Кеше таңертең «Глонасс-М» үш жерсерігі бар «Протон-М» зымыран тасығышы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұша салысымен-ақ жерге құлады. Апатқа ұшыраған «Протон-М» ДМ-03М жылдамдық үдеткіш блогымен жарақтандырылған. 10-15 секунд ішінде құлап, отқа оранған зымыран тасығыш апатының себеп-салдары әлі толық хабарланған жоқ. Әзірге белгілісі, ақпарат агенттіктері таратқан мәліметтерге қарағанда, зымыранның бірінші сатыдағы қозғалтқышы толық іске қосылмауы себеп болған. Абырой болғанда, бұл апаттан адам шығыны жоқ және елді мекендерге де зардабын тигізбеген. Бірақ қауіп қайдан демеңіз, оның біртіндеп білінетін экологиялық салдары мен зардабын жоққа шығара алмаймыз. Осыған байланысты Премьер-министр Серік Ахметов кеше Байқоңыр маңайындағы экологиялық жағдайды зерттеу үшін қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа Үкімет жанынан құрылған комиссияны басқаруды тапсырды.
Апатқа қатысты нақты дерек айтылмағанымен, ақпарат агенттіктері белгілі деректерді ғана алға тартып отыр. Мәселен, «Азаттық» радиосы зымыран құлаған соң Байқоңыр қаласы мен Төретам, Абай ауылдарында өрт түтіні сары түсті бұлтқа айналып, аспанды жауып қалғанын хабарласа, апат болған уақыттан бастап үзбей ақпар берген «Интерфакс-Қазақстан», «ҚазАқпарат» агенттіктері зымыранның ұшырыла салысымен бесінші секундта-ақ ғарыш айлағының аумағына, старт алаңынан 1 шақырымдай жерге құлағаны туралы мәліметтер беріп жатты. Кейбір деректер бойынша зымыран апатынан жерге 500-600 тоннадай улы жанармай-гептил төгілді деген де хабар тарады.
Жел айдаған бұлт елді мекендерге «жайылмасын»…
Ал нақты ресми мәліметтер тек ел Үкіметінің отырысында ғана мәлім болды. Үкімет отырысында сөйлеген төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың сөзіне қарағанда, зымыран апатынан улы бұлт пайда болып, оның елді мекендерге қарай көшу қаупі туған. «Қазіргі кезде гептилдің жануынан ғарыш айлағының аумағында түтінді бұлт пайда болды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің хабарлауынша, жел солтүстіктен соққан, жылдамдығы секундына 2,6 метр. Бұлт полигон аумағынан асуы мүмкін», – деді түске дейінгі жағдайды баяндаған В.Божко. Оның келтірген деректеріне қарағанда, зымыранда 172 тонна гептил және тотықтырғыш болған. Қазір ресейлік тарап ғарыш айлағы аумағында химиялық қорғаныстың үш бекетін құрып, химиялық бақылау шараларын қолға алған. В.Божко бізге де экологиялық ахуалды мониторингілеу мәселесін күшейтіп, жарылыстың ықтимал салдарларын жіті қадағалау қажеттігін алға тартып отыр. Ал Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев зымыран жарылысынан кейінгі улы бұлт Байқоңыр қаласына дейін жетпейтінін, таяу елді мекендерге айтарлықтай зарарын тигізбейтінін айтады.
«Гептил толық жанып кетті» дейді
«Зымыран құлаған жерден Байқоңыр қаласына дейін 60 шақырым. Біздің мамандар таралуы мүмкін зиянды заттарды анықтау үшін ауа мен топырақтың сынамаларын алып отыр», – деді Үкімет отырысында Т. Мұсабаев. Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, әдетте гептил, амил және оттегі багы жерге бір мезгілде құлағанда жарылыс болып, зиянды гептил толық дерлік жанып, азот тотығына айналады. Ал ол аса токсинді болмағандықтан, халық денсаулығына бәлендей қауіпті емес. Оның үстіне, жауған жаңбыр да жағдайды біршама жеңілдеткен.
Бірақ қамсыз отыруға хақымыз жоқ
Үкімет басшысы Серік Ахметов апаттың айналаға ықпалын зерделеу үшін қоршаған ортаны қорғау министрі басқаратын үкіметтік комиссия құруға тапсырма берді. «Ғарыш айлағындағы штаттан тыс оқиғаның экологиялық ахуалға және Қазақстанның жапсарлас аумақтарына тигізер әсерін зерделеу үшін қоршаған ортаны қорғау министрі басшылық ететін үкіметтік комиссия құруды тапсырамын», – деді Премьер-министр. Бұл комиссия өз жұмысына кірісіп те кетті.
Ерғазы НҰРҒАЛИЕВ, Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы:
– Апат Астана уақытымен 08:38-де болып, «Протон» зымыран тасығышы жалға берілген ғарыш айлағы аумағына құлады. Ресей тарапының хабары бойынша, бұдан жергілікті тұрғындар мен ешқандай нысан зардап шеккен жоқ. Апат жағдайында жалға алушы жақ аумақты толық жауып, ол жаққа әзір ешкім жіберілмей отыр. Жедел түрде арнайы бригада құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Болжамымыз бойынша, зымыран құлағанда оның ішінде гептил мен амил болды. Жарылыс кезінде гептил мен амил қосылып, жанып кетті. Ауаға тек олардың қалдығынан оксид азоды ғана тарайды. Зерттеу кезінде ол туралы ақпаратты тұрақты беріп тұратын боламыз. Апатқа жауапты Ресей Федерациясы болып табылады. Апат орын алған жерден Байқоңыр мен Төретам 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ желмен ауаға тараған түтін елді мекендерге тез баратынын ескеруіміз керек. Екінші жағынан оксид азоты өте қауіпті. Байқоңырдағы ғарыш агенттігіне қарасты басқарманың ғылыми-зерттеу зертханасы апат зардабының қалай болатынын толық зерттейді.
Ресей тарапы экологиялық зардап үшін өтемақы төлеуі тиіс
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бұл Қызылорда облысы аумағында орын алып жатқан бірінші оқиға емес. Ішінде ғарышкерлері бар және жүк тасығыш зымырандар жиі ұшырылып жатады. Мысалы, 2005 жылы құлаған зымыран Қармақшы ауданына түсіп, жердің үлкен көлемін ойып тастаған еді. Протонның бір тиімсіздігі ол өте ауыр зымыран әрі гептилмен ұшырылады. Гептил деген – өте улы зат. Ол ауаға тараса, барлығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Біріншіден, жан-жануарларға, одан қалса, экология үшін өте қолайсыз. Ресей тарапы зымыран құлаған сайын уәдені үйіп-төгіп, алдын аламыз деп мәлімдейді. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Мысалы, АҚШ, Франция секілді елдер зымыран ұшырғанда гептилмен ұшырмайды. Тек арзан болғандықтан, ресейліктер осы отын түрін пайдаланып отыр. Екіншіден, Қазақстаннан ұшыратын болғандықтан, жалға алушы Ресей оған бола алаңдамайды. Бұл мәселені Қазақстан Үкіметі 2005 жылы үлкен мәселе етіп қойғанымен, әлі күнге нәтиже жоқ. Сондықтан біз гептилмен ұшырмаудың жолын іздестіруіміз керек. Құлаған сайын адамдар ауырып, өлім-жітім де орын алып жатады. Бұған қатысты деректер мейлінше жабық күйінде қалдырылуда. Сондықтан адам денсаулығы мен келтірген шығынына Ресей Федерациясы өтемақы төлеуі тиіс.
Апат аймағымен шектесетін облыстарды да улы қалдықтан тазартуды ойлаған жөн
Аманкелді МОМЫШЕВ, ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:
– Ауаға кең көлемде тараған гептилдің зияны өте көп. Ол бір жағынан адамдарды науқас қылса, екінші жағынан шөп арқылы малды улайды. Ауыл шаруашылығында оның кері әсерлері өте көп. Мысалы, Байқоңырға іргелес жатқан Қарағанды облысының аумағында гептилден уланған малдар жетерлік. Одан қалса, Бетпақдалада мыңдап өрген ақбөкендердің жаппай қырылуына да әсерін тигізбей қоймайды. Қазір Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы апаттың себебін ғана айтып жатыр. Біз апат аймағын, онымен шектесетін облыстарға тараған улы қалдықтардан тазартуды да естен шығармауға тиіспіз. Себебі гептил ұзақ уақыт бойы тараған аумағында сақталады. Сонымен қатар, ол жерде жайылған малдың етін экспорттау тұрмақ, жеудің өзі – өте қауіпті.
Автор: Өмірұзақ БАУЫРЖАН, Астана