Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик:
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, сіз жоғары білім саласының кәсіби маманы ретінде танымалсыз. Әлбетте, бұл саланың орта біліммен тығыз байланысты екені белгілі. Өйткені мектеп түлегінің қарым-қабілеті әу баста ашылмаса, университетте оны дамытып, кәсіби маман етіп дайындау – қиынның қиыны. Осы орайда қазіргі орта білім саласында қолға алынған реформаларға қатысты сіздің жеке пікіріңізді білсек деп едік. Биыл 1-сыныптан бастап ағылшын тілін енгіздік, алда 12 жылдық оқу бар. Осыған байланысты білім берудің жаңа стандарттарын енгіземіз деп отырмыз. Әлбетте, бұның бәрі бір ізге түскенше, біраз уақыт қажет. Дегенмен жоғары білім беру саласы ол өзгерістерге бейімделе ала ма?
– Негізі, қазіргі реформалардың барлығы отандық білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Оған сәйкес, білім берудің барлық деңгейлері, атап айтқанда, мектепке дейінгі білім, орта, кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі бір-бірімен тығыз байланыста болуы шарт. Сондықтан аталған салалардың біреуінде қолға алынған іс-шаралар дұрыс атқарылмаса, бүкіл білім беру жүйесіне нұқсан келетіні анық. Ал, ең бастысы, оның барлығы оқушының білім сапасына кері әсерін тигізеді.
Әлбетте, қазіргі кезде Қазақстанның білім беру жүйесін дамыту мен жаңғырту мақсатында көптеген жаңалық енгізіліп жатқаны жұртқа мәлім. Оның бірі –12 жылдық білім беру. Шынында, бұны жаңалық деп айтуға келмейді. Себебі бұған дейін де бұл бастама бірнеше рет қолға алынып, кейінге ысырылып отырғаны белгілі. Себебі республикадағы мектептердің материалдық-техникалық жағдайы осынау мемлекеттік маңызы бар өзгеріске дайын болмады. Әйткенмен бүгінде біраз нәрсе өзгерді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында біраз білім беру ошақтары салынып, мыңдаған оқушы жаңа мектептерге де барып жүр. Мектептердегі орын тапшылығы екі есеге азайып, ақпараттық технологияларды игеру деңгейі әжептәуір көтерілді. Электрондық оқулықтар, интерактивті тақталар мен жаңа компьютерлер қолданыла бастады. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сәйкес, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейтін бейіндік мектептер ашылды. Содан 12 жылдық білім беру бастамасы қайта қолға алынды. Осы орайда «Бұл жүйе бізге не береді?» деген заңды сұрақтың туындауы орынды. Жалпақ тілмен айтсақ, оның арқасында Қазақстан әлемдік білім кеңістігіне еркін еніп, мектеп пен университет түлектері шетелдік оқу орындарына оңай түсе алады.
– Ал ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту мәселесіне не айтар едіңіз? Бұған қарсы тараптың пікірлері де тұшымды ғой?
– 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту мәселесіне келер болсақ, бұл да – қазіргі қажеттіліктен туындап отырған жағдай. Себебі әлемнің кез келген жоғары оқу орнына кедергісіз түсе алудың төте жолы – ағылшын тілін меңгеруде жатқанына ешкім талас тудыра қоймас. Бірақ шет тілдерін қазақ топтарында оқыту әдістемесін зерттеп жүрген ғалым ретінде бұл бастаманың әдіс-тәсілдерін қарастыруда ғылыми түрде әлі де зерделей түсетін, түпкі нәтиженің тиімді болу жағын қарастыруда ғылыми тұжырымдармен толықтыруды қажет ететін мәселелер жеткілікті дер едім. Меніңше, бүгінгі қоғамдық пікірді ескере отырып, 1-сыныптағы ағылшын тілінің пайдасын әлеуметтік зерттеулермен нақтылап, ғылыми тұрғыда дәлелдеп, жұртшылыққа жеткізе білу керек. Сонда ғана аталған мәселе бойынша сан алуан түсініспеушіліктер азаяр еді. Мәселен, мен өзім қазір мектептерде сабақ беріп жүрген ұстаздардың барлығы ағылшын тілін ерте жастан оқыту әдістемесін бір кісідей біледі деп айта алмаймын. Шет тілін оқытуды ерте бастау мен бұрынғы 5-сыныптан жай оқытудың айырмашылығын кәсіби деңгейде ажырата алатын мұғалімдердің жеткілікті екеніне күмәнмен қараймын. Біз ондай әмбебап ұстаздарды әлі дайындауымыз қажет.
Ал енді жоғары білім беру саласы аталған өзгерістерге сай бейімделе ала ма деген сұраққа тоқталсақ, жақында ғана Білім және ғылым министрлігінің басшысы бұл салада да тың өзгерістердің болатынын қадап айтты. Атап айтқанда, мемлекеттік жоғары оқу орындары мемлекеттік меншіктен шығарылып, университеттер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қызмет атқарады. Негізі, жоғары оқу орындарына дербестік беру арқылы университеттер арасындағы бәсекелестікті барынша арттыруға болады. Сондай-ақ министр университеттерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілетінін де атап өткен. Жоғары білім беру менеджментін жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу сияқты міндеттер қойылып отыр. Ол үшін университеттерде қамқоршылық қеңесі құрылатын болады. Білім беруді басқаруға қалың жұртшылық, ата-аналар, профессор-оқытушылармен қатар, қоғамдық ұйымның өкілдері де тартылмақ. Қамқоршылық кеңесінің құқығы кеңейіп, университет ректорларының жылдық жұмысы, стратегиялық даму бағдарламасы туралы есептері тыңдалып, олардың атқарып отырған қызметтеріне баға беріп, лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместігі жөнінде шешім қабылдау мүмкіндіктері болады. Сайып келгенде, жоғары оқу орындарының қызметінің «ашықтығын» қамтамасыз ету мен университеттердегі жемқорлық көріністерінің пайызын төмендету үшін әлеуметтік зерттеулер мен акциялар өткізіліп, оларға студент жастардың өздері қатысады. Соның негізінде тиісті қаулы-қарарлар қабылданатын болады. Жоғары оқу орындарының басшылары менеджмент саласында біліктілігін арттыру мен қайта даярлықтан өтетін болады. Бұл істі кейінге қалдырмай, келесі жылдан-ақ бастап кетпекші. Нақтылай айтсақ, Назарбаев университеті базасында ректорларды оқытуды жоспарлап та қойған. Егер Білім және ғылым министрлігі барлық білім беру деңгейлерінің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, маман даярлаудың жаңа сапасына көшу, білім берудің тиімді жүйесін құру, ғылыми- зерттеулерді халықаралық деңгейге шығару, қазақстандық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары мен жоспарларының мазмұнын өзгерту арқылы еуропалық стандарттарға сәйкестендіре алса, онда жоғары білім беру саласы қазіргі орта білім реформаларына толыққанды бейімделе алады.
– Жалпы, сіз білім беру мазмұнын өзгерту керек дегенді қалай түсінесіз?
– Қазіргі іс-шаралардың барлығы осыны көздейді. Білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертудің түпкі мақсаты мынада: оқушы білімді тек алып қана қоймай, оны өз пайдасына жарата білуі тиіс. Міне, мектептің негізгі міндеті осы болмақ. Әрине, бұл жерде жаңа тұрпаттағы оқулықтардың атқарар рөлі зор. Бүгінде оқушыларымыз ұлттық сипатта дайындалған отандық төл оқулықтарымыздың негізінде білім алады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындаудың жүйесі бірқалыпқа келтірілді. Талай сарапшылардың талқылауынан өткен тақырыптардың мазмұны бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Осының арқасында бұрын болған кемшіліктер қазіргі оқулықтарда көп жағдайда қайталанбайды. Меніңше, қазіргі оқулықтар тек ақпарат берумен ғана шектелмей, оқушылардың өз бетінше ізденуіне де жол аша бастады. Себебі оқулық авторлары оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай материалды түсіну мен қабылдау жағын толыққанды қарастыруға тырысады. Қазіргі білім берудің мазмұнын өзгертудің негізгі мақсаты да соған саяды. Оқушылар өз бетінше әрекет жасай алатын білімді жеке тұлға болып қалыптасуы қажет.
– Қазіргі мектеп түлектерінің арнайы оқу орындарын, яғни техникум мен колледждерді «қосымша аэродром» ретінде қарастыратыны жасырын емес. Олардың басым бөлігі сол арқылы жоғары оқу орындарына түсуді көздейді. Оны сіз жақсы білетін шығарсыз? Ал осы бір психологияны өзгерту үшін не істеу керек? Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына жастарды көптеп тартып, өндіріс ошақтарын отандық мамандармен қамтамасыз етудің қандай амалдары бар?
– Шыны керек, бұл – көптің көкейінде жүрген күрделі сұрақтардың бірі. Қазір барлығы жаппай өз балаларын жоғары оқу орындарына беретін болды. Тіпті мектепті шулатып, мұғалімдерді әбден ығыр қылып жүрген, қырсыз әрі білімге құлықсыз балаларын да университеттерге қарай сүйреп жатыр. Бұл – ащы болса да, шындық. Негізі, орта білім жалпыға бірдей болса да, жоғары білімнің ондай емес екендігін түсіну керек қой. Бүгінде сол жалпыға бірдей деген сипаттаманы жоғары білім жүйесіне де балап қойған ба? Білімге құмарлық па әлде билікті көздегендік пе? Әрине, кез келген ата-ана үшін өз баласынан артық ешкім жоқ қой. Оны да түсінуге болады. Содан бала мектепте қалай оқыса да, ата-ана оның жоғары білім алғанын қалайды. Бұрын жоғары оқу орнын тауысқан адамның абыройы осы күнгі академиктің беделінен кем болмайтын. Қазір екінің бірінде бірнеше диплом бар. Ауруды қарайтын доктордан ғылым докторы көп. Таяқ лақтырсаң, кандидаттың екеуіне бірдей тиеді. Жоғары білімнің қадірін түсіріп алғанымызды өзіміз де байқамай қалдық. Соңғы кезде тек жоғары білім ғана алу керек деген үрдіс пайда болып, техникалық және кәсіптік білім алуға қара көз бауырларымыз онша құлық танытпай жүр. Ал жұрттың бәрі жоғары білім алғаннан кейін ертең олардың жұмыссыздар қатарын көбейтпесіне кім кепіл? Бүгінгі таңда кейбір пысықайлар орта арнаулы білім алмай, ҰБТ-сыз университеттерге түсіп кету жағын да ойластыратын болды. Кәсіби-техникалық білім алып, жұмысшы кадрлардың санын арттырудың орнына бесіктен белі шықпай жатып, жымысқы жолды таңдаған кейбір жастарымызға таңғалудан басқа шара жоқ. Бірақ Білім және ғылым министрлігі екі жыл болды, олардың жолын оңай кесті. Олай дейтініміз – колледж түлектері де ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырады деген ереже шыққаннан кейін колледждерде оқитындардың саны күрт азайып, жоғарыда айтқан кейбір пысықайлардың көлденең жолмен көл-көсір жоғары білімге қол жеткізем деген сасық қулығы арман болып кеткенін несіне жасырамыз.
Неге біз жұмысшы кадрларын, атап айтқанда, елімізге керек сылақшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, көлік жөндеуші, әрлеуші, ағаш ұстасы және тағы басқа мамандықтарды игеруге бағыттамаймыз? Өзіңіз айтып отырған үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекетке айналдыруға бағытталған бағдарлама шеңберінде көп нәрсені шешуге болады. Біз шикізат әзірлейтін елден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шығармайынша, толыққанды бәсекеге қабілетті ел бола алмайтынымызды естен шығармауымыз керек. Міне, осы бағытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде өзгерістер байқалуда. Жұмысшы кадрлар даярлауда жұмыс берушілермен бірлесе атқарылатын бірыңғай іс-шаралар іске асуда. Атап айтқанда, бітірушілердің білімі мен білігін айқындау үшін біліктілік жүйесі енгізілуде. Біліктілікті айқындайтын комиссия құрамына оқу орнының қызметкерлерінен басқа, жұмыс берушілер мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері кіретін болды. Маманның шын мәнінде қай деңгейде дайындалғанын айқындап, куәлік беретін алқалы органның жауапкершілігі де артпақ. Міне, осылай отандық өндіріс орындарын жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін таппақ.
– Жақында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осы мамандықтарға қатысты тағы бір мәселені көтерді. Оның айтуынша, қазіргі кезде біз жастарды «өзіміз білмейтін мамандықтарға» үйретуіміз керек. Сіз министр мырзаның бұл сөзіне қалай қарайсыз?
– Айтылған ойы дұрыс, бірақ жеткізу жағы көптің көңілінен шықпай қалғаны ыңғайсыздау болды. Күнде өзгеріп отырған қазіргі заманда, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін жаппай сауаттылық жеткіліксіз екендігін, заманауи өндірісте жұмыс жасай алатын мамандар дайындау қажеттігі туралы Мемлекет басшысы да аз айтып жүрген жоқ. Міне, министр мырзаның да айтып отырғаны осы міндеттер үдесінен шығу керектігі жайлы ғой. Ғылымның қарқынды даму барысында көптеген ғылыми жаңалық ашылып жатыр, соған байланысты мамандар да дайын болуы қажет. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына жастарды машықтандыру күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керектігі де күмән тудырмайды. Ендеше, келешектің мамандығы ретінде адам ойының шыңырау биігі – роботтарды «ойнатып», оларды әртүрлі қызметтерге пайдалану, ғарыш ғаламаттарын зерделеу, баламалы энергия көздерін игеруде қажет болатын тағы сол сияқты көптеген келешек мамандықтарды игеруге дайын болуымыз керек. Ендеше, біздің де маман дайындағанда ұзақ мерзімді стратегиялық бағыттарды ойластырғанымыз жөн.
– Осы уақытқа дейін электронды оқыту жүйесіне қатысты көптеген мәселе көтерілді. Қыруар қаржыны құйып, біраз мектептерді аталған жүйеге қосып та үлгердік. Алайда маман тапшылығы оны ары қарай дамытуға қолбайлау болып отырған сияқты…
– Еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге деген құлшынысы – құптарлық жай. Қала мен ауыл арасындағы білім ошақтарымен ақпараттық алмасулар оң дәрежеде жүргізілетін болса, білім сапасы да, әлемдік білім кеңістігіне кіру мәселесі де жылдам шешілетіні анық. Ал бұл іске қыруар қаржы, өзіңіз айтқандай, мықты мамандар тартылуы керек. Кадр даярлаудың барлық білім деңгейлерінде электрондық оқытуды енгізу, тағы да қайталап айтамын, қомақты қаржы көздерін табуды қажет етеді. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, электронды оқытуды қаржыландыруды тоқтата тұруға шешім қабылданудың өзі бұл істің күрделілігін көрсетсе керек. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттер, атап айтсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Жапонияда электронды оқыту ұлттық деңгейде қабылданып, кәдімгі оқулықтардың орнын электрондық тәсілге ауыстыру қолға алынып, олардың нәтижелі жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, біздің де еліміз 2015 жылға қарай білім ошақтарының 50 пайызын электрондық оқыту тәсіліне өткізбекші. Сіз айтқандай, маман тапшылығы емес, қаржы тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтқанымыз абзал. Еліміздің білім беру саласын бір сатыға көтеріп тастайтын осы мәселеге келгенде қаржыландырудың жарты жолда тоқтап қалуы әркімді-ақ ойландыруда. Үкімет бар, Білім және ғылым министрлігінің басшылығы бар, осы бір келешегі зор жобаға дұрыс жөн сілтеп, тығырықтан шығар тиімді жолдарын табатындығына сенгіміз келеді. Білім мен ғылым ұйымдарының өкілдері дау-дамай емес, салиқалы сабырлылықпен бұл істің оң шешім табатынына үмітті. Сонда ғана дайындалатын мамандардың білім сапасы да, электрондық оқыту жүйесі де талаптарға сай қызмет атқаратыны сөзсіз.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, сіз өзіңіз қазіргі жаңа технологияларды қаншалықты қолданасыз? Олай деп сұрап отырғанымыз – бүгінгі жастар компьютер мен ғаламторды білу жағынан аға буын өкілдерінен асып түседі. Қазір мұғалім емес, шәкірт оған дәріс бере алатындай деңгейге жеткен. Бұл мәселені қалай шешеміз? Оқытушылардың жаңа толқынын күтеміз бе?
– Шынын айту керек, қазіргі жаңа технологияларды қолдануда аға буын өкілдері сияқты мен де жастардан озып кетпесем де, планшет немесе телефон арқылы өзіме керекті ақпаратты ғаламтордан іздеп тауып, өзгелермен әлеуметтік желілерде отырып, қызықтырған сұрақтар төңірегінде пікірлесе аламын. Сондай-ақ дәріс оқығанда интерактивті тақта, мультимедиалық проекторлар, аудио-бейне қондырғыларды қолдану арқылы қосымша тәсілдерге жүгінемін. Өйткені оқылған дәрістің көрнекілік құралдарымен дәйектелгені дәстүрлі дәрістен гөрі тартымды болатынын байқаймыз. Соңғы кезде заман талабына сай өз күшіммен баяндамаларыма көрсетілім ретінде қосымша слайд, сызбалар әзірлеуге дағдыланып алдым. Білім саласындағы жаңа парадигмаға байланысты оқудың өзі де өмір бойы үйренуді, біліміңді үнемі жетілдіріп отыруды талап ететіні тағы бар. Сол себепті әрбір мұғалім шәкіртінен қай жағынан болса да, оқ бойы озық тұруы керек деп санаймын. Ол үшін күн-түн демей оқу керек, үйрену керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ…
Саналы ғұмырымның 30 жылдан астам уақытын білім және ғылым саласына арнап келе жатқан маман ретінде мені екі мәселе қатты мазалайды. Біріншісі – бүгінгі жастарымыздың жаппай жоғары білімге лап беруі алаңдатады. Мектеп түлегі достарының алды болып, үлгілі оқушы болса, онда бір жөн. Соған қарамастан, ата-аналардың барлығы баласының шама-шарқын біле тұрып, оны университеттерге сүйрейді. Неге олар баланың өз қалауын сұрамайды? Меніңше, ондайда ата-аналардың арманы біреу-ақ — қалай болса да, балам жоғары білім алсын, содан жоғары қызметте отырсын деген өзін-өзі алдаудан туған жалған үміт. Сапасыз алған білім кәсібінің нәсібін табуға негіз бола алмайтындығын баласына ұғындырудың орнына келешегіне балта шабатындығына таңғаламын. Баланы бастық болуға емес, еңбек етуге ерте жастан тәрбиелеу керек қой. Екінші мәселе осы оймен сабақтас. Бүгінде жоғары білімді сырттай оқып алудың алдын алу керек. Ол үшін әрбір азаматтың бірінші мамандықты күндізгі бөлімде оқып алу қажеттігін заңдастыру қажет. Сонда ғана ол студенттік өмірдің ыстығы мен суығына көніп, жоғары білім алудың, шынында да, еріккеннің ермегі емес екенін түсінер еді. Әйтпесе қазіргідей тек сырттай бірнеше университетті тамамдап, қалтасында екі-үш диплом салып жүргендер жоғары білімнің қадірін кетіріп бітті.
Автор: Арман АСҚАР
http://alashainasy.kz/person/48011/