Жүзім, жеміс-жидек егілген алқаптың көлемі облыста өткен ғасырдағы 1989-1990 жылдардағы көрсеткіштен аса бастады. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді.
Облыста суармалы жердің көлемі жылдан-жылға үздіксіз көбейіп келеді. Осы мақсатта жаңадан 292 мың гектар суармалы жерді іске қосу жөнінде арнайы іс-шара қабылданған болатын. Биылғы жылдың басынан бері 12 – 13 мың гектар суармалы жер іске қосылды. 2013 жылдың аяғына дейін тағы да 7-8 мың гектар егістік жер ауылшаруашылығы дақылдарын егуге жарамды болады.
Өткен жылы облыс тарихында алғаш рет бау-бақшадан 1 миллион тонна астам өнім жиналып, рекорд жасалған еді. Биылғы жыл да жемісті болды. Диқандар қажырлы еңбек етті. Соның нәтижесінде былтырғы үрдіс сақталып қана қойған жоқ, еселеп артты. Биыл 2,2 миллион тонна көкөніс пен бақша өнімдері жиналды. Қазір кеңес одағы жылдарындағыдай «диқандарға өлсеңдер де, тірілсеңдер да пәлен тонна өнім жинайсыңдар» деген міндеттеме берілмейді. Бірақ өнімділік пәлен тонна болғанда, төлендей өнім жиналады» деген болжам жасалады. Сол болжамның өзінен Оңтүстік Қазақстан облысында жиналған көкөніс пен бақша өнімдері 250 -300 мың тонна асып кетті.
Ауыл шаруашылығы облыс экономикасын өрге сүйрейтін салалардың біріне айналғаны шындық. Жалпы өнім биыл 100 миллиард теңгеден астам болып тұр. Өсім 3,5-4 пайыздың ол жақ, бұл жағында. Ал бұл — жоғары көрсеткіш. Мұндай жетістікке еңбекті ғылыми негізде ұйымдастырған, жаңа технологияларды өндіріске енгізен, диқандардың өз еңбегінің нәтижесін айқын сезінетіндей жағдайлар жасалған жағдайда ғана жете аласың. Мамандар қазір осындай қорытынды жасап отыр.
-Облыста ауыл адамдарының тұрмыстық әл-ауқаты да жылдан-жылға артып келеді. Бұған жерлерді түгендеп, егістік алқаптарды тиімді пайдалану бағытында соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстар тікелей ықпал етуде. Облыста өнімділікті арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Суармалы жердің көлемі осыдан 4 жыл бұрын 432 мың гектар еді. Бұл көрсеткіш биылғы жылы 520 мың гектарға жетті. Әсіресе, егістік жерді әртараптандыру жақсы нәтиже беруде. Облыстағы жүзім егілген егістік алқаптың жалпы көлемі 9 мың, ал жеміс-жидек өсірілетін егістіктің көлемі 19 мың гектарды құрады. Сөйтіп, біз Кеңес дәуіріндегі көлемге жетіп қана қоймай, одан аса бастадық,-дейді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов.
Егіс көлемі ұлғайған соң өнім көлемі артатыны белгілі. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстандағы оң өзгерістің сыры мұнда ғана жатқан жоқ. Әкім айтқандай, гәп мынада. Соңғы жылдары облыста жылыжайлардың жалпы көлемі 7,5 есе артты. Тек қана биылғы жылдың алғашқы жеті айында 105 гектар жылыжайлар іске қосылды. Қазір республикадағы барлық жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстік Қазақстанда.
Тамшылатып суару технологиясымен егін салатын диқандардың қарасы молайып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын облыста 1 мың гектар егістік тамшылатып суарылатын. Бұл көрсеткіш қазір 25 есе артып, 25,1 мың гектарға жетті. Биылғы жылдың 7 айында 4,2 мың гектар егістікке жаңа технология енгізілді. Ал тамшылатып суару арқылы гектар байлығын 2,5-4 есеге дейін арттырып жүрген диқандар бар. Қазір республика бойынша тамшылатын суару технологиясы енгізілген алқаптардың 72 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында.
Өсірілген ауылшаруашылығы өнімдерін жыл бойы сақтайтындай қоймалар салынуды. Қазір облыста қоймалардың сыйымдылығы 177 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары 9 есеге артты. Биылдың өзінде сыйымдылығы 20 мың тоннаға жуық бірнеше қойма іске қосылмақшы.
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы