Бүгінде қолына кітап ұстаған баланы көру үлкен бақыт. Мұның себебі де түсінікті. Өйткені, техниканың қарыштап дамыған заманында газет-журнал мен кітаптың орнын компьютер, ұялы телефон және өзге де гаджеттер алмастырған уақытта балаға «кітап оқы, кітапханаға бар» деудің өзі қиын. Дегенмен, кітапқұмар балалар жоқ емес. Бірақ олардың қатарын сиретіп алмай, арттыру үшін балалар әдебиетінің қандай болғаны дұрыс? Ал кітаптың көркемделуі мен ондағы әріптердің көлемі – баланы өзіне эстетикалық жағынан тартуы және қызығушылығын оятуы қажет. Олай болса, қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптардың сапасы қандай?
Қалтаға қарап көсілу
Белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт «Балаларға арналған кітап ерекшеленіп тұруы тиіс. Ал ішіндегі әріптері сұлу болып, баланың кітап оқуға деген қызығушылығын, құштарлығын ояту керек» деп айтады. Өкінішке қарай, мұндай талаптар көп жағдайда сақтала бермейді. Оған кітапханаға барған сәтте куә болдық. Балаларға арналған бөлімдегі кітаптардың дені сапасы төмен қағазға басылып шығарылған. Ол аздай, әріптері тым ұсақ. Көзге кері әсерін тигізеді. Кітапхана қызметкерлері соңғы кезде балаларға арналған әдебиеттің осы іспеттес болып кеткеніне қынжылады.
Ақын Қалмаханбет Мұхаметқали балаларға арнап «Күн қайдан шығады?» және «Күлкі мен түлкі» кітаптарын жарыққа шығарған. Ақынның айтуынша, кейінгісінің мұқабасы ғана безендіріліп, іші ешқандай әрлеусіз шыққан. Оның себебін былай деп түсіндіреді:
– Бұрын балалар әдебиетінің сапасына талап қоятын мемлекеттік стандарт бар еді. Қазір жоқ. Сондықтан, әркім өз қалтасына қарай көсілетін болған. «Күлкі мен түлкі» деген ертегіні өлең жанрында жазып шықтым. 500 данамен жарық көрді. Балалардың оқуы үшін қызықты болсын деп, ішін көркемдемек болғанмын. Өкінішке қарай, суретшілермен сөйлескен кезде кітаптың әрбір бетіне түсетін суретке 10-15 мың теңге сұрады. Оған менің қаржылық жағдайым сай келмеді. Менің ойымша, ғаламтордан дайын суретті алып қоя салған арзан түседі. Әріптері де майда шықты. 13 шрифт меніңше, балалар үшін тым ұсақ. Негізі, 16-дан жоғары болуы тиіс. Көрер көзге де жақсы. Баланың көру қабілетіне әсер етпейді. Кітап шығаруды тиімді бизнес санайтындар да жоқ емес. Егер тез тарап, жақсы сатылып, өзін ақтап жатса, керемет! Мұндайда жазушылар кітап шығару үшін қаржыны аямас та еді. Ашығын айтайын, қазір кітап шығарғаннан гөрі, жазушылардың шығармаларын ғаламторға жүктегені анағұрлым ыңғайлырақ.
Бүгінде кітапқа салынатын салық аз емес. Тіркелуі үшін 3 АЕК көлемінде, ал кітап шығарып болған соң, сатылымнан түскен қаржының 10 пайызын төлеуі тиіс екен. Осыдан болар, жазушылар шығармаларын жарнамалаудың оңайырақ жолын қарастырып, ғаламторға жүктегенді жөн көреді.
Қазақ тіліндегі әдебиеттер аз
Қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің аздығын кітапхана қорынан да байқауға болады. Мәселен, А.Гайдар атындағы қалалық балалар кітапханасында 447 мың кітап бар болса, оның тек 92 мың 923-і ғана қазақ тілді оқырманға арналған. Қуантарлығы, 30 мыңға жуық оқырманның басым бөлігі мемлекеттік тілде жазылған әдебиеттерге тапсырыс береді екен. Демек, алдағы уақытта балаларға арналған кітаптарға деген сұраныс артады. Сұраныс бар жерде, талаптың да қатар жүретіні анық. Кітапханашылардың айтуына қарағанда, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кітаптардың барлығы да өте әдемі безендірілген. Әріптері де ірі. Кейде, бүкіл бетті алатын суреттер де баршылық. Өкінішке қарай, тағы да сол – орыс тілінде шыққан ресейлік әдебиеттер. Мектеп жасындағы және бастауыш сынып оқушылары үшін шығарылған кітаптардың оқылымды болатыны сөзсіз. Алайда, жоғары сынып оқушыларына арналған әдебиеттерде біз байқаған олқылықтар жоқ емес. Шымкентте көше-көшені кезіп, кітап сатып жүретін сатушыларды көрмеген адам жоқ шығар. Ұсынғандары – Ресейдің өнімдері. Сыртқы мұқабасы да, ішкі мазмұны да тартымды. Байқағанымыздай, тек балалар әдебиеті ғана емес, тіпті үлкендерге арналған кітаптардың өзі суретпен көркемделіп, ірі әріптермен жазылған. Кітаптың жарнамасы мен оның сырт келбеті сатып алмасыңызға қоймайды.
Қазіргі кезде көздері нашар көретін балалардың қатары артып барады. Облысымызда 2,5 миллионнан астам халық тұрады. Дәрігерлер соның 30 пайыздан астамының көру қабілетінде ақау барын айтады. Олар мұны экологиямен және тұқым қуалаушылықпен байланыстырып отыр. Соңғы кезде мамандар көз ауруларын өркениет ауруы дегенді жиі айтуда. Ал көзі нашар көретін балаға майда әріптермен жазылған әдеби шығармаларды оқытудың өзі обал.
Кiтап шыµаруда
Қойылатын талаптар қандай?
Қазақстанда баспа үйлеріне қойылатын талаптар бар. Ол Кеден Одағының техникалық регламентінде «Балалар мен жас-өспірімдерге арналған бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» талаптар көрсетілген. Оның ішінде нақты кітаптар мен журналдарға қатысты талаптарға назар аударатын болсақ, әріптердің көлемі баланың жасына байланысты болуы шарт. Мәселен, әдеби кітаптардың шрифті 20-дан аспауы тиіс. Әрі қарай, баланың жасына байланысты көрсетілген. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін әріптің үлкендігі 20 шрифтпен жазылуы керек. Ал 11-14 жастағы балалар үшін 10 шрифтпен жазылады. Сөз бен сөздің арасындағы қашықтық анағұрлым ашық болуы тиіс екен. 15-18 жас аралығындағы балалар үшін 10 шрифтпен жазылған әріптерге жол беріледі. Тереңінен үңіле берсек, баланың жасы, қағаздың түсі, бояудың сапасы секілді мәселелер толық қамтылған. Демек, балалардың денсаулығына кері әсер етпейтін талаптар қойылған. «Кітаптар мен журналдар балалардың денсаулығына зиянын тигізбеуі тиіс. Егер техникалық регламентке сәйкес келмесе, талаптар орындалмаса, сатушыға біздің тарапымыздан сатылымға шығаруға болмайтыны жөнінде санитарлық нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын да тексереміз. Орындалмаса, әкімшілік хаттама толтырып, ісін сотқа жолдаймыз. Біздің облысымызда техникалық регламенттің талаптары өрескел бұзылған жағдайлар әлі кездескен жоқ»,-дейді ОҚО Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Ғалия Ахметқызы.
Оңтүстiкте балалар жазушылары бар ма?
Өкінішке қарай, шымкенттік баспа үйлерінде балалар әдебиеті шығарылмайды. Онда көп ретте, ересектерге арналған әдебиетті табуға болады. Мәселен, «Кітап» баспасында кітаптың түр-түрі басылып шығарылады. Тек осыдан 4 жыл бұрын Түлкібас ауданынан Надежда Корончук өлең түріндегі ертегі кітабын орыс тілінде шығаруға тапсырыс берген екен. Оның өзі кәсіби жазушы емес. Баспахананың өндіріс бөлімінің басшысы Гүлзира
Сәбденбекова көп жағдайда ағайындар бірлесіп шығаратын шежіре жинағы, жеке адамдар жөнінде немесе белгілі бір саланың тарихы туралы кітаптар көптеп жарық көруде.
– Осыдан екі ай бұрын «Ханқамау» деген кітап қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді. Ол әдеби кітап емес, бірақ балаларға шахмат үйренуді ойын түрінде керемет жеткізген. Суретпен әрлеу, мұқабасын көркемдеу, қағаздың сапасын таңдау секілді жұмыстар тапсырыс берушінің еншісінде. Біз өз тарапымыздан кітаптың әдемі де тартымды болып шығуы үшін ұсыныстарымызды айтамыз. Мұнан соң, кітап шығарғысы келген адам қалтасына қарай көсіледі. Кейде ақшасын үнемдеп, сапасын төмендетіп алатындар да бар. Баспахана тапсырыс берушіден кем дегенде кітаптың 100 данасына тапсырыс алуы қажет. Енді бояу мен қағаздың сапасын айтар болсам, олар адам денсаулығына зиян болмауы керек,-дейді Г. Сәбденбекова.
Балалар жазушысы әрі журналист Есей Жеңісұлының жақында «Мынау ғазиз дүние» атты кітабы жарық көрді. Онда әріптердің үлкендігі мен әр беттің безендірілуі көңілге қонымды. Кітап лезде еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, оны балалар оқып, бағасын беріп те үлгерді. Жазушы балалар әдебиетін шығаратын баспа үйлері қойылатын талаптарды жақсы біледі және жұмыстары да соған сай екенін айтты.
– Мен кітап бетіндегі әріптерге қатысты ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Қазіргі таңда «Айгөлек», «Балдырған» секілді журналдарды оқып жүрген бала «Ұлан», «Ақжелкен» газеттерін оқи бастайды. Үнемі кітап оқып жүрген бала үшін бұл қиындық тудырмайды. Мәселен, «Атамұра» баспа корпорациясы стандартқа сай кітаптарды басып шығарады. Менің жазған кітабым 3 пен 8 жас аралығындағы балаларға арналған. Ата-ана өз баласына кітап таңдап бермес бұрын, ең алдымен оның жасына сай дүниелерді оқытса екен. 3 сыныпта оқитын қызым «Менің атым – Қожа» кітабын оқып жатыр. Түсінбейтін тұстары көп болғандықтан, сұрағы да көбейді. Нәтижесінде, әлі ауырлау, қиындау екеніне көз жеткіздім. Оның жасындағы бала үшін ол кітапты оқу әзірге ертерек екен, – дейді Е.Жеңісұлы.
Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген екен. Олай болса, балаларды жастайынан кітап оқуға баулыған жөн-ақ. Кітапқа деген қызығушылық ояну үшін оның сыртқы мұқабасы мен ішіндегі әріптері де тартымды болуы тиіс, деген ой салғымыз келген…