АЛТЫНОРДА
Новости

Балаларға бабалардың соғыс тактикасын үйретпейінше, патриоттық тәрбие тамырлы бола ма?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр даланың тіпті бір пұшпағына да жау табанын тигізбей, көгімізден жау жебесін ұшырмай, ата-бабаларымыз бізге бүгінгі Тәуелсіздікті тарту етті. Тарту етті дей салу бізге оңай болғанымен, шын мәнінде, ол найзаның ұшымен, білектің күшімен, яғни ата-бабамыздың жаугершілік замандарда әскери өнерді жан-жақты дамытып, шеберлікпен шыңдай алғандығының арқасында қол жеткізген баға жетпес құндылық екенін ұғынуымыз шарт. Біз, әлдекімдер үйреткендей, әскердің әліппесін кешегі Кутузов, Суворов, Чапаев немесе тағы сол сияқты шенділерден бастаған халық емеспіз, одан әлдеқайда тереңіректе, сонау Еуропаны тітіренткен Еділ мен Едіге, Мысырды билеген Бейбарыс сынды патшалар мен сұлтандардың, қыл аяғы кешегі Кенесары, Исатай мен Махамбеттей қас батырлардың ұрпағымыз.

 

Әлқиссамызды әріден бастасақ… 

Қазақ өз тамырын сақтардан, ғұндардан, көк түріктерден тарататынына көз жеткіземіз. «Күндіз күлмедім, түн ұйықтамадым» дейтін Күлтегін сынды көк түрік тұсындағы қаға­ны­мыз бен ғұн тұсындағы Еділ патшамыздың өзі түгіл, атын естігеннен қарақұрттай қап­та­ған қытай императорлары, тіпті Еу­ро­паны жайлаған, қару-жарағын сайлаған хрис­тиан әлемінің өзі де өлердей қорыққаны жайлы басқа емес, Қытайдың көне жыл­на­ма­ла­рында жазулы тұр. Император Чин Шы­хуань­ди Қытай тарихында аса жау­жү­ректігімен, батылдығымен қоса, сондай қа­тыгез, зұлымдығымен аты мәшһүр болған. Бі­рақ сөйте тұра, сол ержүрек император түн ұй­қысын төртке бөлуге мәжбүр болған, себеп – солтүстігін жайлаған көшпенділер. Олар­дың ешбір жаудан тізе бүгу былай тұрсын, тіпті тайсалмай, жолдағыны жапыра шабатынын ести-ести, күндердің күнінде император түс көрсе керек. Түсінде Чин мыр­за­ның рухы кеудесінен көкке қырық кез ұшып шығып, өз мемлекетіне көз салады. Ая­дай ғана аумақта отырғанына, жер бетінің ол ойлағаннан әлдеқайда кең екеніне көз жет­­кізген ол елінің солтүстік беткейінде жын-жыбыр, ұсақ жәндіктердің көптігін, олар­дың оңтүстікке қарай беттеп келе жат­қанын көріп, түсінен шошып ояныпты. Сөй­тіп­ті де, мен дереу елімді қоршап алмасам, тү­бінде олар бізге тыныштық бермейді деп шешіпті. Бірақ тарихқа жүгінсек, бұл қорған қы­тайларды қорғай алмағаны мәлім. Жау­жүрек көшпенділер қорғанды талай рет бұзып өткен.

Сондай бір кезде ғұндардың қол­басы­ла­рының бірі айтқан деседі: «Бұл қытай­лар­дай ақылсыз халық болар ма? Біз қор­ған­нан өттік те кеттік, енді кері қайтуға ері­неміз де, қытайларды қыра береміз» деп.

 

Тақырыпқа тұздық

Тәңірқұты Аттилаға ол еш кедергі болмап еді,  яғни Атилла атамыз 441-447 жылдары солтүстік Рим империясына екі мәрте жорыққа аттанып, Балқан түбегін басып алып, астанасы Константинопольдың төрінен туын бір-ақ тігеді. Ел мен жер былай тұрсын, шыбын жанын арашалап қалудың амалын іздеген шығыс Рим империясының ІІ Феодосий патшасы мәмілегерлік тәсілмен ғұн билеушісіне жыл сайын 7000 фунт алтын, яғни қазіргі өлшеммен 232 келідей алтын төлеуге уәде беріп, оның үстіне, Дунайдың төменгі сағасында орналасқан Даки өлкесін тарту етеді.

 

«Ай қораланды»… 

«Құйрық жеу»… «Ашамай»…

Біз бұл тұста ата-бабаларымыздың әс­ке­ри стратегиясы мен жаугершілік заманда ел мен жерді қорғап қалуда қолданған түр­лі амал-тәсілдеріне мән берсек. Ғұн қол­басшысы Еділ, жалпы, ғұн әскері тегіс әс­кери тактикаға шебер, ат үстінен арт­қа-ал­ға бірдей садақ ата алатын мер­ген, ат­тары да иелерінің бұйрығын орын­дауға әб­ден үйретілген, тоқта десе, тоқ­тай­тын, тіпті жалынан қағып қалып, белгі бер­се, жата қалатын есті еді. Арнайы жаб­дық­тал­ған қосындар жүйрік күймемен, жа­­уын­гер­лер қосар атпен жүйткіп жү­ре­тіндіктен, ғұн әскерлерінің қозғалысы жай оғын­дай жылдам еді. Жауды қос бүйірден қысу, маңлайсүбе, үркерше қоралау, ба­рыс­ша құсу секілді көптеген әскери такти­ка­лар шебер қолданылатын. Қадірлі оқыр­ман, біз осы ретте барысша құсу деген тә­сілді тәп­тіштей түсіндіре кетсек, бұл айла аң­­шылық кәсіпке байланысты пайда бол­ған: тау­дың ең ұшар басы, қарлы шыңын ме­­кен­дейтін аш барыс қыстыгүні өз ол­жасын қиналмай аулау үшін асқа­за­нын­дағы қо­рек­тің қалдығын түлкі, қарсақ мол жү­ре­тін етекке әкеп құсып отырады да, соны жеп дәніккен дәмегөй аңды ініне таяп келгенде бас салатын. Жолбарысты жалаң қолмен алатын ғұн батырының қай-қай­сы­сына болсын бұл тәсіл әбден таныс. Ен­де­ше, неге әскерді де сол әдіске бейім­де­мес­ке? Ол үшін ғұн қолының азғана тобы ша­һарға бекінген қалың жауға шабуыл жа­сап, олар­дан жеңілген сыңай танытып қа­шып, жол­ға олжа төгіп дәндетіп, бір­тін­деп олар­ды далаға шығарып алған соң, жасырын тұрған негізгі қол екі жақтан тап беріп тал­қан­дайтын болса керек. Ал ең қор­­қы­ныш­тысы, ғұн сардарлары жауды өл­тірген соң қа­нына туының ұшын батырып қан­дау рә­сі­мін жасайтын болған. Ал ең қа­һар­­ман­да­ры жаудың қанын уысына тол­ты­рып ұрт­тап та жіберетін, тіпті дұшпаны қас ба­­тыр болса, өлтірген соң кеудесінен жү­регін жұлып алып, шайнап жі­бе­ріп, жау­дың қайсарлығы маған жұғады деп ырым жасайтын оқиғалар да кездесетін. Бүгінде «жүрек жұтқан батыр» тіркесі, шын мә­нінде, жүректі жұтқан бабаларымыздан қал­са керек. Қазақтардың жаужүрек көш­пен­­ділердің ұрпағы екенін тіпті сол әскери әдіс-айланы күні кешегі жоңғар мен қал­мақ­тарға қарсы соғыста пайдаланғанынан-ақ аңғару қиын емес. Айталық, Аңырақай шайқасын зерттеген тарихшылар еңбегіне көз жүгіртсек, жоңғарлардың қару-жа­рағы басым еді, мылтығы, өздерінде құ­йыл­ған, Ресейден сатып алынған зең­бі­рек­теріне дейін болғаны айтылады. Бірақ таң­ға­лар­лық жайт, халық тағдыры шешіл­ген сол со­ғыста оның ешқайсысы да қазақ жа­сағын жа­сыта алмаған, себебі баһадүр қол­бас­шылардың бастауымен қазақ жа­сағы Деш­ті Қыпшақ даласында ежелден қа­лып­тас­қан «Ай қораланды», «Құйрық жеу», «Аша­май» тәрізді ұрыс тәсілдерін жан-жақ­ты пайдалана білген. Осы шай­қас­тарда сір­гелі Елшібек батыр өз тобымен жой­қын ша­буылдаған күйі жау зең­бі­ректерін жа­рып жіберсе, Тілеулі батырдың жыл­жы­ма­лы қамалына тап болған жоң­ғар­лардың талай атты әскері көзді ашып-жұм­ғанша жоқ болған. Ашық майданда шай­қасудан гөрі қамал бұзу күрделі бол­ғандықтан, қамал алу және оған алғашқы бо­лып кіру батырлар үшін аса мәртебе, құрметті дәреже саналған. Шаған бо­йын­дағы шайқаста жау қамалын бұзғаны үшін Қа­банбай батыр «Дарабоз» атанған, ал Көк­алажар қамалын алғаны үшін Иман ба­тырды Кенесары «Аяке» деп атаған. Көш­пенділер әскери тактикасының ең ерекше тә­сілі – жекпе-жек. Батырлар жекпе-жегін өт­­кізу қазақтарда ХІХ ғасырға дейін сақ­та­­лып келді. Жекпе-жекке шығу батыр­лардың жа­уынгерлік борышы еді. Жеңген батыр қар­сыласының атын, қару-жарағын ол­жалаған. Батыры өлген жақ оның денесін жау­ға бермеуге тырысып, «сүйекке шап­қан», яғни батырдың денесін бермей алып қалу ерлікке саналған. Жорыққа шық­қанда көшпенділер әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін байқатпай, жау жағын қапыда қалдыру айласы еді. 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған.

 

Білуші ме едіңіз?

Көшпелі халықтар әскер бөліктерін мінген аттарының түсімен де айырған. Мысалы, Шыңғыс ханның кешіктері кілең қара түсті арғымақтар мінген, ал Ақсақ Темірдің жеке гвардиясы да біркелкі атқа мініп, сауыттарына жолбарыс терілерін жапқан.

 

Ерлік қазақ үшін ертегі емес, ел ертеңіне айналса…

Көшпенділердің дәстүрлі әскери өнері – өте күрделі өнер. Алайда бүгін Алаш ба­ласы әскерге барғанда өз даласын қасық қа­ны қалғанша қорғаған сол бір қаһарман тұл­ғаларының ерлігін емес, кеңес Үкіметі кезінде әзірленген оқулықтардағы есімдер мен ерліктер жайлы оқып, тіпті әлі күнге мар­шал, генерал, майор, полковник се­кіл­ді сол тұста қабылданған шен-шекпенде жүр. Сондай-ақ кейбір фильмдерге қа­ра­саңыз, қазақта соғыс өнері болмағандай күй­ге түсесіз: әйтеуір, жауға бет-бетімен жа­патармағай шаба бергендей. Қазақ қо­лы әскери стратегия дегеннен, қазақ жа­уын­гері әскери тактика дегеннен мақұрым бол­ғандай… оған тек көзсіз ерлік қана тән бол­ғандай. Ал ақиқатында, Алаш жұрты әс­­кери тактикасы өз дәуірінде ең озық тә­сіл бо­лып саналған көшпенділердің ұр­пағы емес пе? Бірақ оны бүгінгіміз қайдан біл­сін, егер оған кешегіні көрген аға ұрпақ жөн сілтеп, сонау Еділ, Едіге, Бейбарыс, Абы­лай сынды хандар мен бектер, Қа­ра­керей Қа­банбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ша­пы­рашты Наурызбай, Райымбек батыр сын­ды ба­баларымыздың ерлігін жатқа ай­тып, киноға айналдырып көрсетпесе, оқу­лық­қа енгізбесе? Сонау жаугершілік за­ман­­дағы соғысу тәсілдері, қала берді ке­­шегі Ұлы Отан соғысында 207 рет қол бас­­тап, ұрыс­қа кіріп, әскери ғалымдардың ай­­туынша, 27 рет соғыс тарихында бол­ма­ған такти­калық жаңалық жасаған қазақтың қас ба­тыры Бауыржан Момышұлының трак­тат­тары әскери оқу орындарында, тіпті мек­­тептер мен жоғары оқу орын­да­рын­дағы әскери оқыту мен жаттықтыру ба­рысында ке­­ңінен қолданылмаса… Қа­зақ­тың өз қа­һар­­­мандары атындағы орден, ме­дальдар көп­­теп тағайындалмаса… Әс­ке­рімізге ұлт­тық сипат береміз десек, әлі де кеш емес!

 

Соғыс-сөздік

Көшпенділердің шекара қорғайтын, қала күзететін, елшілік, жаушылық қызметтерді атқаратын тұрақты әскері болған. Оларға бөлінетін азық «улафа», ал аттарына берілетін жем «алафа» деп аталған. Жауынгерлердің ақшалай жалақысы «нафак» делінген. Кейіннен қазақтар «алафаны» – алапа, «нафаканы» нәпақа атап кеткен. Нәпақаның алғашқы мағынасы өзгеріп, күнделікті қаржы, күнкөріс мағынасында қолданыла бастаған.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

 

http://alashainasy.kz/