Жақында Қостанай облыстық шығармашылық үйінде «Менің әлемім» деп аталатын көрме ашылды. Жұртшылық назарын ерекше аударған «Менің жұлдызым», «Жүрек», «От жанындағы жалғыздық», «Әлем көгершіні», «Құс жолы», «Періште» және басқа да шығармалардың авторы Майя Демеуова бұл туындылардың барлығын қолмен емес, аяғымен салған.
Қабырғаларға жағалай ілініп қойылған суреттердің әрқайсысында өзіндік айтар сыр мен мұң бар. Суретші қыздың табиғат көріністеріне қатты көңіл бөлетіндігі және суретті шебер салатындығы бірден көзге ұрып тұрды. Сол күні халық та көп жиналған екен. Оның ерекшілігі – суретті он екі мүшесі бүтін өзге суретшілердей емес, аяғының саусақтарымен салатындығы еді. Бояумен салған дүниелері кімді болсын тұңғиық ойға жетелейді, сезіміңді қозғайды. Қылқалам иесінің туындыларын тамашалағаннан кейін өзімен танысқым келіп, жан-жағымнан іздедім. Сөйтсем, ол залдың ортасында мүгедектердің арбасында отыр екен. Қандай сүп-сүйкімді ботакөз қыз. Бірақ тағдырдың жазуына не шара?! Өзімен кішкене де болса тілдесуге қаншама әрекеттенгеніммен, онымнан ештеңе шықпады. Өкініштісі сол, ол буынын ұстай алмайды. Соны көзіммен көріп, жүрегіммен сезіп тұрған соң оның жанын қинауды орынсыз санадым. Сол уақытта, менің ішкі ойымды оқып білгендей, Майяның анасы сөзге араласты. Кісіні жатырқамайтын ашық-жарқын мінезі, жүзінен арайланып төгіліп тұрған иманы да өзінің Сәуле деген атына сай екен. Қызы Майя, ұлы Жанат және сүйкімді немересі Дилназбен Амангелді ауылында тұрады. Жанұяның ұйытқысы болып отырған Сәуле қызы мен ұлына және немересіне қарап отырып, тағдырына шүкіршілік етеді. Бұрын қос перзенті кішкентай кезінде барлық ауыртпалық өзіне түсіпті. Бұл күндері Жанаты да жігіт болып, табыс таба бастаған. Анасына қаржылай көмек беріп тұрады. Тек өкінетіні – суының тұнығы, перзентінен алды Майя әу баста жарық дүниеге келмей жатып, миына зақым келгендіктен, өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге душар болғаны. Бұл, әрине, жүрегі нәзік ана үшін жеңіл соққы емес. Ер-азаматтың отбасында алар орны бөлек. Алайда Сәуле күйеуі Мейраштың дүниеден өткені өзіне жеңіл тимесе де кездескен қиындыққа мойымады. Қайта балапандарының болашағы үшін жігерлене түсті. Себебі оған босаңсуға болмайтын еді. Әрине, отағасының туған-туысқандары да қарап қалған жоқ. Қолтықтарынан демеп, керек кезінде көмектерін аямады. Бірде Амангелді елді мекенінде болғанымда, суретші қыздың жататын бөлмесін де көріп, өзінің жаңадан салған суреттерімен де танысқан едім. Сондағы алдымен назарымды аударғаны, оның өзі салған ардақты әкесі Мейраштың суреті еді. Осы портреттен-ақ қыз баланың жүрегінің нәзіктігі, әкеге деген шексіз махаббаты мен сағынышы сезіліп тұрды. Сонымен қатар қабырғаларға ілінген эстрада жұлдыздарының бейнелерінен де бойжеткеннің сұлулыққа шексіз құштарлығын, жаны ән мен тәтті әуезді қалайтынын байқау да қиын емес-ті. Соңғы біраз жылдардың жүзінде аяғының саусағымен сурет салатын Майя үшін шығармашылық тұрғыдан нағыз шарықтау кезеңі болды десек, орынды секілді. Оның суретшілік қырын, талпынысын байқаған кісілер де дер кезінде қол ұшын созды. Оның тұңғыш көрмесі 2000 жылы ұйымдастырылды. Одан кейінгі жылы Ақтөбедегі қалалық, Алматыда өткен республикалық «Синяя птица» байқауында көзге түсті. Сондай-ақ бұл үшін Мәскеудегі «Филантроп» халықаралық фестивалі жүлдесінің орны тіпті бөлек. Оған Қазақстаннан жалғыз өзі қатысты. Сол уақыттағы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қазақ қызына тікелей қамқорлық көрсетті. Әлемге әйгілі Третьяков галереясына бірінші топтағы мүгедек қыздың үш туындысы қойылып, қорға алынды. Бұл талантты бойжеткеннің өнердегі үлкен табысы болғандықтан, ол жақтан қанаттанып келді. Шығармашылыққа барынша ден қойды. Оразалы ЖАҚСАНОВ |