АЛТЫНОРДА
Новости

 Ауыл қазынасына қаржы салу қажет

Ел Парламенті, билікпен бірлесіп, «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттерді заңнамалық тұғырмен қамтамасыз ету ісіне белсене кіріскен. Осы орайда кеше Мәжілісте Президенттің сол Жолдауында белгіленген қос бірдей заң жобасының тұсауы кесілді. Естеріңізде болса, таяуда Ақордада өткен Кәсіпкерлер кеңесінің отырысында Қазақстан Көшбасшысы бизнесмендерге қайырылып, оларды енді өздерінің туған, кіндік қаны тамған жерге барып, қаржы салуға, өзін өсірген елмен енші бөлісуге шақырғаны бар. Кешегі жиында осы үндеудің сыры мәлім болды.

Ел Үкіметі Мәжіліске «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілет­тіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізді. Бұл жобалар Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауын, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. Қос жоба ауылдар, кенттер және аудандық маңызы бар қалалар халқының жергілікті мәселелерді ше­шудегі рөлін арттырады. Бұл үшін Үкімет жаңа тетікті – ауыл, поселке және ау­дандық деңгейдегі қала тұрғындарына «жергілікті қоғам­дастықтың жиындарын (сход)» шақыруды ұсынады. Үкіметтің ұстанымынша, осы жиын-сходтар арқылы тұрғындар жер­гілікті мәндегі барынша маңызды мә­селелерді шешуге тікелей қатыстырылады. Өңірлік даму ми­нистрінің бірінші орын­басары Қ.Өскен­баевтың айтуынша,осы жиын-сходта тұрғындар сыйлы адам­дардан 10-20 делегат таңдап, «Жергілікті қоғамдастық жиналысын» қалып­тастырады да, соған туындаған ағымдағы мәселелерді шешуге өкілеттік береді. Бірінші вице-премьер осы 10-20 адамның жергілікті қазына қаржысының қалай жұмсалып жатқанына мониторинг жүргізе алатындығын айтады.

Әйткенмен, қалаулылар сол жиын-сходтарда елді мекендегі барлық тұр­ғындар пікірінің ескерілетіндігіне күмән­данады.«Бұл жергілікті жұртшылықтың жік-жік болып, араздасуына, рушылдық бөлінушіліктің күшеюіне ықпал етпей ме?» деп қауіп қылады олар. Осы күдікті заң жобаларындағы кейбір шикі тұстар күшейте түсті. Мәселен, әлгі «10-20 деле­гаттың» мониторингті қандай әдістеме негізінде жүргізетіндігі туралы сұраққа Үкімет өкілі мандытып жауап бере алмады. «Бұл жерде неден алаңдап отырмыз? – деді депутат Серікжан Қанаев. –Қазірден біз көріп отырмыз, бір ауылдың төрт бұрышында төрт бейіт бар! Бөлініп жатыр. Ертең қалай болады? Біз қазір заңмен осыған жол беріп, қырқыстырып, ары қарай бөлеміз. Осыны байқау керек. Елбасы ең бірінші кезекте бірлік-ынты­мақ жайын ойлау керек деді» деген ол жергілікті өзін-өзі басқаруға ұсынылып отырған бұл тетіктерді жұмыс тобында пысықтауды ұсынды. Өз мәселесін өзі шешуі үшін ауыл бас­шысына төл бюджетін беру керек. Жолдауда Н.Назарбаев осыған міндеттеген болатын. Бұл тапсырманы орындау мақсатында заң жобаларын әзірлеушілер жергілікті ауылдық бюджетті толтырудың көздерін анықтапты. «Бұл ретте әкімдерге өз қарауындағы мүлікті жалға беруден түсетін табыс, тұрғындардан жиналатын ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілік салымдар, айыппұлдардың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру ақысы есебінен төл кіріс көздерін қалыптастыруға құқық берілмек» деді Қайырбек Өскенбаев. Ал бюджетке байланысты депутаттарда көп сауал туындады.

– Ауыл әкіміне осы заңмен қа­зы­на­шылық органдарында арнайы есепшот ашуға рұқсат етіледі, – деп түсін­дір­ді Өңірлік даму бірінші вице-ми­нистрі. – Сол есепшотқа клуб, стадион сияқты мү­ліктерді концерт және басқаға жалға беруден, жарнама орналастырудан және басқалардан түскен ақшалар тегіс құ­йылады. Ауыл әкімі кейін сходта тұрғын­дармен ақылдасып, өздері шешіп, сол қар­жыны жергілікті шараларға жұм­сайды.
– Менің түсінуімше, сонда ауыл әкі­мінде ресми түрде бюджет деген бол­май­ды, тек есепшот ашылады, – деді депутат Ш.Мырзахметов. – Ал бізде шалғай жат­қан ауылдарға концерт те бармайды, демек, шотқа да ақша түс­пейді. Олар ата-баба жерінде отырып қалғаны болмаса, ол жерде ешқандай қызық жоқ. Қараң қалған ауыл қараң қала бере ме? Неге Үкімет ой­ланбайды, мүмкін, ресми бюджетін беру керек шы­ғар? Өз әріптесін қолдаған депутат Ольга Киколенко: «ауылдарға жарнама беру­шілер қайдан барсын?» деп бас шайқа­д­ы. Оның мәліметінше, осы заң жобала­рына берілген сараптамаларда ауыл әкіміне ұсы­нылғалы отырған кіріс көздерінің «тұ­рақсыз сипатта» екендігі атап айты­лыпты. «Біз ауылдарды ажыратып көрсет­­кен жоқпыз ғой, – деді Өңірлік даму бірін­­ші вице-министрі. – Үлкен жолдар­дың бойында орналасқан ауылдар бар, олар­дың бильборд орнатып, басқа да сырт­­қы жарнамадан пайда табу мүмкіндігі бо­лу­ға тиісті». Ал «кіріс көздері тұрақсыз» деген дәйектемеге жауап ретінде Үкімет өкілі осы заң қабылданған соң, Үкіметтің ауыл­дарды далаға тастамайтындығын нық­тады.

– Ауылдың бюджеттен қазір алып отыр­ған қаржысы ары қарай да қалады! – деп сендірді Қайырбек Өскенбаев. – Ауылдар оны толық ауқымда алатын болады. Атап айтқанда, әкім аппаратын және ғимаратын ұстап тұру шығын­да­рының сыртында, мектепке дейінгі тәр­бие және білім беру, оқушыларды мектепке және үйіне тегін жеткізуді ұйым­дастыру, мұқтаж жандарға әлеу­меттік көмек көр­сету, ауыр сырқаттар­ды таяу жердегі ден­саулық сақтау ұйымы­на жеткізу, елді ме­кендерді сумен жабдық­тау, мемлекеттік тұрғын үй қорын сақтау, көшелерді жа­рық­тандыру, санитария­ны қамтамасыз ету және басқалары орта­лық бюджеттен мақ­сатты түрде қаржылан­дырылады.

Үкімет енді ауылдарға қайырымды­лық және демеушілік көмектердің бет қоятын­дығына сенім артады. Оның үстіне Ақор­дадағы жиында Мемлекет басшысы қал­талы кәсіпкерлерге осыны құлаққағыс еткен. Бұған қоса,осыған дейін бизнес­мен­дердің мұны жасауға деген ынта-ықыласын жойып келген бір мәселе шешілгелі тұрған көрінеді.
– Осында отырған азаматтар да өз туған жерлеріне жаны ашиды, – деді жиынға қатысушы депутаттар мен шен­ділерге жүгінген Өңірлік даму ми­нистрінің бірінші орынбасары. – Көп азаматтар сол ауылдарына тікелей ақша жұмсағысы келеді. Көп ауылдардан мықты тұлғалар шыққан. Бірақ бұған дейін олар қаржы­сын тікелей бюджет­ке жібере алмайтын. Аймаққа берсе, көң­і­лі толмайды, өйткені олар «облысқа берген қаржы ауылға жет­пейді» деп айтады. Ал ол азаматтарға ауыл­дастары келіп, «өзенге бөген салу керек» дейді.

Әрине, бизнесменнің уақыты ақша, оны ауылға жиі баруға, не сонда жата-жастанып, құрылысты қадағалауға шы­ғындай алмайды. Енді ауқатты азамат­тарға қайырымдылық қаржыларын ті­келей сол ауылдың есепшотына салуға мүмкіндік берілмек. «Енді ешқандай кедергі жоқ. Коррупциялық та, басқа да мәселе жоқ. Өйткені сайланатын ауыл әкімінің жұ­мысы жұртшылықтың көз алдында бо­лады. Тұрғындар жиын-сход­та келген қар­жыны өздері жергілікті мәселелерді шешуге бөледі» деді Қ.Өс­кенбаев. Жобада ауылдарды оңтайландыру мәселесі қарастырылыпты. «Ол қандай өлшем-критериймен жүреді? Жерге ме, әлде адам санына қарай ма?» деп сұра­ды депутаттар. «Адам санына байланыс­ты!» деді бірінші вице-министр. Министр­ліктің дерегінше, Қазақстанда 6 мың 936 ауыл бар екен. Соның 1 мың 310-ы – үл­кен, 5 мың 192-сі – орта деңгейлі ауыл­дар көрінеді. 409 ауыл – кішкене ғана елді мекендер делінді. «Оның ішінде мы­салы, разъездер, стансалар бар, – деді Қ.Өс­кенбаев. – Олар өз күнін өзі көреді. Оны Көлік министрлігімен, темір жолмен жұмыс істеп, орнына келтіреміз. Ал қал­ғандарымен не істеу керектігін қазір ой­ластырып жатырмыз. Мектеп, дә­рі­герлік амбулатория, асхана болуы қажет пе? Үлкен кісі бізге күзге дейін тапсырма берді, Экономика министрлігімен бірге біз 409 ауыл мәселесін біржақты етеміз».

Айхан Шәріп

http://www.aikyn.kz