Ағымдағы аптаның сенбісінде Елбасы Астанада Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізіп, «Қазақстан–2050» стратегиясын жүзеге асыру барысында іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайын қарамақшы. Ал Премьер-министр С.Ахметов бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығындағы жерді түгендеу жұмысының қорытындысын талқылайды. Бұл хабарды Орталық коммуникациялар қызметінің елордадағы кезекті брифингінде ресми өкілі А.Әбибуллаев жеткізді. Үкімет басшысы 12 сәуірде Батыс Қазақстан облысына сапарға шығып, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бағдарламасын іске асыру барысымен танысып, бірқатар өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барады. Соңында Орал қаласында облыс активінің отырысын өткізеді деп жоспарлануда. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына аялдайды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин бастаған қазақстандық делегация 10-11 сәуірде ТМД Парламентаралық ассамблеясының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың парламенттік ассамблеясының жұмысы мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың парламентаралық ассамблеясының 15-отырысына қатысу үшін Санкт-Петербор қаласын бағытқа алады. 12 сәуірде Халықаралық ғарыш күніне орай еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігі, Еуропалық EADS концернінің құрылымдық Astrium француз компаниясы Жерді қашықтықтан зерттеудің алғашқы қазақстандық серігін алдағы уақытта іске қосуға арналған «Қазақстандағы ғарыш күні» атты халықаралық семинар ұйымдастырады. Күн сайын көрігі қыза түскен зейнетақы туралы заңға енгізілетін жаңа өзгерістерге орай қоғам мүшелері тарапынан түрлі сауалдардың туындап жатқаны рас. Парламентте талқылауға түскен жобаның ерекшеліктеріне байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Тамара Дүйсенова брифингке қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Қазір елімізде зейнеткерлердің 70 пайызын әйелдер құрайды. Демек, 1 миллион 800 мың зейнеткердің арасындағы ақжаулықтылардың саны 1 миллион 235 мыңға жеткендіктен, бұл салаға бөлінетін мемлекеттік шығындар өсе түскен. Айталық, қамсыз қарттықты қамтамасыз ету шығындары соңғы бес жылда 363,6 млрд-тан 825,7 млн теңгеге дейін ұлғайыпты. Осы соманың 70 пайызға жуығы әйелдердің зейнетақы төлеміне кетеді екен. Егер ерлердің орташа зейнетақы төлемі 43 606 теңгені құраса, әйелдер үшін 36 243 теңге. Вице-министрдің мәлімдеуінше, әйелдердің демалысқа шығу жасы 63-ке белгіленгенімен, бұрынғы бірқатар жеңілдіктер сақталған. Зейнетақы қорындағы соманы тиісті мөлшерде жинақтағанда, 5 бала туғандарға 53 жастан шығуға мүмкіндік бар. Бірқатар экологиялық өңірлердегі ерекшелікке де ешқандай түзету енгізілмеген. Вице-министр осы кезге дейін қаншама рет қозғалған балет бишілерін 40 жастан демалысқа жіберу жайы парламенттік қарау кезінде қосылуы мүмкін екендігін ескертті. Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ |