Көктемнің алғашқы күні «Қашаған» кенішінде оқыс оқиға болды. Жабдықтарды құрастыру кезінде бұрғылау механизмі істен шығып, елді әбігерге салды. Жұмыс уақытша тоқтатылып, кеніштегі қызметкерлерқауіпсіз жерге көшірілді. Абырой болғанда, ұңғымада қысым жоқтығына байланысты көмірсутек ауаға таралмады. Ешкім зардап шекпеді.
Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнына тексеру жүргізді. Нәтижесінде оқиға төтенше жағдай деп танылмады, сондықтан ресми тіркеуге де алынбады. ҚР Мұнай және газ министрлігі де «өндірістегі күнделікті ұсақ-түйектің бірі» деп таныды. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейтін қалың бұқараның көкейінде қауіп қалғаны рас. Алдағы маусым айында іске қосылады деп ел болып үміт күтіп отырған «Қашаған» кеніші мен «Болашақ» зауыты жайлы қоғамдық пікір қазір екіге жарылып тұр. Мұнайдың теңізде өндірілуі оңай жұмыс емес. Бұл мәселеде қазынаға түсетін қаржыдан бұрын қара халықтың амандығы мен саулығы қымбат.
ОПЕРАТОРЛАР АЙТАДЫ
«Мұнай мен газ қатпарларының қысымы жағынан өте күрделі кеніш – «Қашағанның» қоршаған ортаға әсері қандай болмақ» деген сауал жақында тағы да талқыға түсті. Бұл жолғы қоғамдық тыңдауға солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC пен агент-компания Agip-тың топ-менеджерлерімен бірге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі келіп қатысты. «Біздің компания қабылдаған шаралар Қазақстанның экологиялық жағынан жауапты мемлекет ретінде көрінуіне мүмкіндік береді, – деп сенімді түрде сөз алды NCOC компаниясының сыртқы қатынастар жөніндегі директоры Пьер Дельпон. – Заманауи қондырғылар мен озық технологиялар төтенше жағдайларды болдырмауға бағытталады. Апат болған жағдайда да мұнай төгілімін жоятын арнайы жабдықтар саны жеткілікті. Біз мұнайды тек судан ғана емес, мұз бетінен де жинаймыз, осы мақсатта 20 скинер алдық. Каспий теңізінің био алуан түрлілігін сақтауға да тырысамыз».
«Аджип» ҚКО компаниясының атқарушы директоры Умберто Каррараның сөзіне сүйенсек, кеніште алғашқы кезеңде тәулігіне 180 мың баррель мұнай өндірілсе, кейін бұл көрсеткіш 370 мың баррельге жетеді екен. Әрине, барлық пен байлықты кім жек көреді, оның үстіне, «Қашаған» іске қосылса, Қазақ елі мұнай өндіруде дүниежүзі бойынша алғашқы бестіктің құрамына кіреді. Бұл өз кезегінде ауыл-елдің әлеуметтік жағдайына да оң ықпал етері анық. Алайда халықтың көкейінде үмітпен қоса күдік те бар. Сол үмітті «Аджиптің» экологиялық тұрақты даму жөніндегі менеджері Игорь Лукашовтың сөзі жалғағандай болды: «Теңіздегі кешенде алаудан ауаға тарайтын зиянды заттар аумағы бес шақырымға, газ қатты шықса, жеті шақырымға ғана жайылады. Пайдаланылатын сулардың 97 пайызы таза күйінде кері қайтарылады», – деді ол («Д» аралы Атырау қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан).
«Аджиптің» тағы бір өкілі Вальтер Риццидің сөзіне сенсек, алаңдауға негіз жоқ екен. «Мұнай төгілуі кезінде жедел әрекет ететін біздің құрал-жабдықтарымыз Мексика бұғазында да болған жоқ, – дейді Рицци. – Қауіпті жағдай орын алса, шетелден көмек келетіні туралы келісімшарт бар, бірақ Қазақстандағы мүмкіндіктеріміз де кез келген апатты ауыздықтауға жетеді».
ЭКОЛОГТЕРДІҢ УӘЖІ
«Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының төрағасы, эколог Махамбет Хакимов қарт теңіз қаһарына мінсе, адамзатқа зор қауіп туғызатынын айтудай-ақ айтып келеді. Алайда әлі күнге дейін Каспий теңізінің экологиялық картасы жоқ, теңіз терең зерттелмеген де. «Қашаған мұнайы «Болашақ» зауытына тасымалдана бастағанда қауіп-қатер де көбейе түседі, – дейді эколог. – Бүгін теңіз жағасында итбалықтардың қырылғанын айтып жар салып жүрміз, ертең адамдарға қауіп төнбесіне кім кепілдік бере алады?»
Мұнай өндіруші компаниялардың жұмыстарына қашан да ғылыми тұрғыдан, сын көзімен қарап жүретін эколог Мұфтах Диаров кеніште апат болған жағдайда жасалуы тиіс шаралардың жеткіліксіздігін алға тартады.
«Глобус» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Чернова да алпауыт компаниялардың «аңқау елге арамза молда» болғылары келетініне өкпелі: «Бұдан бұрынғы қоғамдық тыңдауларда айтылған қауіпті өнімдер деңгейін енді 34 есеге көтеріп, ұсынып отыр. Бұл – көзбояушылық. Ел арасында Атырау вахталық қала болады деген сөз бар. Облыс тұрғындарының көршілес Орал, Ақтөбе қалаларына көшуі белең алуда. Ертең Солтүстік Каспий жобасы іске қосылғанда, бұл жерден ел үдере көшіп жүрмесін».
ӘКІМНІҢ ӘҢГІМЕСІ
«Адамдар өмірі үшін алаңдаулы, сондықтан бұл мәселеде қойылатын сауал да көп, – дейді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Мен барлық материалдармен танысып шықтым. Мұнай саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар маман ретінде айтарым, жобада қауіпсіздік мәселелері қамтылған. Өткен жеті айдың ішінде өзім де «Қашағанға» бірнеше рет барып, қатаң талаптар қойдым. Жоба басталмас бұрын да осы салада тәжірибесі бар, озық компаниялар таңдалып алынды. Біз бұл жобаны үнемі бақылауымызда ұстап отыруға тиіспіз. Компания өкілдері қоғам тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беруді кейінге қалдырмауы керек. Мұның бәрі – қызығушылықтан емес, біздің өміріміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе.
Теңіздегі ұңғымалармен бірге «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауыты да іске қосылады. Мұнда жылына 22,5 млн тонна мұнай, 6 млрд текше метр газдан күкірт секілді химиялық элементтер алынатын болады. Ел игілігін еселейтін бұл жұмыстардың бәрі де лайықты жүзеге асса, әрине, жақсы. Тек осы жерден тағы бір мәселе бой көтереді – Теңіз кенішіндегі тау болып үйіліп жатқан күкірт енді «Болашақта» да аспанмен таласып текке тұрса, қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың өмірлеріне зиян келтірмей қоймайды. Сондықтан халық таяуда іске қосылатын Солтүстік Каспий жобасы елге тек игілік әкеліп, жергілікті экология мен халық денсаулығы мәселесінің барынша қамтылуын тілейді.
Автор: Бақытгүл БАБАШ