Сахаба Абдулла бин Амр (р.а.) өзінің бала күніндегі болған бір оқиғаны баян етеді: «Мен кішкентай бала болатынмын. Анам: «Әй, Абдулла бері кел, бір нәрсе беремін», – деп шақырды. Пайғамбарымыз анама: «Не берейін деген едің?» – деп сұрады. «Құрма берем», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Егер шақырып алып ешнәрсе бермесең, саған бір күнә жазылатын еді», – деді[1].
Иә, бала тәрбиесіндегі өте маңызды мәселенің бірі – балаға тек шындықты айтуды үйрету. Ал, енді баланы өтіріктен қорғау үшін ең әуелі өзіңізге сұрақ қойып көріңіз. Шындықты айтса, баланы не күтіп тұр? Кешірім бе, әлде «таяқ жейді» ма? Бала тек рас сөйлеп, өтірік айтпауға тәрбиелеуде мына жайттарды ескерсеңіздер болады:
1.Қате тәсіл. Өтірік айту әдетінен қайтару үшін жазалау – қате әдіс. Ең алдымен, бала санасына бірнәрсе «бүлдіріп қоюда» тұрған ешбір айып жоқтығын және үнемі рас сөйлеу жазадан құтылудың бірден-бір жолы екенін сіңіру маңызды.
2.Өнеге көрсету. Мәселен, үй телефоны шылдырлаған кезде тұқтаны көтерген балаңызға «мені сұрап жатса, жоқ дей сал» десеңіз, онда перзентіңізден шындықты айтуды талап етуіңіз қисынсыз.
3.Ғибратты әңгіме. Өтірік айту және өтірікшінің салдары жайлы қысқа ертегі мен әңгімелер айтып беріңіз. Мәселен, өтірікші қойшының қойларын қасқыр жеп кеткендігі жайлы қиссалар сияқты.
4.Дұрыс жауап. Баланың беймаза сұрақтарына немқұрайлық танытып тез құтылу үшін шынайылық пен қиялдың ара-жігін ажыратпай жүре жауап бермеңіз. Сіздің әрбір өтірік жауабыңыз баланың осы жаман әдетке бойы үйренуіне себеп екенін ұмытпаңыз.
5.Жөнсіз жаза. Түкке тұрғысыз жайттар үшін балаға қаталдық танытудан және болмашы қателігі үшін ұрысудан сақ болыңыз. Мәселен, бала үйде ыдыс аяқты сындырып қойса немесе көшеден аяқ киімі су боп келу сияқты жағдайда баланың кішкентай тұлғасын қорламауды қатаң ескеріңіз. Бұл баланың өзіне деген сенімділігін жояды. Бала екінші рет шындықты айтып қор болғанша, өтірік айтып құтылғанды жөн санайды.
6.Өтірікті өршітпеңіз. Баланың өтірігі «әшкере» болған жағдайда бас салып ұрыса жөнелудің жөнсіз екенін ескеріңіз. Айғай мәселені одан ары шиеленістіріп жібереді. Мұндай жағдайдан кейін бала өтірігі өрши түседі. Сіз барлық шаруаңызды жинастырып, баланыңды алдыңызға алып отырып, өтірік айту дұрыс емес екенін айтыңыз.
7.Дәмді тәсіл. Шынын айтқан кезде балаға кішігірім тәттілік немесе сыйлық беріп, оның бұл әрекетін марапаттау қажет.
Құрметті ата-аналар! Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әке перзентіне жақсы тәрбиеден артық сыйлық жасай алмайды»,[2]-деген сөзін жадыңызда сақтағайсыз.
http://www.muslim.kz/