АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Балқадиша» әні Астанада өтетін ЭКСПО-ның бейресми әнұранына айналмақ (ФОТО)

скачанные файлы (2)«Балқадиша» әні Астанада өтетін ЭКСПО-ның өзінше бір әнұранына айналмақ. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында Зеренді ауданы бойынша ҚХА жауапты хатшысы Күләш Рақымжанова мәлімдедi.

 «Зеренді жері талай ақын, әншілерді өсірген жер. Біржан сал, Ақан серіні білмейтін адам жоқ. 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде Әміре Қашаубаев «Балқадиша» әнімен әлемді дүркіретіп, елді аузына қаратты. «Балқадиша» әні бүгінгі біздің 21 ғасырда Астана төрінде өткелі жатқан ЭКСПО-да гимн ретінде айтылмақ», — деді Күләш Рақымжанова.

Еске сала кетсек, 11 қыркүйек күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы басталды. Экспедицияның бірінші аялдаған жері – Бурабай. Одан кейінгі тоқтаған жері – табиғаты көркем, тарихы бай Зеренді елді мекені. Ал бүгін таңертең топ Көкшетау қаласына келіп жетті. Қазіргі уақытта экспидиция мүшелері өлке тарихымен танысуда.

Кеше экспедиция мүшелері Зеренді маңында жақында ғана ашылған Балқадиша ескерткішіне ат басын бұрды. Одан кейін биыл 100 жылдығы кеңінен аталып өткен Кеңес одағының батыры, қазақ жазушысы, ғалым Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне барып, оның күйеубаласы Нұрғали Олжабайұлымен тілдесуге мүмкіндік алды. Және де жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіліп, тарихта есімдері көп еленбей қалған, енді ғана зерттеліп, зерделеніп жатқан Бөгенбай би, Қошқарбай батыр, Шал ақын мен т.б. туралы тың материалдар алынды. Кездесуден кейін аталған аруақтар үшін Бөгенбай би мазарына барып, құран бағыштап, көне замандағы Орманды Бұлақ қорымдарын көруге мүмкіндік туды.

Сондай-ақ, топ Кеңөткел ауылынан оңтүстікке қарай 300 метр қашықтықта орналасқан Қошқарбай қорымындағы көне ескерткіштерге куә болды. Жергілікті тұрғындардың мәліметіне сәйкес, бұл ауылда Ақан сері әнін арнаған Балқадиша ару өмір сүрген.

Кешке қарай топ мүшелеріне Қазақстан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,3 шақырым жерде орналасқан Уәли хан мазарына жол түсті. Бұл мазар 2008 жылы Уәлихан ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған екен. Атап өтсек, Уәлихан хан 1738/1741-1821 жж. өмір сүрген, ол 1781-181 жж. Орта жүз ханы болған. Ол – Абылай ханның екінші әйелі қарақалпақ Сайман ханымнан туған үлкен ұлы. Ал даңқты қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов – оның немересі.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ 

http://www.bnews.kz/