Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Елімізде алғаш болып Қызылжар өңірі бала тууды ынталандыру мақсатында арнайы бағдарлама қабылдағанда жұрт бөркін аспанға атып қуанғаны рас. Төрттен көп сәбиі бар отбасылардың кәмелетке толмаған нәрестелеріне банкте депозит ашып, ақша салына бастаған. Тіпті Елбасының облысқа жасаған сапарларының бірінде әкім бағдарламаны мақтана таныстырған-ды. Демографиясы дімкәс облыстағы ахуал осыдан бастап оңалар деген сенім пайда болған. Өкінішке қарай, бұл игі бағдарламаның ғұмыры тым қысқа болып шықты. Оңды-солды шашқанда түбі көріне қоймайтын бюджет қаржысы балаларға келгенде жетпей қалғаны қынжылтады.
Кең-байтақ жерге ие болып қалу үшін қазаққа қатарын қалыңдату қажет. Бір шаршы шақырымға 6,12 адамнан келетін иен даламызға қазірдің өзінде көздерін алартып отырғандар аз емес. Әсіресе солтүстік облыстардағы демографиялық жағдай алаңдатарлық. Бүгінде бұл өңірлерде екіден артық бала туатындар тым азайып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында әрбір мың адамға шаққанда 14 баладан ғана дүниеге келеді екен.
Статистика агенттігі алдағы сәуір айында Қазақстан халқы 17 миллиондық межені бағындырады деп отыр. Ал демографтар 2030 жылы 20 миллионға жетеміз деген болжам жасады. Бір қызығы, біздің елдің мамандары мен халықаралық ұйым өкілдерінің айтқандары бір жерден шықпай тұр. The Economist журналының мәліметіне сенетін болсақ, 2050 жылы Қазақстанның халқы шамамен 18 миллион адамға жақындайды, ал 17 миллиондық межені 2025 жылы ғана бағындырады екен. Аты дардай Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы мүлдем сорақы, бізге өсім емес, керісінше, кемуді болжап отыр: мысалы, 2050 жылы 13,9 миллион ғана қалатын көрінеді.
Жұрт не айтса соны айтсын, биліктегілер демографиялық жағдайды жақсарту үшін қолдан келгенді жасауы қажет. Мысалы, Қызылжардың әкімдігі әлемдік тәжірибені ескере отырып қабылдаған «Ұрпақ қоры» бағдарламасы көптің көңілінен шыққаны анық. 2010-2014 жылдарға арналып жасалған аймақтық бағдарламаның басты мақсаты облыстың демографиялық ахуалын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау еді. Бағдарламаның шарты бойынша, төртінші, бесінші немесе одан да көп бала дүниеге келген отбасының кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаларына банкте депозит ашылып, әрқайсысына 160 айлық есептік көрсеткіш немесе 250 мың теңге шамасында ақша салынуы қажет. Бұл сома бала 18 жасқа толғанға дейін орташа 10 пайыздық өсіммен көбейе береді. Кәмелетке толған бала депозиттегі ақшаны алып, қажеттіліктеріне жұмсауы тиіс болатын.
Облыстық мәслихаттың шешімімен төрт жылға арналып қабылданған бағдарлама екі жыл ғана жұмыс істеді. 2012 жылдың 12 қыркүйегіндегі облыстық әкімдіктің қаулысымен және мәслихаттың 29 қазандағы шешімімен тоқтатылды. Жұртқа еш ақпарат берілместен тоқтатылған соң бағдарлама төңірегінде жел сөз көбейіп кеткені белгілі. Жұрт облыс әкімінің жеке блогына дейін сауал жолдаған болатын.
Тіпті «бұрынғы әкім бағдарламаға бөлінген қаржыны қалтасына басып алыпты» деген де болжамдар айтылған. Ал аталмыш жәрдемақыны тағайындауы тиіс әлеуметтік қызмет мамандары «өзін-өзі ақтамағандықтан тоқтатылды» дегеннен басқа жауап қатпаған.
Қызылжардың Бәйтерек ауылының тұрғыны Серікгүл Бабақұмарқызы – жақында төртінші сәбиін босанып, балаларына банкте депозит ашқызбақ болғандардың бірі. Өкінішке қарай, көпбалалы ана әкімдіктің босағасынан аттамастан кері қайтты.
Серікгүл БАБАҚҰМАРҚЫЗЫ, Қызылжар тұрғыны:
– Төртінші сәбиімді ақша үшін тапқан жоқпын. Бірақ бұл бағдарлама туралы көп жарнамаланды ғой. Сондықтан балаларыма болашақта көмегі тиер еді деп ойлаймын. Оқуына немесе басқа да қажеттіліктеріне жұмсауға болар еді. Бұл көпбалалы отбасы үшін әжептәуір демеу және көптеген аналарды ынталандырғаны да рас. Өкінішке қарай, бағдарлама тоқтап қалыпты. Біреуге беріп, екінші біреуге бермегені дұрыс болмады.
Бағдарлама жұмыс істеген екі жыл ішінде 1000-нан астам отбасының 4 мыңдай баласына банкте депозит ашылып та үлгерген екен. Енді олардың банктегі ақшалары не болмақ? Қайтарып алына ма, әлде өмір сүруін тоқтатқан бағдарламаның қатысушысы болып қала бере ме? Осы сауалды облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереевке жазбаша түрде жолдаған болатынбыз. Басқармадан келген жауапта бастық бұл сұрақты айналып өткен екен. Кейін телефон арқылы да жауап алу мүмкін болмады.
Бағдарламаның болашағы жайлы сауал жақында облыстың жаңа әкімі Самат Ескендіровтің халық алдындағы есепті кездесуінде де қойылды. Өңір басшысы облыстың бюджеті бағдарламаны қаржыландыруға жетпегенін айтып ақталды.
Самат ЕСКЕНДІРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көпбалалы отбасыларды қаржылай ынталандыруға арналған «Ұрпақ қоры» бағдарламасы жақсы жұмыс істеді. Туу болжанғанымыздан да артып кеткенін көрдік. Бірақ екі жыл ішінде облыстың бюджетіне бұл едәуір салмақ сала бастады. Бюджет көтере алмады. Сондықтан уақытша тоқтатуды ұйғардық, енді республикалық бюджеттен ақша бөлуді сұрап жатырмыз. Бағдарлама мүлдем тоқтап қалмайды деп ата-аналарды сендіремін. Бір жылдай күте тұруға тура келеді. Жалпы, көпбалалы ата-аналарға қолдан келген басқа да көмектерді көрсететін боламыз.
Біздің биліктің бюджет қаржысын оңды-солды шашқанда алдарына жан салмай, ал балаларға жәрдем беруге келгенде аузын қу шөппен сүрте қалатыны қызық. Мысалы, «Ұрпақ қоры» бағдарламасы үшін 2010-2012 жылдарға 723,9 миллион теңге ғана қаржы бөлінген екен. Оның 700 миллионы облыстық, қалғаны аудандық қазыналардан қарастырылған. Бір қарағанда көп ақша болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен бұл болашаққа салынып жатқан инвестиция емес пе? Ал оңды-солды шашуға келсек, жақында ғана Қызылжарда бюджет қаржысына әрқайсысы 600 мың теңгеден сатып алынған мыңға жуық австриялық ауру сиыр өртеліп жіберілгенін білесіз. Өзіңіз есептеп көріңіз, мұнда да сол шамалас ақша. Балалардан аяған бюджет қаржысы осылайша күлге айналып жатқанын біздің билік түсінбейтіні таңғалдырады.
Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар
http://alashainasy.kz