10 қазан күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты терроризм бабы бойыншаайыпталған 9 адамға қатысты үкім шығарды.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің Азаттыққа мәлімдеуінше, топ құрамының басшысы ретінде аталған 33 жастағы Роман Баярисов пен 30 жастағы Рамиз Ким ең ұзақ жаза мерзімі – 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Оларға терроризмнен бөлек «қылмыстық топтың қызметіне жасы кәмелетке толмаған балаларды тартты» деген де айып тағылып, мүліктерін тәркілену туралы шешім шыққан.
Топтың қалған мүшелері саналған жастары 18 бен 23 аралығындағы Владимир Ким, Жанұзақ Ізім, Дастан Болатұлы, Райымбек Зияшев және Алтынбек Зейнетуллаев 8-9 жылға түрмеге кесілді. Олардың да мүлкі тәркіленеді.
«Қылмыстық топқа қатысты» деп айыпталған ең жас сотталушылар — кәмелетке толмаған Әділхан Қыдырсихов пен Тұрғанбай Ағорынов «жастығы ескеріліп», 6 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылған.
Сотталған 9 азаматқа «Қазақстанда тыйым салынған салафиттік бағыттағы идеологияны қолдады, терроризмді насихаттады, террористік топ құрып, оны басқарды, қаржыланлырды, заңсыз қару жасады және сақтады» деген айыптар тағылған.
Бұлардың барлығы да Атырау облысының тұрғындары.
http://www.azattyq.org/archive/news/20131010/330/330.html?id=25132937