АЛТЫНОРДА
Новости

Байқоңырдың құқықтық мәртебесі қандай болмақ?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жасыратыны жоқ, Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге жалға берілген кезде біраз мәселенің ресейліктердің пайдасына шешілгені рас. Әлбетте, оның сан түрлі дәйекті себептері де бар еді. Әлемдегі ең озық ғарыш айлағын игеріп, заманға сай басқарып кетуге 1994 жылы Қазақстанның қаржылық та, ғылыми да әлеуеті жеткіліксіз бол­а­тын. Ал бүгінде жағдай көп өз­геріп қалды, Ресейдің де барлық зы­мы­ран ұшыру жұмыстарының 90 пайызын өз жерінде атқаруды ойлас­ты­рып жатқаны мәлім болды. Сол се­беп­ті Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын біртіндеп Қа­зақстанның басқаруына көшіру аса ма­ңыз­ды. Осы орайда «Байқоңыр» ке­ше­ні бойынша өз жұмысын жаңа­ша бас­таған Қазақстан – Ресей үкімет­ара­лық комиссиясының алғашқы оты­рысында қабылданған біраз ше­­шім­нің Қазақстанның пайдасына шешілгенін ерекше атап өткен жөн.

Байқоңыр қаласында болған үкіметаралық комис­сияның екі күндік мәжілісі жабық күйінде өтті. Бұл жолғы отырыстың ерекшелігі сол, оған Қазақстан мен Ре­сей Үкімет басшыларының орынбасарлары Қай­рат Келімбетов пен Игорь Шувалов төрағалық етті. Сол себепті комиссияда көтерілген мәселелердің де жүгі ауыр болды. Негізгісі – «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану. Ол бойынша екі жақ бір шешімге келіп, барлық заңнаманы қайта қарап шығатын болды. Соның нәтижесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану бойынша жаңа халықаралық келісім әзірленеді.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Ең алдымен, біз «Байқоңыр» ғарыш айлағын пай­далануды реттейтін барлық заңнамамызды жа­ңарту­ды жоспарлап отырмыз. Ол үшін мамыр айының аяғы­на дейін арнайы «Жол картасын» әзірлеудің тетік­терін қарап шығамыз. Сондай-ақ біз «Бәйтерек» ға­рыш-зымыран кешенін ары қарай іске асыру мәселесін тал­қыладық. Бұған дейін бұл жоба «Ангара» зымыран тасығышы негізінде іске асады деген жоспар болған. Енді оны «Зенит» зымыран тасығышы негізінде қолға алатын боламыз. 

Үкіметаралық комиссияда екі елдің ғарыш агент­тік­тері «Байқоңыр» ғарыш айлағынан бір жылда ұшы­ры­латын зымырандардың саны жағынан да бір келі­сімге келді. Бұған дейін гептил сияқты жоғары токсинді жа­нар-жағармайы бар «Протон-М»-ның айналасында да бі­раз дау-дамайдың болғанын халық жақсы біледі. Оның сынықтары Қазақстан аумағына құлап, елі­міздің экологиялық ахуалына әжептәуір нұқсан келтір­гені есте. Сол кезде Ұлттық ғарыш агенттігі дабыл қақ­ты. Ондай зымырандарды ұшыруды шұғыл қысқартуды та­лап етті. Ресей жағы болса, «ғарыш айлағын жалға алу туралы келісімді өзгертеміз» дегенге саятын қоқан лоқы көрсеткендей болды. Сарапшылар ресейлік­тер­дің бұл ұстанымын әрқалай топшылады. Соның ішін­де шындыққа барынша жанасатын ойлардың бірі – кеңес заманынан бері Ресей қоймаларында «Про­тон-М» сияқты улы гептилі бар зымырандар көптеп жи­налып қалған. Бүгінде «Роскосмос» үшін табиғи таза зы­мыран­дарды шығарғанша, коммерциялық мақсатта осы ескі «протондарды» пайдаланған тиімді болып тұр.

Қалай болған күнде де енді «Байқо­ңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыру жұ­мысы бақылауға алынатын болды. Алай­да үкіметаралық комиссияның өкіл­дері бір жылда ұшырылатын зымыран­дар­дың санына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Игорь ШУВАЛОВ, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары:

– 2014-2015 жылдары ұшырылатын ап­па­­рат­тардың саны қыркүйектің 1-іне дейін келісіледі. Алайда біз ол жұмысты ертерек атқарып шығуды сұрап отырмыз. Дәл қазір осы мәселеге қатысты біздің арамызда түсініспеушіліктер жоқ. 2013 жылдың жос­пары дайын. Енді біз осы жұмысты алдын ала жоспарлап, алдағы 2-3 жылда ұшыры­латын зымырандардың нақты кестесін әзір­лейтін боламыз. 

Негізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағын пай­далану бойынша жаңа келісімді әзірлеу кезін­де қазіргі құжаттардың ережелері бү­гін­гі заман талабына сай жаңартылады. «Ол үшін біз кодификацияны (заңнаманы бір жүйеге түсіру – авт.) өткіземіз. Оған уа­қыт қажет болады. Сосын оның барлығын «Жол картасы» аясында іске асыратын бо­ла­мыз. Аталған құжатты екі елдің Прези­дент­тері рәсімдеуі керек. Олар мамыр айын­да кездеседі. Бұған дейін біз «Жол кар­тасын» жан-жақты талқылап, дайын нұс­қасын ұсынуымыз қажет. Президенттер келі­сімге қол қойғаннан кейін Байқоңыр қала­сының құқықтық мәртебесін өзгерту және ондағы барлық мүлікке иелік ету бойынша нақты іс-шаралар қолға алына­ды», – дейді И.Шувалов. Демек, Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесі өзгерсе, ол жерде тұратын Қазақстан азаматтары­ның біраз мәселесі шешіледі.

Бүгінде Байқоңыр қаласы және одан 90 шақырым шалғай жерде орналасқан «Бай­қоңыр» ғарыш айлағы Ресейге жалға берілгенін бәріміз жақсы білеміз. Сол себеп­ті қалада Ресей Федерациясының ат­қа­рушы билігі жұмыс істейді. Ал қоғамдық қауіп­сіздікке ресейлік полиция жауапты. Тұр­ғын үйлердің барлығы муниципалды мен­шікте, яғни жергілікті әкімшіліктің иелі­гін­де. Ол баспананы халыққа жалға бе­реді. Осының салдарынан Байқоңырда тұра­тын қазақтардың саны 60 пайызға өске­німен, олар өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жүр.

Байқоңыр қаласында өткен Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының оты­­рысынан кейін осы мәселенің де шеші­ле­тіндігі белгілі болды. «Біз Байқоңырдың құ­қықтық мәртебесіне қатысты келісімнің рә­сімделгеніне дейін екі бюджеттің есе­бі­нен қала инфрақұрылымын қаржылан­ды­ру­­ға келістік. Қазіргі ережеге сәйкес, қа­ла­дағы баспана жекеменшікке берілмейді. Біз­дің­ше, бұл норма ескірген. Сондықтан жекеменшікке берілетін жаңа тұрғын үй­лер салынуы тиіс. Қала тұрғындары ондай бас­пананы саламыз десе, біз оған қар­сы­лық білдірмеуіміз керек. Бұдан басқа, Қа­зақстан белгілі бір бағдарламалар аясында ин­фрақұрылымдық және әлеуметтік ны­сандардың құрылысын қаржыландыру мә­селесін қарастыруға дайын екендігін жет­к­ізіп отыр», – дейді И.Шувалов. Әрине, бүгін­де Ресей Байқоңыр қаласында жаңа тұр­ғын үйлер салуға мүдделі емес. Сон­дық­тан ол жұмысты бірлесіп атқаруды көз­дей­ді. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл бастамалардың барлығы «Қолжетімді баспана» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары аясында іске асуы әбден мүмкін.

Халықтың жағдайы мәз емес

Үкімет басшысының орынбасары Қай­рат Келімбетовтің айтуынша, үкіметара­лық комиссия ағымдағы жылдың аяғында Қа­зақстан мен Ресейдің ғарыш саласын­да­ғы ынтымақтастық мәселелерін ғана емес, Байқоңыр қаласының тұрмыс-тірші­лігі бойынша барлық мәселелерді шешеді. Дегенмен қала тұрғындарының мәселелері бір жылдың ішінде шешілмейтін сы­ңайлы. Мәселен, болашақта баспана же­кеменшік­ке берілсе де, жергілікті билі­к­­тің бюрокра­тия­сымен күресу қиынға соғады.

Ақерке БАҒЛАНОВА, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

– Менің бір балам екі баласымен келінім төртеуі кішкентай ғана бөлмеде тұ­ра­ды. Әкімшіліктен екі бөлмелі пәтер сұра­са, «жоқ» дейді. Ал офицерлердің (ғарыш айлағында істейтін қызметкерлер – авт.) әрбіреуі үш бөлмелі пәтерге кіріп алып, жалғыз өздері тұрады. Әділдік қайда? 

Байқоңыр қаласында тауарлардың бар­лығы қымбат. Себебі Ресейдің заңна­ма­сы бойынша салықтың мөлшері жоғары бо­лып тұр. Зейнетақы және тағы басқа бюд­­жеттік тө­лемдерді есептегенде, қара­па­йым жұ­мыс­шының жалақысынан 35 пайыз салық ұста­лады. Ал оның барлығы Ресей Федера­ция­сының бюджетіне ауда­ры­лады.

Асан ЖОЛАМАНОВ, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

– Байқоңырдағы қарапайым жұмыс­шы­ның орташа жалақысы 30 мың болса, оның 35 пайызын салық ретінде төлейміз. Қолға 20 мың алсақ, оның 10-15 мыңын ком­муналдық қызметтерге беруге мәжбүр­міз. Сонда өзімізде не қалады? 

Шыны керек, Байқоңырда тариф сая­са­ты да дұрыс жолға қойылмаған. Қала­ның сыртында орналасқан Төретам ауылы 1 кВт/сағатқа 12 теңге төлесе, байқоңы­р­лықтар одан екі есе артық шығындалады. Бірақ екеуі де электрэнергияны бір жерден – «Жамбыл ГРЭС» компаниясынан алып отыр. Бүгінде Байқоңыр қаласының электр желілері әбден ескірген. Оны үкіметаралық ко­миссияның отырысына қатысқан индус­трия және жаңа технологиялар вице-ми­нистрі Бақытжан Жақсалиев та растап отыр. Бізге берген сұхбатында ол: «Байқо­ңыр­дың электр желілері өте нашар күйде. Енді бұл жерде өзіміздің қазақтар көбейіп жатыр. Сондықтан осы қаланың жағ­дайын Қазақстанның өзі ойламаса, кім ой­лай­ды?» – деп қысқа ғана қайырды.

Қазақстанның азаматтығы несие алуға кедергі болып тұр

Байқоңыр қаласының қаржы жүйесі де қазақтар үшін тиімсіз болып тұр. Ресейлік банктер Қазақстанның азаматтығы бар адамдарға несие бермейді. Қазақстандық банктер де қарапайым халықтың қаржы­лық жағдайын жақсарта алмай отыр. Се­бебі қала тұрғындарының барлығы ресей­лік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бүгінде Қа­зақстанның Халық банкі кейбір жұмыс беруші компанияларды өзіне тартып, жа­лақы жүйесі арқылы несие беруді қолға алып отыр.

Самат ӘБЕНОВ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Байқоңыр аймақтық бөлімшесінің директоры:

– Бізге дейін қала тұрғындары өз жала­қыларын екі ресейлік банк арқылы алып тұрған. Олар Қазақстанның азаматтығы бар жұмысшыларға несие бермейді. Өйт­кені Ресейдің заңнамасында ол мәселе қа­рас­тырылмаған. Енді біз келіп, осы жер­дегі 100 шақты мекемені аралап шықтық. Солар­дың 14-і бізге ауысты. Бүгінде онда істей­тін жұмысшылар несие ала бастады. Ал­д­ағы уақытта тағы бес мекеме біздің бан­кімізге ауысуға келісті. 

Дегенмен қарапайым жұмысшылар­дың басым бөлігі қазақстандық банкке ауы­суды қаласа да, жұмыс беруші ресейлік ком­паниялар одан бас тартып, «Біз жұ­мысшылармен жиналыс өткіздік, олар сіз­дер­дің банктеріңізге ауысуға келіскен жоқ», – деп қысқа ғана ресми хатпен жа­уап бере салды.

Жалпы, «Байқоңыр» кешені бойынша өз жұмысын жаңаша бастаған Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының бола­шақ қызметіне үлкен үміт артылып отыр. Се­бебі оған екі елдің Үкімет бас­шы­ларының орынбасарлары жетекшілік етеді. Бұл дегеніміз – комиссия шешімдерін барлық ми­нистрліктер орындауға міндетті деген сөз.

 

P.S. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану және Байқоңыр қала­сының құқықтық мәртебесін өзгерту бойынша, Ресей ешбір қарсылық таны­тып отырған жоқ. Себебі олар 2030 жылға қарай зымыран ұшыру жұ­мыстарының 90 пайызын өз жеріндегі «Плесецк» және «Восточный» ғарыш айла­қ­тарында атқаруға мүдделі. Орыстар Байқоңырдан бірден кете салмайды. Себебі оны 2050 жылға дейін жалға алу келісімі бар. Ал ақша жағынан ешбір қиын­дық жоқ. Бүгінде Ресей Федерациясы «Байқоңыр» ғарыш айлағы үшін Қа­зақстанға жыл сайын 115 млн АҚШ долларын төлейді. Бұл — «Роскосмос» бюд­жетінің тек 2-3 пайызы ғана. Орыс сарапшылары атап көрсеткендей, ондай төле­м­ақыны Ресей өмір бақи төлеуге дайын. Демек, өзіміз қимылдама­сақ, Бай­­қоңырды жайдан-жай бізге ешкім бере салмайды.

Автор: Арман АСҚАР

http://alashainasy.kz/main/41522/