Жер бетіндегі мәдениетке бастама болған ежелгі өркениеттің белгілері планетамыздың әр жерінен табылып жатыр. Барлық ежелгі халықтарда адамзаттың «алтын ғасыры» дегенге қатысты әдемілігі асқан, байлығы тасқан қасиетті жер туралы сан алуан аңыздар осы күнге дейін сақталған. Көптеген ғалымдар Жер бетіндегі алғашқы адамдарға білім мен мәдениетін қалыптастырған бұл аңыз ел, жоғары деңгейде дамыған өркениеттің ошағы болған деп санайды. Аңыздардың барлығында бұл ежелгі өркениет орталығын жойқын күшті катаклизм жойып жіберген деп айтылады. Атлантида туралы аңызды алғаш рет Платон өзінің «Критий» мен «Тимей» диалогтарында жазды. Ғайып болған арал туралы өзінің атасынан естіген әңгімені Критий Сократқа айтады. Критийдің атасына Атлантида туралы афиналық саясаткер, ақын Солон айтқан екен. Солон бұл әңгімені мысырлық әулиеден естіпті. Платон «Тимей» еңбегінде бұл арал Гибралтар бұғазында болған деп келтіреді. Қаншама іздегенмен арал табылған жоқ, сондықтан кейбір тарихшылар «бұл Платонның ойынан шығарғаны» десе, кейбір зерттеушілер Атлантиданың осы уақытқа дейін табылмағаны мәліметтердің нақты берілмегендігі деп санайды. Атлантиданың орнын табамыз деп үміттенген ғалымдар бүкіл планетаны тінткілеп шықты, нәтижесінде мыңдаған жылдар бұрын адамдар мекендеген құрлық болған деген тұжырым жасауға болатындай айғақтар табылған су астындағы көптеген аумақтар белгілі болды. Жақында орыс ғалымдары өркениеті жоғары дамыған жұмбақ арал Каспий мен Арал теңіздері аумағында болған деген пікірлерін жариялады.
Арал және Қара теңіздері аумағын қосып алғанда Каспий теңізі ежелгі Тетис мұхитының реликтік қалдығы болып саналады. Бұл ешқандай өзен ағып шықпайтын, деңгейі үнемі өзгеріп тұратын және әлемдік мұхит деңгейінен төмен жатқан әлемдегі ең ірі су қоймасы. Каспий жағалауларынан атам заманнан бері адам қолымен жасалып, су астында қалған құрылыстар табылып жатады. Каспий маңы аймағын бұрынғы заманда су басып қалғаны анық. Алайда, мұны дәлел ретінде алға тартып «Атлантиданың дәл осы жерде болған» деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ Каспийдің шығысында тұрған биік жоталар теңіз деңгейі қазіргіден көп биік болған ежелгі заманда бірнеше аралдарды құраған деген болжамның қисыны бар. Бұл әр халықтың мифологиясындағы өркениеті дәуірлеген аралдарды тұтқиылдан соққан катаклизм құртты деген аңыздарға сәйкес келеді. Сонымен қатар, Библияда айтылатын топан су кезінде Нұқ пайғамбардың кемесі Каспий өңірінен Араке өзенінің құйылысынан әрі қарай Арарат тауына шығуына жол ашылған. Ежелгі Шығыс аймағынан Арарат тауына баратын жалғыз ғана жол осы.
Сергей Банных бастаған бір топ Ресей ғалымдары «Каспий архипелагын» а деп атау керек дейді. Вавилонның Гильгамеш эпосындағы кейіпкерлердің, Гильгамеш, Ясонның аргонавттары, Моисей, Александр Македонский т.б.жорықтары Каспиотидамен байланысты. Ресейлік ғалымдардың пікірінше, Каспиотида өркениеті мен дамуына қазіргі Маңғыстау түбегіндегі аралдар негіз болған. Бұл жер табиғи-климаттық ерекшілігімен және геологиялық тарихымен ежелгі мифтердегі «алғашқы өркениет ошағына» толықтай сәйкес келеді. Біріншіден, мұзды кезеңде ол өте суық белдеуде жатты, осының өзі сырттан келетін жаулардан табиғи қорған болды. Маңғыстау-Каспиотида географиялық жағынан басқа әлемнен оқшау болды, батыс жағында, оңтүстік пен шығыста биік тау жоталары, солтүстігінде мұздақтар тұтасып жатты. Екіншіден, бұл жерден жер қыртысының рифтік жарылысы өтеді. Ежелгі заманда жеті қабат Жер астынан шыққан жылу осы жарылған жер арқылы Жердің бетіне жайлы атмосфераны жасады. Каспий түбіндегі рифтерден гидротермалар шығып, теңізде жылы ағыс пайда болды. Әсіресе теңіз жағалауларындағы жылы суларда флора мен фаунаның алуын түрі пайда болып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасады. Бір сөзбен айтқанда, жер қыртысының қосылған жігінен шығатын жылудан Каспий аралдарында оазис болған. Каспий теңізінің шұңғымасындағы экожүйесінің геологиялық дамуына радиоактивтік элементтердің әсері мол. Каспий суында және оның түбіндегі уран басқа теңіздерге қарағанда бес-жеті есе көп екен. Радиоактивтік сәуле тірі организмдерге, соның ішінде жануарлар мен өсімдіктердің генетикалық метаморфозаларының мутацияға ұшырауына әсер етеді. Ежелгі адамдардың интелектуалдық күрт дамуы да оның генотипіндегі радиоактивтік мутацияның, ми құрылымына әсерінен болуы мүмкін, деген болжамдарын айтады ресейлік ғалымдар.
Аралдардың жан-жағынан табиғи қоршалып тұруы, жайқалып тұрған оазис Эдем туралы мифтің шығуына себеп болуы мүмкін. Ал топан судың басуына мұздақтардың күрт еруі себеп болды. Бұдан 10,12 мың жыл бұрын Жер бетінің климаты өзгеріп, қыза бастағанын ғалымдар анықтап, дәлелдеп берді. Батыс-Сібір мұздақтары еріп, айналасын тау қоршаған жазық дала су толған ғаламат шұңқырға айналды. Топан су Батыс-Сібір жазығы мен Орта Азияны жалғастырып жатқан Торғай даласын басты, ұшы-қиыры жоқ Бетпақ Дала су астында қалды. Одан әрі батысқа қарай лап берген топан су Каспий-Арал өңіріне жетіп, аз уақыттың ішінде тереңге батырды. Одан әрі қалың су қабаты Кумо-Маныч жазығы арқылы Қара теңізге жылжыды. Колумбия университетінің океанолог және геолог ғалымдарының зерттеулерінше, шамамен 7500 бұрын Қара теңіздің аумағы күрт ұлғайған.
Катаклизм күшті сейсмикалық қозғалыстар тудырып, Жер қабатының қыртыстарын орнынан жылжытқан. Маңғыстау тауларындағы мың шақырымдық тектоникалық платформалар бірде көтеріліп, бірде төмендеп, Жер қыртысының вертикалды және горизонталды қозғалуы нәтижесінде өркениеті гүлденіп, жайқалып тұрған аралдар суы астына кеткен. Америкадан қытайға дейінгі ежелгі аңыздарда ұлы апат кезінде Күн де, Ай да өзінің қозғалыс бағыттарын өзгерткен, ал жұлдыздар Жерге құлай бастаған. Бұл Жердің тектоникалық плиталарының қозғалғанын көрсетеді, соған байланысты аспан денелері қозғалыс траекторияларын өзгерткен. Катаклизм кезінде Жер қисайып, бөлшектеніп кеткені, жер астынан қысылып шыққан су дүние жүзін басып қалғаны туралы барлық аңыздарда біркелкі айтылады.
Каспиотида су астында ұзақ жатқан сияқты. Тіпті, сонау Плиния мен Птолемейдің заманында Араке өзені Курамен қосылып Каспий теңізіне құйған. Демек, сол кездердің өзінде Каспий теңізінің деңгейі қазіргіден жоғары болған. Маңғыстау жері, тіпті түбектің теңізден алыс орта тұстарында ертедегі акулалардың, теңіз кірпісі және басқа теңіз жануарларының сүйектерін кездестіруге болады. Тектоникалық қозғалыстар Каспиотиданың сол кездегі ландшафтын танымастай етіп өзгертті, сөйтіп бұл жердегі өркениеттің де ізін шайып кетті. Жазық даланы ойып түсетін маңғыстау каньондары, теңіз деңгейінен 132 метр төмен жатқан Қарақия ойпаты осының дәлелі. Қазіргі кезде Маңғыстау түбегі күннің көзі жанып тұрған шексіз құмды дала, мұнда жуын-шашын тым сирек болады. Алайда, бұл жердің қасиетті екені адамзаттың жадында қалған. Бұл жерде әртүрлі әлемдік религияны ұстанушылар өздерінің іздерін қалдырған. Маңғыстау өңірі археологтар тарапынан әлі толықтай зерттелген жоқ, жер бетіндегі адам қолымен жасалған заттардың өзі зерттеушілер үшін жұмбақ болып отыр.
XXI ғасырдың басында Google компаниясының Google Earth қызметі пайда болды. Жер бетінің спутниктен түсірген суреттері көптеген жұмбақтардың жауаптарын тауып берді. Google Earth-тен кейін Айдың және басқа да аспан денелерінің карталары шықты. Ендігі кезекте тұрған мұхиттардың түбін ғарыш құралдары арқылы зерттеу. Google Ocean көмегімен қазір пайдаланушылар теңіз түбінің рельефін, судың температурасын, ағыстардың бағыттарын анықтай алатын болды. Google Ocean көп ұзамай өзінің алғашқы сенсациясын ашты. Британдық авиация инженері Берни Бэмфорд Google Ocean көмегімен Атлантика мұхитында түсініксіз бір объектіні тауыпты. Бэмфорд шамамен Африка жағалауынан солтүстік-батысқа қарай мың шақырым жерде, Канар аралдарының маңында 20 мың шақырым аумақты алып жатқан үшбұрышты көрген. Британдық The Sun басылымы объектінің көлемі Лондоннан он есе үлкен, шамамен Уэльс жеріндей болады деп көрсетіпті. 5,5 шақырым тереңдікте жатқан тікбұрыштың іші тік бұрыштармен қиылысатын кескіндермен бөлінген. The Sun болжамы бойынша Атлантида деп іздеп жүрген арал осы болуы мүмкін.
Атлантида туралы жаңалық ғаламтор арқылы әлемге тез жайылды. Бірақ The Sun басылымындағы мақала жарық көргеннен кейін арада бірнеше сағат өткенде Google ресми өкілі Лаура Скотт жұмбақ объект топографиялық мәліметтер жинау барысында пайда болған техникалық артефакт екендігін жариялады. Сөйтіп аңыз аралдың орналасқан жері әлі де белгісіз болып қалуда. Сондықтан ресейлік ғалымдардың Атлантида Каспий түбінде деген болжамын теріске шығаруға ешқандай негіз жоқ.
Қайыржан ТӨРЕЖАН