АЛТЫНОРДА
Новости

ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫНДА – «БЕЙБАРЫС СҰЛТАН»

f7af2253870716a4e6f5964bddecf157М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың туындысының желісіне құрылған «Бейбарыс сұлтан» спектаклінің тұсауы кесілді. 
Ұлы қазақ даласынан шыққан, Мысыр елін әділ басқарған әмірші жайлы туындыны көркемдеп сахнаға шығарған режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ю.Ханинга-Бекназар.

Спектакльде Бейбарыстың құлдан – қолбасшыға, қолбасшыдан – ел басы дәрежесіне қалай көтерілгендігі, сол аралықтағы келеңсіздіктер мен кедергілер түгел көрініс табады. Осындай биіктерге көтеріліп, билік еткен әміршінің көңілі жайсыз. Оның көңіл көзінен сонау бала кезде есінде қалып қойған туған жердің елесі кетпейді. Жүрегін сағыныш сыздат­қан әмірші киелі туған топырағында өскен жусан иісін сағынады. Иә, Бейбарыс сұл­тан қарапайым жусан иісін аңсаса, оның жанындағы достары атақ-даңққа құмар.

Адамның баққа жетем деп таққа та­ла­сатыны, қызғаныштан пайда болатын сат­қындыққа бой алдырып жататыны оның нәпсі алдындағы әлсіздігін бай­қатады. Бейбарыстың батыр, ержүрек достары Құтіз бен Қалауын осындай әлсіздікке бой алдырады. Иә, олар «өзге елде сұлтан бол­ғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты сөздің қадірін дәл Бейбарыс сұлтандай түсіне қоймайды. Солайша тақ таласы өліммен аяқталады. Ал Бейбарыс болса, қол жеткізген тақтан бас тартып, ат басын атамекеніне қарай бұрады.

Қойылымда Бекжан Тұрыс, Азамат Сатыбалды, Бақтияр Қожа, Бауыржан Қап­тағай, Дария Жүсіп, Еркебұлан Да­йыров сынды әкем театрдың белді актерлері бой көрсетті. Әсіресе, жағымсыз кейіпкер Хуанның рөлін сомдаған Бекжан Тұрыс­тың ойыны көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар спектакльдің қоюшы суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқовтың жұмы­сына көз сүйсініп, көңіл тояды.

Бейбарыс сұлтан өмірінің өткелдері ойнақы декорациямен ғана бейнеленіп қоймай, би арқылы баяндалды. Яғни ескі замандарда ел билеген сұлтан, сахнада би де билейді. Мысыр жерінде жүргізілген сұрапыл соғысты, жекпе-жек арпа­лыс­тарды, Бейбарыс пен Тәжі Бақыттың бір-біріне деген құштарлық сезімін режиссер бимен көрсетуді жөн деп тапқан. Сезім демекші, біз адуынды қолбасшының ға­шық­тық сезімдерге тез бой алдырып, сүйіктісінің алдында әлсіздік танытуын түсіне алмадық. Бұл орайда әміршінің туған жерге деген сағынышынан гөрі Тәжі Бақытқа деген ынтызарлығы басым шық­қан секілді. Бірақ не десек те, бүгінгі күннің сұранысы сол емес пе? Басымдық – махаббатқа берілуі тиіс.

Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург: 

– Негізінен, мен спектакль дайын­далып жатқанда режиссердің жұмысына араласпаймын. Өйткені көп жағдайда автор мен режиссердің көркемдік шешімі үйлеспей жатады. Оның үстіне шығарма­шылық адамының «мынаны былай істе, былай қыл» деп мазасын алғанды жөн санамаймын. Кім де болса еркін жұмыс істегенді қалайды. Сол себепті де кітаптағы кейіпкер мен сахнадағы кейіпкер арасында ерекшелік пайда болып жатады. Осы орайда, мен сахнадағы оқиға мен кейіпкер­лер­ден бірталай айырмашылықты байқап қалдым. Біріншісі, менің туындымда Бейбарыс туған жеріне оралмай жолда қай­тыс болады. Ал қойылымда өздеріңіз көргендей әмірші арманы орындалады. Екінші ерекшелік – сахнада Бейбарыс пен Тәжі Бақыт арасындағы махаббат бірі­нші планға шыққан. Ал негізінен, Бейбарыс сұлтан мықты қолбасшы, әмір­ші болған. Сол себепті де оның дәл сахна көрсеткендей бұл сезімдерге оңай беріле қоймағаны анық. Бірақ бұл режиссердің шешімі. Көрерменге, әсіресе, жас көрер­менге ненің қажет екенін театрда жүрген жандар жақсы біледі. Негізінен, ұжым жұмысы көңілімнен толықтай шықты. Олардың талмай еңбектенгенін актер­лердің шебер ойынынан, декорацияның ойнақылығынан-ақ байқауға болады. Әсіресе, ұрыстарды бимен көрсетуін ре­жис­сердің ұтымды шешімі деп білемін.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz