Шынында да, еліміздегі барлық мектепте, барлық жерде оқу бағдарламасы бірдей, бірақ ауыл балаларының білімі неге төмен деген ой ең алдымен, сол ауылдардан шыққан балалар мен ата-аналарды көп мазалайды.
Ауыл балалары да мектепке барып, жұрт секілді сабақтарын қалмай оқиды, ауыл мұғалімдері де қолдарынан келгенінше сабағын түсіндіріп жатады. Тапсырманы да өкіртіп береді. Бірақ бала үйге келгенде тапсырманы мүлдем орындамайды. Орындаса да шала орындайды. Оның себебі көп. Өйткені еліміздегі көп ауылда баланың мектептен келген соң, отыра кетіп сабақ оқитын мүмкіндігі жоқ. Ата-анасына көмектесіп, үйдің шаруасына кірісіп кетеді.
Ер балалар даланың ісімен, малмен жүріп-ақ шаршап, үйлеріне кеш батқанда бір-ақ кіреді. Қыз балалар да сол анасына көмектесумен уақыт өткізеді. Жуылатын кірі бар, сиыр сауып, жүн түткізіп қоятын кездер де болады. Кей ауылда электр тогын үнемдеп, далаға от жаққызып, нан жаптырып қояды. Біздер де ауылда сабағымызды қоя тұрып, алдымен үйдің шаруасын бітіріп алатынбыз. Мен өзім үйдің үлкенімін, тіпті бала болып ойнамаппын да…
Өзімнен кейінгі іні-сіңлілерімді жуындырып-киіндіру менің мойнымда болған. 6-сыныптан бастап анама кір жуғызған емеспін. Кір жуғыш машина деген жоқ, бәрін қолмен жуамыз. Ал су мәселесіне келгенде, оны да өзіміз біраз жер жүріп, тер төгіп тасимыз. Суды ұл-қыз демей, әкеле беретінбіз. Бір күнде 4-5 фляг су тасимыз. Монша жағатын күні одан да көп. Жаз келсе каникул, лагерь дегенді тіпті ойламайтынбыз, себебі қыс бойы жиналған малдың қиын жаз бойы шапақтатып қоятын. Сөйтіп, каникул да бітетін.
Ер балалар шөп жинаумен әлек және жаз бойы картоп түптеумен болатын.
Сонда «әй балам, алдымен сабағыңды оқып ал немесе сабағыңды оқыдың ба» деп сұрайтын бір ата-ана жоқ. Малдың бәрін кешке қоралап алғаннан кейін тамақтанып болғанша түнгі сағат 10-11 шамасы болады. Сол кезде сабақ оқып көр. Тек мұғалімнен қорыққанымыздан ғана оқып баратынбыз. Түнде шаршап оқығандықтан, ертесіне жаттағандарымызды ұмытып та қалатынбыз.
Кітапханадан кітап алып оқымақ түгіл, мектептің кітаптарын оқып алсақ та жеткілікті еді. Ал орыс тіліне келетін болсақ, ауылымызда орыс жоқ. Қазір ауылды жерлерде орыстар қалмаған да шығар. Мектептегі орыс тілі сабағы біз үшін қазақ тілі сабағы сияқты өтетін, себебі орысша ешкім түсінбей отырғандықтан, мұғалім қазақша айтып түсіндіретін. Ауылымызда он шақты орыс болса, солармен сөйлесіп-ақ үйренер едік, олар да жоқ болды ғой. Бір жағынан, біздің ауылда кейбір сабақты шынымен-ақ, мандытып түсіндірмейтін. Мен өзім астрономия сабағына қатты қызығатынмын. Ол пән өзі 11-сыныпта ғана болды, аптасына бір-ақ рет. Бірақ сол сабақ болатын күні мұғалім сабақты мүлдем өткізген емес, күзде алған кітапты мамырға дейін ашпай кеттік. Астрономия кітабының сыртындағы әдемі жұлдыздардың, планеталардың суретіне қанша қызықсам да, соны бір түсіндіріп беретін мұғалім болмады. Аспан әлемін, Жердің, Күннің қызықты құпияларын түсіндірсе ғой деп армандаушы едім. Сол күйі астрономия пәнін оқымай өткізгеніміз өкінішті.
Міне, ауыл балаларының білімінің төмен болуының себептері осы шығар. Ауылдағы «қызылмен» бітіргендердің деңгейі қаладағылардың 4-пен бітіргенімен тең.
Газеттеріңіздің өткен сандарының бірінде жазылғандай, «Өзімнің студенттік шағым мен қазіргі күнді салыстырсам, менің алматылық курстастарымның арасында орыс тілін нашар білетін балалар көп болды, оқу тек күндіз ғана жүретін. Бірақ алыс ауылдардан келген ұл-қыздар орыс тілін меңгеруге қатты тырысып, институт бітіргеннен кейін тілді еркін меңгеріп қана қоймай, керемет білікті маман болып шығатын, олардың кейбірі тіпті танымал ғалым атанды», – дейді медицина ғылымдарының докторы, қазір 85 жастағы тәжірибелі акушер Надежда Мизинова.
«КазМУ-дің асханасында кезекте тұрып, орыс тілінде қандай тамақ сұрайтынымызды іштей тәптіштеп қайталап, қатесіз, мәдениетті түрде айтуға тырысатынбыз. Автобуста, көшеде, саябақта болсын, үнемі өзімізді мәдениетті ұстауға ұмтылатынбыз. Білімге, оқуға, беймәлім нәрсенің бәрін де шаршамай үйренуге біздің курстастарымыздың бәрі бірдей құштар еді», – дейді 80-жылдары ауылдан келіп, Алматыда оқуын бітіріп, осы қалада тұрақтап қалған шешемнің үлкен әпкесі.
Ал қазіргі жастар қандай? Олардың бойында білімге, дүниені тануға, мәдениетке деген құлшыныс болса дейміз.
Сания ИСЕМБАЕВА,
Алматы облысы
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
Қала мен дала алшақ емес
Жалпы алғанда, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық мәселесі өз өзектілігін жоғалтпайтын «мәңгі» тақырыптардың бірі. Мұндай қарама-қайшылық елді мекендердің қала және ауыл болып бөлінетіні кез келген елге тән. Біз секілді ауылдық халықтың үлесі 45 пайыздан асып жығылатын мемлекет үшін бұл мәселенің ушыға беретіні заңды құбылыс.
Кеңестік Одақ уақытындағы Қазақстанның даму ерекшелігіне байланысты демографиялық, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұрғыдан алғанда қала мен ауыл арасында жер мен көктей айырмашылық орнағаны белгілі. Нәтижесінде елімізде бір-бірімен менталды деңгейде жанаса бермейтін екі әлеуметтік орта қалыптасты. Мәселе тек ауыл жастарының білім деңгейінің таяздығымен, не болмаса олардың тілді білмеуімен ғана шектелмейді. «Ауыл балалары неге артта қалады» деген сұрақтың астары әлдеқайда кең. Бұл — дүниетанымдық, мәдени және рухани деңгейдегі қарама-қайшылық.
Біз қоғамдық пікірді зерттеу кезінде міндетті түрде қалалық және ауылдық елді мекендерде тұратын респонденттерді бөліп қарастырамыз. Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, барлық мәселеге қатысты осы екі ортаның адамдары екі түрлі пікір білдіреді.
Алайда ауыл мен қала халқы бұл бір-бірінен оқшау өмір сүретін топ емес. Соңғы жиырма жылда ауылдан қалаға қарай тұрақты миграциялық толқын орын алған. 90-жылдары көшіп кеткен халықтың орнын ауыл халқы белсенді түрде толтыруда. Келіп жатқандардың басым көпшілігі жастар екені айтпаса да түсінікті. Олардың қалалық елді мекендегі үлес салмағы артқан сайын, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та азая бермек. Осылайша, кеңестік дәуірде кең етек жайған ауылдық «комплекс» те өз мағынасын жоя береді.
Мысал ретінде Алматыны алып көрейік. Қазір ауылдан келдім немесе тілді білмеймін деп ұялатын жастарды таппайсыз. Себебі әлеуметтік орта қазақыланған. Қоғамдық орындарда, қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүргендердің басым көпшілігі – кешегі ауылдың түлектері. Орыс тілін таза білу қажеттігі азайған. Ал білім деңгейіне келетін болсақ, білім сапасының төмендеуі қазіргі күні жалпы үрдіске айналды. Қала болсын, ауыл болсын орта білімнің деңгейі күрт түсіп кетті.
Менің ойымша, ауыл жастарының артта қалуы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, қалыптасқан ақпараттық теңсіздік туралы айту қажет. Интернетті пайдалану көрсеткіштері бойынша ауыл тұрғындары айтарлықтай артта қалған. Ал қазіргі технологиялар мен ақпараттық заманда жастардың білім алуы мен азаматтық көзқарасының, дүниетанымының қалыптасуында бұл фактордың рөлі ерекше. Интернет пен компьютерді меңгермеген жастар қазіргі заманға бейімделе алмайтыны айдан анық.
Екінші мәселе – мәдени, спорттық инфрақұрылымға қол жеткізудегі теңсіздік. Ауылда жастардың бос уақытын өткізу мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі. Спорттық және мәдени үйірмелер жоқтың қасы. Ауыл жастарының жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізетін бірден-бір мәселе осы. Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе бар. Ол – ауылда сапалы медициналық қызмет алу қиындығы. Әрине, қалалық жерде де жағдай мәз емес. Бірақ ауылдардағы мемлекеттік емханалардың жұмысына қарап қарның ашады. Жылдағы оқушылар арасындағы медициналық тексерулердің жай формалды нәрсеге айналғанын айтпағанда, науқастарға уақытында диагностика жасаудың өзі қиындықтар тудырады. Сол себепті де ауылдық жерлерде бала мен ана өлімінің көрсеткіштері жоғары болып тұр.
Осылайша, ауыл баласының мәселесі айналып келгенде, жалпы ауыл мәселесіне тіреліп тұр. Тек ауылдық жердегі өмір сүру сапасын жақсарту арқылы ғана ауыл баласының еңсесі түзелмек.