Сочи Олимпиадасындағы бәсекелер күннен-күнге қыза түсуде. Жүлдеге таластың оңай болмайтыны белгілі. Қазақстан құрамасының қоржынына әзірге медаль түсе қойған жоқ. Дегенмен міндетті түрде оның сыңғырын естиміз деп сенеміз. Осыған дейін өнер көрсеткен спорт
Сочи Олимпиадасындағы бәсекелер күннен-күнге қыза түсуде. Жүлдеге таластың оңай болмайтыны белгілі. Қазақстан құрамасының қоржынына әзірге медаль түсе қойған жоқ. Дегенмен міндетті түрде оның сыңғырын естиміз деп сенеміз. Осыған дейін өнер көрсеткен спортшыларымыздың арасында фристайл шебері Юлия Галышеваның жүлдеге қол жеткізер мүмкіндігі басымырақ болды.
Фристайлдің могул түрі бойынша әйелдер арасындағы бәсекеге Қазақстанның екі бірдей спортшысы қатысты. Бұған дейін Турин және Ванкувер Олимпиадаларында бақ сынап үлгерген ардагер спортшымыз Дарья Рыбалова мен жиырма бір жастағы Юлия Галышева алдымен біліктілік кезеңінде шеберліктерін ортаға салды. Барлығы отыз спортшының арасында үздік нәтиже көрсеткен он екі шебер бірден финалға жолдама алатын еді. Өкінішке қарай, Дарья Рыбалова үмітімізді ақтай алмады. Ол өз деңгейінен төмен өнер көрсетті. 16,24 ұпай ғана еншілеген Рыбалова бірінші біліктілік кезеңінің қорытындысы бойынша 23- орынға табан тіреді. Есесіне жас спортшымыз Юлия Галышева жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ол 21,17 ұпаймен 6-орынға тұрақтап, финалға бірден жолдама алды.
Ертеңіне Дарья Рыбалова өзге де жолы болмаған спортшылармен бірге екінші біліктілік кезеңінде бақ сынап, финал мәселесін шешуге тиіс еді. Бірақ дәл жарыс басталар сәтте оның бәсекеден бас тартқаны мәлім болды. Екінші біліктілік кезеңінде жарыс жолына он алты үміткер шықты. Олардың арасынан он фристайл шебері финалға жолдама алатын. Спортшылар соңғы мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып қалуға тырысты. Ресейлік Екатерина Столярова, италиялық Дебора Цанзио, чех қызы Никола Судова бастаған үздіктер келесі кезеңге өтті.
Фристайлдің могул түріндегі ережеге сәйкес, финалдың өзі үш кезеңнен тұрды. Алғашқы финалда жиырма спортшының ішінен 12 үздік іріктелініп алынды. Бұлардың қатарына біздің отандасымыз Юлия Галышева да ілінді. Шығыс Қазақстан облысының тумасы бұл жолы 21,26 ұпайға ие болып, тағы да 6- орыннан табылды. Демек, ол екінші финалға жолдама алды. Мұндағы үздік нәтижені чех спортшысы Никола Судова тіркеді. Жаттығуларын тамаша орындап шыққан ол 21,82 ұпайды олжалады. Америкалық Элиза Уттрим де жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Жүлдеден үміттілер қатары сиреген сайын мазамыз қашты. Бағы жанса Юлия Галышеваның да жеңіс тұғырына көтеріліп қалуы мүмкін екенін түсіндік. Бірақ екінші финалда қырсық шалды, Юлия Галышева үздік алты спортшының қатарына іліне алмады. Ол соңғы финалға жолдама беретін 6-орынға жайғасқан жапон қызы Аико Уемурадан 0,3 ұпай ғана қалып қойды. Күншығыс елінің өкілі 21,15 ұпай олжаласа, Галышеваның өнерін төрешілер 21,12 ұпаймен бағалады.
Жүлделердің тағдырын шешетін финалда жоғарыда айтқанымыздай, алты спортшы бақ сынады. Өзге қарсыластарына қарағанда сәтті өнер көрсеткен отыз үш жастағы АҚШ спортшысы Ханна Кирни Сочи Олимпиадасының алтын жүлдесін ұтып алды. Ол 21,93 ұпай жинады. Күміс және қола жүлдеге сәйкесінше Канада елінен келген апалы-сіңлілі Хлоя Дюфур-Лапуант пен Жюстин Дюфур-Лапуант еншіледі.
Жалпы, Сочи Олимпиадасының алғашқы жүлдесін сноубордтың слоупстайл түрі бойынша сынға түскен ерлер жеңіп алды. Олардың арасында АҚШ спортшысы Сейдж Котсенбургке тең келер қарсылас болмады. Ол 93,50 ұпайға ие болды. 2-орынға норвегиялық Стаале Сандбех 91,75 ұпаймен тұрақтады. Үздік үштікті 88,75 ұпайға ие болған канадалық Марк Макморрис түйіндеді.
Дәл осы спорт түрінен бәсекеге түскен әйелдер арасында да АҚШ спортшысы топ жарды. 95,25 ұпайды еншісіне жаздырған Джейми Андерсон Олимпиада чемпионы атанды. Финляндия елінің спортшысы Энди Рукаярви 92,50 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізсе, өнері 87,25 ұпаймен бағаланған ұлыбританиялық Дженни Джонс қола медальді мойнына ілді.
Шаңғы жарысының скиатлон түрі бойынша да бәсеке аяқталды. Бұл додаға біздің отандастарымыз да қатысты. Еліміздің қазіргі уақыттағы ең мықты шаңғышысы Алексей Полтаранин мәреге 16-болып жетті. Бірден айта кетейік, екі бөліктен тұратын бұл жарыс түрі Полтаранинге қолайлы саналмайды. Сондықтан одан жүлде күткендердің қапаланбай-ақ қоюларына болады.
Осы жарыс барысында биылғы Олимпиаданың алғашқы даулы оқиғасы орын алды. Жанжалға қола жүлдеге таласып келе жатқан норвегиялық Мартин Сондбю мен ресейлік Максим Вылегжанин себепкер болды. Алғашқысы жарыс қожайынының шаңғысын басып кетіп, ресейлікке кедергі келтірді. Соның кесірінен орыс шаңғышысы норвегиялықтан қалып қойды. Әрине, ережеге сәйкес, олай істеуге тыйым салынады, ресейліктер шағым түсірді. Алайда төрешілер норвегиялыққа қатаң ескерту жасаумен шектелді, жарыс нәтижесін өзгертпеді. Бұған келіспеген ресейліктер Лозаннадағы арбитражды сотқа шағым түсірді. Оның нәтижесі екі-үш айдан кейін ғана мәлім болады.
Алда көптеген жарыс түрлері бойынша жүлделер сарапқа салынады. Отандастарымызға сәттілік тілейміз!
Шалқар ЕСТЕН
http://www.aikyn.kz/articles/view/42061