АЛТЫНОРДА
Новости

Азамат…сыз ба?

Тәуелсіздіктің 22 белесін артқа тас­тадық. Тәуелсіздік құрдастары 22-ге келді. Тәуелсіздіктің төл балалары мемле­кеттік тілді меңгермей өсіп келеді. Осы қаншалықты дұрыс? Немесе неге бұлай деп неге ойланбаймыз?..


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Болашақ­қа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды» деп атап көрсет­ті. «Мемлекет пен азаматтың мақ­сатта­ры барлық бағыттар бойын­ша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңыз­ды» деп негізгі ойын шегелей түсті.

Мемлекет – біздікі. Азамат деген кім?

Азамат деген сөзде үлкен мән бар. Бізде кім көрінген елдің азаматтығын
ала бе­реді. Осы жөнсіз!

Мемлекет пен азаматтың мақсатта­ры барлық бағыттар бойынша сәйкес ке­луі үшін не істеу керек?
Ол үшін АЗАМАТ деген сөздің дәл анықтамасын жасап, қоғам назарында ұдайы ұстап отыру қажет. Қазақстан азаматы деген жай ғана сөз емес, абыройлы атақ болуы тиіс.

Қазақстандық патриотизм туралы жиі айтамыз. Қазақстанда туу – аз. Қазақстанда қазақ болып өмір сүру ке­рек. Қазақстан­ның барлық азаматы тең құқыққа ие дейміз. Олардың Отан алдындағы жауапкерші­лігі немен өл­шенеді? Отаншылдықпен! Отан на­мысымен өлшенеді. Демек, тәуелсіз елдің әр азаматы Қа­­зақ елін өз елім, өз жерім деп түсі­нуі, со­лай тірлік етуі басты шарт. Ал мемлекеттің тілін білмей қалай азамат атануға болады? Егер Қазақ елін­де мемлекеттік тіл – азғантай ғана ұлыс адыгейдің тілі болған болса, 16 миллион халық сол тілді білуі, сол тілде сөйлеуі, сол тілде қарым-қатынас жа­сауы тиіс.
Бұл Мемлекетке деген азаматтар­дың құрметі. Осы құрмет бізде неге жоқ?!.

Қазіргі бағытпен кете беретін бол­­сақ, 2050 жылы да қазақ тілін білмей өскен ұрпақ азамат атанып, тең құқыққа ие болуы мүмкін. Сондықтан не істеген жөн? Менің ойымша, талапты қатайту керек. Мәселен, 16 жасқа толған жасөс­пірім Қазақстан азаматы деген  төлқұ­­жат ала­ды. Мемлекеттік тілді меңгермей өскен адамға азаматтық құжатты бер­меу керек. Басқа жақтан келіп, Қазақс­тан азамат­тығын алғысы келетін адам болса да оған да осындай талап қойылуы тиіс.

Қазақстан азаматы деген ұғымның артықшылығы көзге көрініп тұрғаны аб­зал. Сонда ғана халық мемлекетті сыйлай­тын болады. Егер мемлекеттік тілді меңгер­гісі келмейтіндер болса, онда оларға зор­лық жоқ: өз кәсібін ашып, нәсібін теріп жей берсін, басқа қанша тілді игеріп-ақ жүре берсін…Бірақ олар ел азаматы жасай­тын істер­ге араласа алмайтын болады. Сайлау­ға, сайлануға құқығы болмайды. Басқа да толып жатқан мемлекеттік істерге тіке­лей араласа алмайды. АЗАМАТ деген­­нің артықшылығы сонда.

Қазақ көңілі толған адамға «Е, аза­мат!» деп сүйсініс білдіреді. Елдің жүгін арқа­лаған адам ғана сондай алғысты алады.
Қазақстан азаматы болу – мемле­кет пен халықтың жүгін арқалау. Мемлекет «менің тілімді біл» дегеннен өзге жүк артып отырған жоқ. Халық бұл іске тілегін де, жүрегін де тосып отыр. Сонда Қазақстанның қанша байлы­ғынан дәм татып, ауасын жұтып, суын ішіп, жерін басып отырып қазақтың тілін үйре­ну соншалықты ауыр жүк болғаны ма?

Азамат деген сөзге мемлекеттік тұрғы­дан салмақ салатын уақыт жетті. Сіз АЗАМАТсыз ба?!.

Нұртөре ЖҮСІП

http://www.aikyn.kz