар» көп абыройға ие сияқты.
ВРЕЗКА: Бұрын сотталып шығып келген адамдар ел арасында жүре алмай ұялып, әулетіне жаққан күйесінен құсаланып, қарабет болдым деп қиналатын. Ал қазір сотталып шыққандар жерге сыймай жүреді.