Меніңше, жанама сайлаудан гөрі, тікелей сайлау өткені жөн дер едім. Себебі ауыл адамдары кеше бірге жүрген адамды жақсы біледі.
Дос КӨШІМ,
«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы:
– Әлі есімде, 1994 жылы аудан әкімдерін эксперимент ретінде алғаш рет сайлау өтті. Мен сонда Ескелді ауданында бақылаушы болдым. Мәслихаттың құрамы он үш адамнан тұратын. Бәрі бір адамға дауыс берді. Ешқандай бәсеке болмады. Бұл сонда қандай сайлау?
Меніңше, жанама сайлаудан гөрі, тікелей сайлау өткені жөн дер едім. Себебі ауыл адамдары кеше бірге жүрген адамды жақсы біледі. Ол ел басқаруға жарай ма, жарамай ма, бәрі ауыл адамдарының көз алдында. Ал тек мәслихат жиналып сайлай салса, демократиялы, әділ өтті деу қиын. Ондай жерде «бармақ басты, көз қысты» дегендей, тамыр-таныстық, жора-жолдастық бел алары белгілі. Сондықтан сайлау таза өтсін, елді басқара алатын адам әкім болсын десек, ауыл адамдары әкімін өздері сайлап алғаны дұрыс.
Әзімбай ҒАЛИ,
саясаттанушы:
– Дәл «былай болса, сайлау әділ өтеді» деп болжам айту қиын. Шетелге жиі шығатын саясаттанушымын. Соңғы уақытта Парижде, Малайзияда дәріс оқыдым. Соның ішінде Париждегі коммуналардың жұмысымен біраз танысқанмын. Онда коммуна басшысын халық сайлағанымен, жұмысы жүрмей жатқан, не болмаса тірлігі алға басқан коммуналарды байқауға болады. Бір аңғарғаным, көп нәрсе басшы болып сайланған адамның алғырлығына, ұйымдастыру қабілетінің мол, іскерлігіне байланысты екен. Мәселен, біздегі ауыл әкімін сайлау жүйесін өзгертіп, халық өзі сайлағанымен, оны алып кететін адам бар, керісінше, ауыл адамдарына мінезі, тағы да басқасымен ұнағанымен, шаруашылықты жүргізе алмайтын адам болады. Егер сондай адам тап болса, ауылдың соры дей бер. Сол себепті әзірге ауыл әкімдерін аудандық мәслихат сайлағаны жөн. Ол жерде адам міндетті түрде сүзгіден өтеді.
Камал БҰРХАНОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Алдымызда келе жатқан ауыл әкімдерін сайлау – қатардағы жұмыс емес, мемлекет үшін маңызы бар үлкен шара. Әрине, әрбір сайлаудың кем-кетігі болмай тұрмайды. Оны да жөндейтін кез келер. Ауыл әкімін аудандық мәслихаттың депутаттары сайлайды дегеннен қорқуға болмайды. Оларды да халық сайлаған. Сенген. Елдің жүгін солардың иығына артқан. Сондықтан олар да кімді әкім ретінде сайлауды біледі. Демек, бұл да демократия қағидаларына кері емес. Әрине, ауыл әкімін ауыл адамдары сайлайтын кезге де түбі жетеміз. Әзірге сәл ерте. Саяси мәдениетіміз, саяси тәжірибеміз аз. Тіпті бір ауылда бірнеше атаның, рудың адамдары отыр. Солардың әрқайсысы өз азаматтарын әкім ретінде көргісі келуі мүмкін. Осыдан келіп, айқай-шу, тартыс туындайды. Оның арты жақсылыққа апармасы хақ. Әрине, ақырын-ақырын оған да жетеміз. Әзірге сайлаудың осы жүйесі тиімді деп ойлаймын.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ