Астана. 13 мамыр. Baq.kz — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы, күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ең күрделі саласының бірі – Әуе қорғанысы күштері. Бұл әскери саланың негізгі атқаратын міндеті – еліміздің әуе кеңістігін күзету, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды қорғау болып табылады. Сонымен қатар Әуе қорғаныс күштеріне басқа әскер түрлеріне авиациялық көмек көрсету, арнайы және антитеррористік операцияларға қатысу сияқты жауынгерлік тапсырмаларды орындау жүктелген. Әуе қорғанысы күштері заманауи авиациялық, зениттік зымырандық және радиотехникалық құралдармен жабдықталған. Отан қорғаушылардың 22-жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы, күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетовпен әңгімелескен едік.
– Нұрлан Секенұлы, әскери авиация Қарулы күштердегі маңызды әскер саласының бірі болғандықтан еліміздің Қарулы күштерінің Жоғары Бас қолбасшысы оған қатты назар аударады. Алдағы уақытта бұл сала қандай бағытта дамиды деп ойлайсыз?
– Бүгінгі күні Қарулы күштердің ішіндегі ең жылдам және техникалық жабдықталған әскер түрлерінің бірі болғандықтан Әуе қорғанысы күштері үнемі жауынгерлік ұшу жаттығуларын жасайды, Әуе қорғанысына қарсы (ӘҚҚ) зениттік ракеталар әскерлерінің атыс жаттығуларына қатысады, жауынгерлік кезекшіліктерді атқарады. Әуе қорғанысы күштерінің құрамында аспандағы кез келген жылдамдықтағы және әртүрлі биіктік диапазонындағы әуе нысанасын жоятын жаңа кезеңнің ұшақтары – жойғыш-тосқауылшы МиГ-31, алдыңғы шепте ұрыс салатын жойғыш МиГ-29, көп мақсаттағы жойғыш Су-27, сондай-ақ жауынгерлік Ми-24 ұрыс ұшағы, Ми-8, Ми-17В-5 және Ми-26 әскери-көліктік тікұшақтары бар. Ал Әуе қорғанысына қарсы күштердің әскерлері әуедегі кез келген ұшу құралын, ұшақты, қанатты зымыранды жойып жіберетін С-300, С-200, С-125МК, С-75 сияқты әртүрлі модификациядағы зениттік зымырандық кешендермен қаруланған. Радиотехникалық әскерлер аспандағы нысаналарды тауып, оларды бақылап отыру бойынша тапсырмаларды орындайды. Байланыс бөлімдері сымдық, радиореле, спутник және тропосфералық байланыс арқылы әскерлерді басқаруды қамтамасыз етеді.
– Қазіргі заманда Әуе қорғанысы күштерінің атқаратын рөлі қаншалықты маңызды?
– Әуе қорғанысы күштерінің маңызы, әрине, бүгінгі таңда өте зор. Жергілікті соғыстардың тәжірибесіне қарасақ, елдің Қарулы күштерін құрту үшін қарсыластары ең алдымен оның авиациясы мен ӘҚҚ жояды. Бұған жібермес үшін әскердің бұл түрлерін техникамен жабдықтап, толық жауынгерлік дайындықта ұстау керек. Авиация – бұл бейбітшілік кездерінде де жауынгерлік кезекшілікте тұратын әскердің ең күрделі саласы. Оның мүмкіндіктері де өте көп, сондықтан Қазақстанда өткізілетін бірде-бір әскери жаттығулар авиациясыз өтпейді. Отандастарымыз, шетелдік қонақтар қазақстандық ұшқыштардың шеберлігін Астанадағы әскери парадта өз көздерімен көрді, сондай-ақ жақында болатын «KADEX-2014» көрмесінде тамашалуға болады.
– Ұшқыштар шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтауы үшін халықаралық жаттығуларға да қатысып тұратын шығар?
– Біз іс жүзінде Қазақстан Қарулы күштерінің барлық әскери жаттығуларына, сондай-ақ ТМД көлемінде, Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымының да НАТО жаттығуларына да қатысамыз. Бірақ ең салмақтысы ретінде 2013 жылы 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысқан, зениттік зымырандық әскерлердің күштерін көрсетуге мүмкіндік болған Жауынгерлік парадты айтар едім. Өткен жылы «Сарышаған» полигонында ТМД Ұжымдық қауіпсіздік шартты ұйымына қатысушы мемлекеттердің бірлескен ӘҚҚ жүйесінің атыс құралдарын қолдануымен «Жауынгерлік ынтымақтастық-2013» атты тактикалық жаттығуы өтті. Мұнда ӘҚҚ әскерлерінің жауынгерлік бірліктері мен Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы өз шеберліктерін, ұрысқа дайындығын көрсетті. Барлық нысана жойылып, атыс «өте жақсы» деген бағаға ие болды.
– Биылғы жылы тағы екі испандық С-295 ұшақтары келетін болды деп естідік…
– Иә. Қазіргі кезде су жаңа әскери-көліктік ұшақтарды сатып алып жатырмыз. 2013 жылдың басында қазақстандық авиациялық парк «Airbus Military» компаниясының С-295 әскери-көліктік екі жаңа ұшақпен толықтырылды. Биыл осындай тағы екі ұшақ алмақшымыз. Солар келгеннен кейін әскерді, қару-жарақты, әскери техниканы республиканың кез келген бұрышына жеткізу міндеттерін атқаратын әскери-көліктік ұшақтардың жаңа тобын құрмақшымыз. Армия техникасын жаңарту бойынша да осындай жұмыстар атқарылып жатыр, қазіргі кезде Ми-17 тікұшақтары Алматы зауытында жаңартылуда. Олар ең жаңа, заманауи қарулармен жабдықталып, көліктік тікұшақтан көліктік-жауынгерлік ұшу құралына айналмақ. Бізде ЕС-145 «Еврокоптер» жаңа тікұшақтары бар. Бұл отандық техниканы біз қару ретінде қабылдап алдық.
– Қазақстандықтар, әсіресе, жастар пилотаждық топ шеберлерінің еркін самғап, әуеде салатын өрнектеріне қызыға қарайды. Әскери ұшқыш болу қиын ба?
– Өткен оқу жылында ұшу, инженерлік-техникалық құрам және байланыс бойынша бірқатар авиациялық мамандар дайындадық. Ал ұшқыштар құрамын дайындау ұзақ уақытты талап ететін өте күрделі процесс. Көп нәрсе ұшқыштың бейімділігіне, мүмкіндігіне, өзіндік тәжірибесіне байланысты. Қысқасы, әрбіреуіне жекелеп қарау керек. Әскери институтты кеше бітіріп келген ұшқыш оқу-жаттығуы кезінде тексеріледі. Оның дайындық деңгейін және мүмкіндігін нұсқаушылар ұшу және навигация техникалары бойынша жаттығулар жасағанда байқап, баға береді. Осы жақтарды жас ұшқыш меңгергеннен кейін ғана түнде ұшу, топтасып ұшу, ауа райының күрделі кезінде ұшу сияқты жауынгерлік бағдарламаларды орындауға рұқсат беріледі. Әрине, әрбір жас ұшқышқа нұсқау беретін, дайындайтын тәжірибелі офицер бекітіледі. Институтта оқитын курсанттар бейімділігіне қарай Ан-26 немесе Л-39 жауынгерлік-оқу ұшағын, Ми-8 тікұшағы сияқты әскери авиациясына дайындалады. Әскери ұшқыш – бұл нағыз ер адамдардың мамандығы. Бүгінде еліміздің және Қарулы күштер басшыларының қолдауының арқасында армияда әскери дайындық пен жеке құрамды оқытуға барлық жағдайлар жасалған. Біздің ұшқыштар әуеге жиі көтеріледі, алдағы уақытта қызметтік өсуге, отбасын тиісті деңгейде асырауға мүмкіндіктері мол. Мен әскери ұшқыш ретінде Ақтөбе әскери институтының ұшқыштар және инженерлік факультетіне жыл сайын оқуға түсуге келетіндердің саны көбейгеніне қуанамын. Демек, халық алдында қазақстандық армияның, Әскери-әуе күштерінің абыройы артуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН
http://baq.kz/kk/news/47046