«Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетілген кезекті 16 сериалды көркем фильмнен кейін туған ой. Әңгіме – «Ауыл сақшысы» сериалы хақында болып тұр. Оның премьерасы таяуда ғана «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілді.
Барлығы 16 сериядан жұптасқан жобаны көкейтесті мәселенің үгін арқалаған қазіргі қазақ сериалдарының қатарына батыл түрде кіргізуге болады. Сериал – бірегей. Оның бірегейлігі сонда, фильмдер жинағы – үлкен бір қазақ аулының Шаңырағында тұрып жатқан, қазіргі заманның шақыруына бір кісідей үндесуге дайын халықтың бар болмысын көрсетуге бағытталған. Әзіл-оспақтан да кенде емес, әрі ауыл деп соққан үлкен жүректің жылуы ешбір боямасыз көрініспен, шынайы сезім арқылы баяндалады. Сюжеттің негізіне – «Біздікі – бөтендікі» немесе «сенікі – менікі» деген баршамызға бағзы заманнан таныс классикалық желі алынған. Ет пен сүйегі қалалық болып қалыптасқан уыздай жас полиция лейтенанты қызмет бабы арқылы кездейсоқ тапсырмамен ол үшін ашылмаған аралдай көрінген ауыл өмірінің үстінен түседі. Ауылдың – не, ата дәстүрдің қандай болатынынан бейхабар жас осы жерде өз басынан сан түрлі хикаяттарды кешіре бастайды.
Бір қарағанда қарапайым ғана оқиға тәрізді көрінгенмен, ол өрістеп дами келе шынайы өмірге ащы шындықтың мәселелерін туындатады. Отағасы сақалын белуарына түсіріп, төтенше қылық, бөтенше мінез танытса, отбасы қайтпек? Жер сатамын деп арандап, ата-бабасының аруағының қарғысына ұшыраса не болғаны? Шынайы байлық жер қойнауындағы сары алтын ба, бір-бірімен бауырласып күн кешкен саф көңілді ауыл адамдары ма? Осы сериалда осынау сауалдарға қазіргі заманғы кино мен теле-нің тілінде өте қызықты да тұшымды жауап аласыз!
Бір қарағанда, яғни қазіргі өлшеммен бағамдасақ, шағын ғана сериал Қазақстан құқық қорғау органдарының құзыры мен мәртебесін асыруда орасан зор насихаттық жобаның жүгін көтеріп тұрғандай әсерде қаларыңыз ақиқат. Салмақты шығарма желісі иығына погон таққан жанның жалпы қоғамнан жатбауыр тартып бара жатқанына жанашырлық танытады. Фильмді көре отырып, ары мен адалдығына дақ түсірмеген балғын болса да тұла бойы буырқанған жалынға, жігерге толы жас жігітке жанашырлық білдiре түсіп, оның шынайы жүрек лүпілін сезіп, сүйсінесің. Барлық полиция қызметкерінің жанының тазалығы осы жігіттің жүрегіндей аппақ болса етті, қиын-қыстау кезеңде немесе өмірдің сан-тараулы қилы сәттерінде әрдайым осы жандай көмек қолын созуға дайын тұрса екен, шіркін, деп тілейсің.
Аталмыш сериал – жаңа заманғы полиция қызметкерінің болмысын боямасыз баяндайтын баллада іспетті. Өмірде ысылмаған, бірақ кіршіксіз таза көңілді, ыстық жүректі жалынды жасқа жобаның авторлары – сценарийші Бейбарыс Жұманиязов, режиссер Сәбит Құрманбеков, продюсер Виктор Климов бірлесе отырып,ізгі ниетпен ерекше сенім артуы да сондықтан болар деп түсінеміз. Шынтуайтына келгенде, авторлар тобының бұл ниеті қазіргі барша жастарға – сенім көрсету болып дәріптелетіндей. Бұл ұғым да біздің қазіргі өмірімізге дендеп кірді, оның шешімі – әділ, бағыты – түзу. Демек, бұл – әңгімеміздің әуел басында айтқан қайырымы мен мейірімі мол шапағы нұрлы заман есігімізден именбей кіріп келе жатыр деген сөз…
Талғат СҮЙІНБАЙ, Алматы
http://www.aikyn.kz/articles/view/39609