Балаларды мектептегі тегін тамақтан қаққан шененуніктер мемелкеттік қазынадан қанша ақшаны үнемдемек? Үнемі дағдарысты көлденең тартатын билік бағаны өсіруді ғана «қанағат тұтып» отыр. Неге?
Әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың саны онсыз да көп әрі отбасындағы шығынын азайтуға мүдделі ата-аналар аз емес. Ендеше билік балалардың табағына неге қол салды? ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев еліміздегі мектептердің бастауыш сыныптарында оқитын балаларға берілетін тегін тамаққа қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін дағдарысқа байланысты елдегі тегін тамақтарға бөлінетін қаражат кесіліп, тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балалар мен жетімдерге ғана берілетінін айтқан еді. Яғни, ата-аналар мектеп асханасында берілетін тамақтың ақшасын 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өздері төлеуге міндетті. Осыған қатысты Қазақ қоғамында біраз шу болды. Қит етсе, дағдарысты сылтаурататын билікті сынға алған азаматтар тегін тамақты тоқтатпауды талап еткен. Сонымен қатар мектеп асханаларын жалға алушылардың ақысы жаздан бері тоғыз есеге көтеріліпті. Осыған орай, бүгін мәлімдеме жасаған Ерболат Досаев: «тегін тамаққа қатысты енгізілген жалғыз өзгерту мектеп асханаларының залдары бөлініп, тек ғимаратты жалға алғаны үшін ғана төлейді. Мен қазір осы мәселені қайта қарастыруды немесе өзгеріссіз қалдыруды тапсырдым. Бірінші қыркүйекке дейін нормаларды қалпына келтіру керек. Бұған дейін ас дайындайтын жерді ғана жалға алатын, ал ас ішетін жерге ақы төленбеген. Мұны да осы аптаның аяғына дейін шешіп қалармыз», — деді. Егер өзгерту енгізілсе, ата-аналар қалтасына салмақ салынбақ.
Нәзия Жоямергенқызы
http://turkystan.kz/