АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ажалды сезген ит

images (2)Бала күнiмде отбасымыз Таймас атты иттi асырады. Оны күшiк кезiнен атам баққан, сондықтан Таймас тек атама бағынатын, тек атамды ғана иесi деп танитын. Өзi ешкiмнен қорықпайтын, ақылды әрi адал ит едi. Отбасымыздың басынан өткен оқиғадан соң иттердiң тылсым дүниемен байланысы бар екенiне көзiм жеттi.

Таймасты атам алғаш әкелгенде ол 3-4 айлық күшiк болды, ал мен ол уақытта бастауышты бiтiргенмiн. Таймас өсе келе, отбасымыздан ажырамайтын адал серiгiмiзге айналды. Дүкенге барсам, артымнан ерiп жү­ретiн, мектептiң ауласына дейiн iлесiп, шығарып салатын, әйтеуiр үйдегiлер қайда барса да артынан қалмайтын. Үйге бөтендi кiргiзбейтiн бөрiбасар­лығы тағы бар.
Жылдар өткен соң, атам ауыр науқасқа шалдықты. Әжем мен анам атамды әртүрлi дәрiгерге, ақыр аяғы тәуiптерге апарудан көз ашпады. Бiрақ бәрi де атамның ауруын емдеуге қауқарсыз болып шықты. Екi жылдың iшiнде жасалған емнiң ешқайсысы қонбады.
Атамның ауырғаны ең алдымен маған ауыр тидi. Өйткенi өзiмдi атам тәрбиеледi, атамның тәлiмiн көрiп өстiм. Бiрнеше жыл бойы атамның аты жаман аурудан қиналғанын көру мен үшiн азаппен бiрдей болды. Атам қиналған сайын менiң де жаным шырқырап, бiрге ауыратын. Емдеушi дәрiгерi ақыр аяғы жаман ауруды емдеп жазу әлемде ешкiмнiң қолынан келмейтiнiн айтып, қамдана беру керектiгiн ескерттi.
Күндердiң күнiнде Таймас ұлитын әдет шығарды. Бұрын-соңды оның мұндай даусын естiмеген отбасымыз ит ұлыған сайын далаға шығып, зекiп ұрсып жүрдiк. Әжем тiптi “мына итiң жамандық шақырып жатыр” деп кейiдi. Ұрысса да, тоқпақтаса да, Таймас ұлығанын қоймады. Түн ортасы ауса, ұлып, төңiректегi көршiлердiң дегбiрiн қашырады.
Бiр апта өткен соң үйi бiздiң аулаға тиiп тұрған көршiмiз бақилық болды. Үйiмiзбен көңiл айтып бардық. Сол кезде Таймастың не үшiн ұлығанын түсiндiк. Ит ажалдың жақындағанын сезген ғой. Көршiмiз өмiрден озған соң Таймас та ұлығанын сап тыйды.
Осылайша бiр жылға жуық уақыт өттi. Таймас қайта ұли бас­тады. Бұл жолы оның не үшiн ескi әдетiне басқанын бәрiмiз айтпай түсiндiк. Атамның халы күн өткен сайын нашарлай бердi. Дәрiгерлер атамның асып кетсе бiр айлық өмiрi қалғанын болжады. Бұл бәрiмiзге ауыр соққы болып тидi.
Атамның демi үзiлетiн аптада Таймаста маза болмады. Ит болса да әлденеге алаңдағанын, терең ойға бататынын бәрiмiз байқадық. Таймас атамның өлiмiнен бiр күн бұрын үйден қашып кеттi. Содан атамның жетiсi өткен соң ғана қайтып оралды. Оралғанда да бәрiмiзге бiр-бiр қарады да, қайта кетiп қалды. Бұл жолы ол бiзбен қоштасуға келгенiн кейiн түсiндiк. Осыдан кейiн атамның Таймасы үйге ешқашан қайтып келмедi.
Ғалымдар иттер тек түйсiк­пен өмiр сүредi, оларда сана болмайды деп есептейдi. Басқа иттердi қайдам, бiрақ бiздiң Таймастың ақыл-ойы, санасы болды деп ойлаймын. Оның ажалды күнi бұрын сезгенi де содан. Бiлгiштер ит иесiнiң өлiмiне мойынсұнғысы келмейдi, үйден сол себептi кетiп қалады дейдi.
Жақсы ит өлiмтiгiн көрсет­пейдi деген сөз бар. Менiңше, адал ит иесiн жоқтап, көп ұзамай өзi де iшқұса болып өледi. Таймастың да атамның артынан өлгенiн iшiм сезедi.
Мұндағы айтпағым, ит те, мы­сық та адамдардың көзiне көрiне бермейтiн, адамдар сезе бер­мейтiн тылсымды байқайды. Әсiресе, өз иесiне қатысты дүниенi ит-мысықтар сезгiш келедi. Иесiнiң энергетикалық өрiсi өзгергенiн олар бiрден көредi. Қайсыбiр ит-мысықтар жамандықтың бетiн қайтара алатын қасиетке ие екенiн естi­генмiн. Сондықтан өзiм бұдан былай жетi қазынаның бiрi – итке тылсым әлеммен байланысы бар жануар ретiнде қараймын.
А.Кәкiм,
Маңғыстау облысы.

http://zhasalash.kz/