Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов жайлы әңгіме қозғасақ, оның ерекше қасиеттерінің бірі жанашырлығы екенін айтуға тиіспіз. Ол – қолынан келгенінше жетімді жебеп, жесірді қорғап, мүгедек-мүскіндерге қол ұшын берген, халықтың сырын, ақынның жырын тыңдап, жанымен, тәнімен оларға қызмет көрсету арқылы өзіндік ізін қалдырып жүрген азамат.
Әкім болған кезінде, кіндік қаны тамған Жамбыл облысын ең алдымен Алла үйін – мешітті салудан бастап, облысты аяғынан тік тұрғызып, гүлдендіріп кеткен Серік Әбікенұлын халық әлі күнге дейін қастерлеуде.
Халық айна, халық таразы, халық қазына деп бекер айтылмаған. Ендеше, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы басшылыққа алып, алты жыл бойы Алматы облысында әкім болған Серік Әбікенұлы Жетісу халқының көңілінен шығып қана қоймай, әрдайым олардың жүрегінде қалды. Осыдан шамалы уақыт бұрын Серік Үмбетов жайлы «2070 күннің абыройы» атты мақала шыққан болатын, өте жақсы жазылған мақаланың тақырыбы дәлме-дәл қойылған. Себебі, Алматы облысында 2070 күн еңбек терін төгіп, адал қызмет етті. Бүгінгі күні көздің жауын алатын Талдықорған қаласындағы сәулетті ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлер шаһар сәулетіне көрік беріп, Қаратал өзенінің бойында ірге көтерген «Қаратал» шағын ауданы жайнап тұр. Достық үйі, Спорт сарайы, Тіл сарайы, тағысын тағылар жұртшылыққа қызмет етуде. Қаланың шығысындағы баһадүр бабамыз Қабанбай батырға, батысындағы Қабылиса, Ескелді, Балпық билерге, жыр алыбы Сүйінбайға, күй патшасы Нұрғисаға келер ұрпаққа ұлағат болатындай ескерткіштердің орнатылуына себепкер болған да Серік Әбікенұлы. Тіпті, ел аузында «Ескерткіш тұрғызғыш Үмбетов», «Қымызхана құрағыш Үмбетов» деген сөздер бар.
Алматы облысы секілді еліміздегі іргелі аймаққа басшылық жасаған жылдары жұртшылық сенімінен шыға білген Серік Әбікенұлына арналған Айдар Башбаев пен Сағыныш Намазшамова құрастырған «Жетісудағы жемісті жылдар» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапты басшылық етудің әдістемесі десе де болады.
«Қазақстанның болашағы –жастардың қолында», «Білімді жас – ел ертеңі» деп жастарға әрдайым сенім артатын Елбасының саясатын қолдап, білімді жас ұрпақты тәрбиелеуді іске асыру мақсатында балалар үйінде тәрбиеленген және жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы жастарға грант тағайындалғаны әлі есте. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып, талай-талай жас ұрпақ оқу орындарында білімін тәмамдап, үлкен өмірге нық қадам басуда.
Сол жастардың бірі мен едім. Осыдан алты жыл бұрын, 2009 жылдың шілде айында Талдықорған қаласында өткен «Көксу ауданының мәдениет күндерінде» баяндама оқып, жақсы қырыммен көзге түскендіктен, жастар арасында жігерлі де жалынды, өнерлі озат оқушы ретінде Серік ағамның арқамнан қағып, батасын бергені бар. Сол кезде маған «қайда оқуға барсаң да, өзім грантпен оқытамын» деп бүкіл жиналған халықтың алдында уәде беріп, сол уәдені бұлжытпай орындағаны ешқашан есімнен кетпейді.
Қақаған қыстың аязында полиция қызметкері болған әкем, қылмыскерді ұстап келе жатып, жол апатынан қаза тапты. 31 жастағы анам жесір, 9 жастағы інім мен 11 жастағы мен жартылай жетім қалдық. Соның барлығын ескере отырып, ақылы дария, жүрегі кең С.Үмбетов маған әкелік мейірім танытып, бауырына басып, басымнан сипап, «Бақытты бол, балам, қиналған сәтің болса, қанатымның астына аламын», деген еді.
Шынымен, уәдесінен бір таймай, маған көмек қолын созған, қиналған сәтімде ең алғаш қоңырау шалған кісі Серік ағам болды. Алланың қалауымен, Серік Әбікенұлының қолдауымен асқар таудай арманым орындалып, бүгінгі күні еліміздің ең іргелі оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің түлегі атандым. С.Үмбетовтің сенімін ақтау үшін бар күшімді салып, мақсатыма жеттім – қызыл дипломның иегері атандым. Қуанышым қойныма сыймай, «Мен сеніміңізді ақтадым, Серік аға!» деп Серік Әбікенұлына шексіз алғыс білдіру үшін араға бір-екі күн салып Астанаға тарттым, өкінішке қарай, депутаттық каникул кезіне түстім.
Мен Серік Әбікенұлының шапағатына бөленген 10 000-ның бірі шығармын. «Ештен – кеш жақсы» демекші, Серік Әбікенұлына өзімнің атымнан және барлық жетісулықтардың атынан бас иіп, шын жүректен алғысымды білдіремін. Жан дүниесі таза, өресі биік, жүрегі халқым деп соғатын адамның еңбегін жұртының білгенінен, халқының мойындағанынан асқан бақыт жоқ шығар, сірә!
Журналист те, жазушы да, тіпті, ақын да емеспін. Әйтсе де, жүректен шыққан сөз жүрекке жол табарына кәміл сенемін. Жүрегіне адамгершілік пен жақсылық дарыған Серік Әбікенұлымен танысу мен үшін өмірдің олжасы деп білемін.
Толғанай ӘБЕН,
заңгер.
http://egemen.kz/