АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласының нысандарын аралады

04b51836b5ef948c0113a892f4c6c724Алматы облысының әкімі А. Баталов жұмыс сапарымен Талғар ауданына барды. Өңірдегі ауыл шаруашылығы мен өңдеу салаларының бірқатар нысандарында болды.

 

Облыс басшысы алдымен сапарын балаларға арналған сүт және сүт тағамдарын шығаратын Қазақ тағамтану академиясының «Амиран» зауытынан бастады.

Мұнда зауыт басшысы Алла Пак өндіріс жұмысы туралы баяндап берді. А.Пактың айтуынша, 2010 жылы іске қосылған зауыт жылына 1500 тонна балаларға арналған тағамдар шығаруға қауқарлы. Зауытты ашуға 1300,0 млн.теңге жеке қаражат тартылған. «Амиран» 2015 жылдың алғашқы төрт айында 315,2 тонна сүт, 203,8 млн.теңгеге 394 тонна өнім өндірген. Мұнда балаларға арналған сүт тағамдарының 11 түрі шығарылады.

Облыс басшысы А. Баталов зауыттың  шикізаттан дайын өнім күйіне дейінгі процестер жүретін цехтарын аралап көрді.

Сонымен қатар зауыт шикізат үшін сыртқа тәуелді болмау, кәсіпорынды өз шикізатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы сүт-тауарлы фермасын құрған. Облыс әкімі аталмыш нысанды да назардан тыс қалдырған жоқ. Сиырлар тұратын арнайы орындарды, сиыр сауатын цехтарды аралады. Мұнда Канададан әкелінген асыл тұқымды қала-ала сиырдың 800 басы өсіріліп отыр. Сиырды американдық «Baumatic» фирмасының автоматты  құрылғысы сауады. Мамандардың айтуынша, бір сиырдан орта есеппен күніне 27 кг сүт сауылады екен.

e62b119cdd1c2d2d9c6334eaaec18556

Мұнан соң облыс әкімі А. Баталов «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС-ның 2000 тоннаға лайықталған жеміс-жидек сақтау қоймасында болды. Австралиялық технологиямен салынған қоймада жеміс-жидектер жыл бойы сақталынады. Қоймаларды аралатып көрсеткен серіктестік директоры Насыр Камалов «Агробизнес — 2020» бағдарламасы шеңберінде  серіктестік инвестициялық салымы 68,6 млн. теңге сомаға субсидияланғанын атап өтті. Және үлкен трассадан Гүлдала ауылына қарай өтетін жолдың қоймаға дейінгі 30-40 метрлік жолына асфальт төсеп беруге көмек сұрады. А. Баталов аудан әкімі Р. Садықоваға тек қана 30-40 метрді емес, үлкен жолдан Гүлдала ауылына дейінгі жолды тұтасымен жөндеу туралы тапсырма берді.

Облыс әкімі бастаған делегация мұнан кейін осы серіктестіктің Еңбекшіқазақ ауданының аумағындағы 45 гектар жерді алып жатқан алма бағы «AMAL BIO» ЖШС-да болды. Тамшылатып суару әдісімен өсірілетін бақта бүгінгі күні 127 000 түп алма, алмұрт, шие көшеттері отырғызылған. Нәтижесі жаман емес, жемістер көз тұндырады. Биылғы жылы бақтағы алманың интенсивті сорттарынан 400 тоннаға жуық өнім жинау жоспарланған. Мұндағы жемістер өңделіп, нарыққа дайын өнім түрінде де ұсынылып отыр.

Сапар соңында облыс әкімі Амандық Баталов:

—                     Алматы қаласының маңында азық-түлік белдеуін дамыту туралы Елбасы тапсырмасына орай қазіргі кезде ауыл шаруашылығында кластерлік жүйені қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Амиран» зауытының сәбилердің құнары бай сүт тағамдарын өз шикізатынан өзі өңдеп тұтынушыға жеткізуі, «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС қалыптастырып отырған өсіру, сақтау, көліктік логистиканы дамыту, өнімдерін Алматы нарығына шығарудағы кластерлік жүйесі бастамаларымыздың нәтижелі болатынын көрсетіп отыр. Біз жаңа технологиямен жұмыс істейтін, әлеуеті зор, құлшынысы жоғары, ұсынған жобасы өміршең кәсіпкерлерге субсидия беру, инфрақұрылым жүргізу, жер бөлу мәселелері жағынан барынша қолдау жасауды жалғастыратын боламыз, — деді өз сөзінде.