АЛТЫНОРДА
Новости

Азаматтығы жоқ азаматтарды өзіміз көбейтіп жатқан жоқпыз ба?

turkystan.kz фотоҚР «Азаматтық туралы» Заңындағы кемшіліктерді бұған дейін де жазған болатынбыз. Өкініштісі сол, бір кездері елімізді тастап кеткен беларус, украин, орыс, неміс ұлтының өкілдеріне азаматтық беруде бар жағдайын жасап қойған Заң шеттен келген қандастарымызға келгенде сараңдық танытып жатады. Кешелі бері әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында «Азаматтығы жоқ тұлға» атанған Қалқаман деген баланың жайы сөз болып жатыр. Азаматтық мәселесін үзбей жазып жүрген «Алаш айнасы» басылымы бұл мәселеге де арнайы тоқталуды жөн санады.

Біріншіден, бай-бақуаттылар келіндері мен әйелдерін АҚШ-та туғызу арқылы балаларына қос азаматтық алып беруде. Екіншіден, еліміздегі Ресей елшілігі мемлекет аумағынан шықпаған орыстарға азаматтық беру мәселесін жолға қойып тастаған. Үшіншіден, 3 жыл қазақстан азаматшасымен отасқан шетелдіктерге азаматтықты сыйлай салатын болдық. Заңымыз солқылдап, осының бәріне жол беріп қойғанымен, қандастарға келгенде тым қатал-ақ.

Мәселен, осы аптада оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігі мен халықаралық «Түркістан» газеті бірлесіп «Оралмандар: Азаматтық алуды оңтайландырудың жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіпті. Сол жиындағы екі фактіге назар аударыңыз.

Бірінші мәселе. Тоқтал Қабашұлы деген ақсақал отбасымен (6 адам) 2011 жылы Қарағанды облысының Абай ауданына көшіп келген. Отбасындағы 6 адамның екеуі азаматтық ала алмай қалған. Оған себеп, ол екі азаматтың отбасы мүшелерінен кеш көшіп келуі болыпты. Құзіретті органдар алдымен сотталмағаны және Моңғолия азаматтығынан шыққаны туралы анықтама талап еткен. Оны жасатып әкелген соң, Моңғолияда тұрғаны рас деген анықтама талап еткен. Сол анықтаманы алып келгенше, екі азаматтың Қазақстанда тұруы тиіс үш ай мерзімі аяқталып қалыпты. Осы екі аралықта алғашқы немерем дүние есігін ашты. Бірақ Абай ауданындағылар бұл жағдайға пысқырып та қарамай, азаматтық әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғап жіберген.

Заң бойынша Қазақстан аумағында әкімшілік құқық бұзған шетел азаматтары бес жыл көлемінде Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Демек, ол екі азамат 5 жыл бойы еш елдің азаматтығында болмайды деген сөз.

Екінші мәселе. Бүгінде 19 жасқа келген Қалқаман Бөкенбек Ақмола облысының Ерейментау ауданы, Еркіншілік ауылына қоныстанғанда әлі 15-ке толмаған екен.

Қалқаман Бөкенбек, «Азаматтығы жоқ тұлға»:

– Әкем ерте қайтыс болған. Анам екі баласымен көшіп келді. Құжаттарымызды реттеп, тұрақты тіркеуге тұрғанша, жасым 17-ге толып қойды. Сол ауылдағы мектепті бітіргеніме қарамастан, ондағы ішкі істер басқармасындағылар менен Моңғолияның төлқұжатын талап етіп отыр. Анам да, ағам да ҚР азаматы атанып үлгерді. Мен отбасыммен бірге Моңғолия азаматтығынан шығып кеткендіктен, олар маған төлқұжат бермейді. Ал Қазақстан төрт жылғы сенделістен кейін маған биылғы ақпанның 10-ында «Азаматтығы жоқ тұлға» деген мәртебе беріп, қолыма бес жылдық куәлік ұстатты. Қазір жұмыссызбын, азаматтығы жоқ тұлға ретінде ешқандай құқыққа ие емеспін.

 

«Алаш айнасының» түйіні

Бұл бір жиында анықталған екі дерек қана. Ал, шынтуайтына келгенде қаншама қандасымыз азаматтық ала алмай сенделіп жүргенін бір Құдай ғана біледі. Осының өзі азаматтық мәселесінде олқылықтарға орын беріп жатқанымыздың көрінісі емес пе? Сіз не дейсіз?

Автор: Қанат Әбілқайыр

 

http://alashainasy.kz/kodeks/51212/