АЛТЫНОРДА
Новости

Ауғанстанда қазақстандық әйел қолға түскені хабарланды

Бүгін Ауғанстанның Забул провинциясында содырлар тұтқынындағы адамдарды азат ету операциясы кезінде үкімет күштеріне қарсы жақта болған қазақстандық азамат қолға түскен деп хабарланды. Бұл туралы Азаттықтың Ауған қызметіне жергілікті қауіпсіздік күштері мәлімдеген.

Үкімет күштері арнайы операция барысында қаза тапқан 50-ге жуық содырдың 21-і – шетел азаматы деп хабарлаған. Операция кезінде содырлар тұтқынындағы отызға жуық адамның барлығын құтқару мүмкін болмағаны айтылады.

Содырлар жағында болған екі әйелдің біреуі қаза тауып, біреуі жараланған. Ауғанстан қауіпсіздік күштері жараланған әйел – Қазақстан азаматы деп отыр. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа әзірше бұндай хабар өздеріне түспегенін, Кабулдағы дипломатиялық өкілдік арқылы ақпаратты анықтайтынын айтты.

Ақпанның 24-і күні Кабул мен Кандагар арасындағы жолда кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын бет-жүздерін тұмшалаған белгісіз топ тоқтатып, көлік ішіндегі 30 жуық жолаушыны кепілге алған. Оларды босату мақсатында Ауғанстан билігінің содырлармен жүргізген келіссөздері нәтижесіз аяқталған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150305/330/330.html?id=26883509