Сауалнаманы жүргізген – Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, Айтжан МҰРЗАНОВ (фото)
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
– Бүгінде Ұлттық біріңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты сан түрлі әңгіме айтылуда. Бұл ҰБТ-ның беделін жоғалта бастағанын білдіреді. Себебі ҰБТ критерийлері халықаралық талаптарға сай емес. Тестің сапасы да төмен. Мысалы, бірқатар шетелдерде емтихан тапсырушының апелляциялық шағымына екі күн беріледі. Ал бізде қалай? Апеллияция берілген күні оның жауабы дайын болады. Бұл – заң бұзушылық. Себебі бір күнде жауап қалай дайын болуы мүмкін? Бұл – біріншіден! Екінші мәселе, ҰБТ-ның емтиханын пән бойынша жеке-жеке, яғни арасына күн салып алған дұрыс. Өйткені үміткердің дайындалуы үшін уақыт керек. Әйтпесе үміткерлер небәрі бірнеше сағатта барлық пән бойынша жауап беретін робот емес қой!.. Сондықтан Ғылым және білім министрлігі осыны ескеруі қажет. Үшіншіден, әрбір мектеп өзінің болашақ түлектерін ҰБТ-ға психологиялық жағынан дайындауы керек. Себебі ҰБТ кезінде білімді баланың да қатты қобалжып, стресс алатынын байқап жүрміз. Бұл – мектептерде психолог-мұғалімдердің балалармен қажетінше жұмыс жүргізбейтіндігінің, әйтеуір кезекті сабағын өткізуді ғана ойлайтынының дәлелі. «Бала тәрбиесі бесіктен» деп дана халқымыз айтқанындай, егер «мектеп бітіруші түлектер жоғары бағаға қол жеткізсін» десек, мектепте психология пәніне айрықша назар аударғанымыз жөн.
Күләш ОРАЗБЕКОВА, педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымының профессоры:
– Психология дегенде менің айтарым, оқушыларды кеңестік жүйе кезіндегідей емес, ұлттық психологияға сай дайындау керек. Мен ұлттық психологияның үш томын жаздым. Оның бірінші томы – Ұлттану. Мұнда рәміздерді, т.б. ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіреміз. Екіншісі – Жантану, ал үшіншісі – Адамтану. Міне, осындай ұлттық психологияны мектептерде оқытуды жаппай енгізу қажет. Сонда ғана мектептің әрбір түлегінің ҰБТ-да жоғары балл жинауына қол жеткіземіз. Өйткені ұлттық психологияда барлық мәселе жан-жақты қарастырылған.
http://www.aikyn.kz/articles/view/50888