Астана. 25 тамыз. BAQ.KZ – Байқоңыр қаласының тұрғыны Нұрлыбек Сейтов медициналық көмекке зәру. Қос бүйрегі істен шыққан азаматқа жергілікті денсаулық сақтау қызметкерлері көмек беруден бас тартып отыр дейді оның туыстары.
Қызылорда облысының әкімдігіне хат жазған Гауһар Елеусінова осындай шағым айтып отыр. Н.Сейтовті жездем деп таныстырған ол Байқоңыр қаласының госпиталі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы қаржылық келіспеушіліктер мәселені одан сайын қийындатып отыр дейді ол.
«Әпкем Ләззат Елеусінова мен жездем Нұрлыбек Сейтов 17 жылдан бері Байқоңыр қаласында тұрады. 2011 жылы жездем аяқ астынан ауыр науқасқа душар болып, төсек тартып қалды. Оның екі бүйрегі жарамсыз, сол уақыттан бері арнайы аппараттың көмегімен өмір сүріп келеді. Күнара Байқоңырдың госпиталіне барып емдом қабылдап келеді. Тамақ түгілі судың өзін грамдап ішіп отыр. Бізге ауыр тиіп отырғаны, Қазақстан тарапы Байқоңырдағы қазақстандықтардың емдомы үшін аталған госпитальге қаржы аудармауы. Салдарынан емдеу орталығының басшылары «Сендерді мұнда ешкім шақырған жоқ, өз елдеріңе барып жұмыс істеңдер» науқасты қабылдамай қойды. Мүгедек жездем содан бері Қызылорданың ауруханасына қатынап ем қабылдап жүр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Игенбаев Қазалыға қатынап емделіңдер дегенді айтумен ғана шектелді» дейді шағым иесі.
Оның айтуынша, бұл проблеманы шешудің бір жолы – науқасты Байқоңыр қаласының тіркеуіне қою. Алайда, Ресейге жалға берілген қаладағы Қазақстан өкілі бұл мәселеге араласқысы келмей отырған көрінеді.
«Туысымыз денсаулығын осы елге қызмет етемін деп құртты. Енді денсаулығынан айрылып еді, ешкімге керек болмай қалды. Ендеше бізден қандай патриоттықты күтесіздер?» деп ашынады науқастың туысы.
Әкімдіктегілер болса аталған шағымды жауапсыз қалдырған жоқ. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев расында да проблеманың бар екендігін мойындап отыр.
«Науқас гемодиализ емін 14.03.2011ж. – 06.2012ж. аралығында Байқоңыр федералдық емдеу ұйымында қабылдаған. Соңғы уақытта, Байқоңыр федералдық емдеу ұйымының, ҚР азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер тарифтерінің қымбат болып өзгеруіне байланысты, емдер ақысын төлеуде қиындық туғызуда. Осыған байланысты науқас Қызылорда қаласында гемодиализ емін жалғастыруда. Бұл мәселенің шешімі –Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Облыс бойынша, шалғай елді мекендердегі науқастарды толық қамту мақсатында Қазалы және Жаңақорған аудандарының орталығында гемодиализ бөлімшелері орналастырылған. Сол себепті Н.Сейтовқа Байқоңыр қаласына жақын орналасқан, Қазалы ауданында орналасқан гемодиализ бөлімшесінде ем қабылдау ұсынылды» делінген Рзақұл Нұртаевтің берген жауабында.