АЛТЫНОРДА
Новости

Балқаш тартылып барады

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мамандары осылай деп дабыл қақты. Оған себеп – Балқаш көлінің бүгінгі «тынысын» жан-жақты сүзгіден өткізген «Маккинзи» халықаралық сарапшылар тобының мамандары жасаған сарап қорытындысы. Сонда Балқаш көлі, шынымен, «суалып» бара ма? Мұндай апатқа жол бермеу үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажет?

Балқашты «бүге-шігесіне дейін» зерделеп, сараптаған маккинзилік сарапшылар жасаған қорытындыға жүгінсек, осы жүз жылдықтың ортасына қарай көлдің 90 пайызға жуығы ақсортаңға айналуы мүмкін. Ол ол ма, еліміздің талай өңірін сумен және балықпен жарылқап отырған баға жетпес байлығымыз – Балқаш көлі 2045 жылға қарай су қорының 86 пайызынан айырылып, экологиялық апатқа ұшы­рауы әбден мүмкін.

Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Айнұр Қуатованың пікірінше, Қазақстанды судың негізгі бөлігімен үз­дік қамтамасыз етіп келе жатқан көр­ші­лес Өзбекстан мен Қытай елдері болса, 2030 жылға қарай бұл елдердің де суға сұ­ранысы анағұрлым арта түспек. Мұның үстіне Балқаш көліне құятын өзен суы­ның көлемі қазірдің өзінде жыл сайын
2-3 пайызға азайып барады.

– Халықаралық сарапшылардың болжамына жүгінсек, бізбен іргелес Қытай­дың суға деген жыл сайынғы сұранысы 2030 жылға қарай қазіргі күнгі 555 млрд текше метрден 818 млрд текше метрге дейін өскелі отырғанын дәл осы су мә­се­лесін зерттеуші мамандар болжап бер­ді. Ал мұның өзі Балқаш көлін 80 пайыз сумен қамтып отырған Іле өзені суының көлемі де анағұрлым азаятындығын аң­ғартады. Мұндай үрей­лі бол­жам Бал­қаш мәселесін қазақстан­дық және ха­лықаралық сарапшылар­дың кө­мегімен су қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін ана­ғұрлым пәрменді әрі серпінді һәм нақты шешімдер қабылдау үшін мәселені мемлекетаралық деңгей­де шешуді талап етеді, – дейді Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Айнұр Қуатова.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі соңғы жылдары осы мақсатта жасыл экономика стратегиясын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Осыған орай бірқатар министрліктердің, ведомстволардың, сондай-ақ өнеркәсіп орындарының, ғы­лыми-өндірістік орталықтардың басшыларымен, тәжірибелі сарапшылармен 50-ден астам рет кездесу өткізіліп, дәл осы жасыл экономикаға өту бағдары тал­қыланыпты. Ал бұл стратегияның басты мақсаты – біріншіден, су тапшылығын жою арқылы егістік алқаптарын қал­пы­­на келтіру, өнеркәсіп пен ауыл ша­руа­шылығында су қорларын анағұрлым тиімді пайдалануға қол жеткізу. Екіншіден, жаңа заманның қуат көздерін пай­далануды енгізіп, оны ұқыпты қолдану. Ең бастысы, өзіміздің ішкі қорларды әсі­ресе, су қорларын тиімді пайдалану ар­қылы шетелдерден алынатын су қор­ла­рының көлемін мейлінше азайту ар­­қылы ұлттық қауіпсіздік деңгейін көтеру. Міне, бұл – жасыл экономика стратегиясының басты қағидаттары. Түптеп келгенде, жа­сыл экономика қағидаттарын ойдағыдай жүзеге асырған жағдайда елімізде су қоры молайып, Балқаш көлінің «бағы» байланбауы әбден мүмкін. Мұндай жа­ғымды болжамды ұлттық табиғат қор­ғау­шыларымен қатар, шетелдік сарапшылар да айтып отыр.

– Біз 30-жылдары жөн-жосықсыз жү­зеге асырылған шешімдердің кесірінен Арал теңізінің басынан кешкен тағдыр-тауқыметін ұмытпауымыз керек. Нақты айтқанда, көршілес одақтас республика – Өзбекстанда мақта өсірудің кең кө­лемде жүргізілуі салдарынан Арал те­ңізі небәрі 40 жылдың ішінде су қоры­-ның 90 пайызынан айырылды. Сондық­тан көрікті көл – Балқаш суының 2045 жылға қарай 86 пайызға тартылуына осы бастан жол бермеуіміз қажет. Мұндай болжамды Біріккен Ұлттар ұйымының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағ­дарламасына сәйкес Балқаш көлін мұ­қият сараптан өткізген маккинзилік сарапшылар тобы нақты дәлелдеп отыр. Сарапшылар «егер мұндай жағдай орын алатын болса, онда Қазақстан Балқаш көлінен айырылып қалу қаупі бар» дейді. Бұған қоса, сарапшылар тобы келтірген бір дәйекті дерек, егер Өзбекстан ал­дағы уақытта осы аймақтағы мақта алқап­тарын суару үшін Сырдариядан алынатын су көлемін жылына 42-51 млрд текше метрге ұлғайтса, онда дәл осы өзен ар­қы­лы Балқашқа құятын су көлемі 80 пайыз­дан астамға қысқаратыны даусыз. Бұл – бір ғана Балқаш көлінің тағ­дыры болып қалмай, өте үлкен ғалам­дық экология­лық апатқа ұласатыны даусыз» деп мә­селенің мәнісін ашық айтып берді. Реті келгенде айтайын, егер Ре­сей Есіл мен Тобол өзендерінен қосымша 72-147 млрд текше метр су алған жағдай­да Қазақ­станның осы аймақтағы алқап­тарын сумен қамтудың да едәуір қиын­дық ту­ғызатыны ақиқат. Бұған қоса, егер Қыр­ғызстан 4-6 млрд текше метр суды пайдаланған жағдайда осы маңдағы Шу және Талас өзендерінің су қоры да едәуір азайып кету қаупі бар. Сондықтан ми­нистрлік Елбасы белгілеген страте­гия­лық бағыт-бағдарларға сәйкес қазіргі уақытта жасыл экономика бағдарлама­сын жедел қолға алуда. Себебі Елбасы бе­кіткен бағдарламаға сәйкес жүргізу белгіленіп отырған Жасыл экономика бағдарламасы еліміздің өндіріс және ауыл­ шаруашылығы саласында анағұр­лым тиімділікпен жұмыс жасап қана қоймай, су қорларын барынша тиімді пайдалану арқылы дәл осы салада нақты көрсеткіш­ке қол жеткізудi көздейдi. Демек, жасыл экономиканы жүзеге асыру Балқаш көлі мәселесін ше­шу бағытындағы нақты әрі тиімді іс-шара болатыны сөзсіз, – дейді Айнұр Қуатова.

Маман пікірі: Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Та­би­ғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Балқаш көлі сазанымен даңқты еді. Мұнда жылына 11-12 мың тонна сазан өндірілетін. Тіпті Балқаштың сазаны мен маринка, окунь тәрізді балықтары ке­зінде Қызыл кітапқа енгізілген-ді. Өкі­нішке қарай, Қапшағай ГЭС-і салынғалы бері балық атаулы Балқаштан қашып кетті. Ол ол ма, қазір Балқаш көлінің тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі көл суы­ның азайып, оны ақ тозаң басуына осы бастан тосқауыл қойылмаса, күні ертең Балқаш көлі Аралдың күйін кешуі әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз, осы аймақта өмір сүріп жатқан үш миллионнан астам адам­ның тағдыры да қиындағалы тұр деген сөз. Мұны шетелдік сарапшылар да айқындап отыр. Сонда Балқашты сақтап қалу үшін не істеу керек? Ең алдымен, Үкімет Балқаш көлінің Арал тағдырын қайталамауы үшін өңірді тұрақты дамыту туралы жедел әрі нақты бағдарлама қа­былдағаны жөн. Бұл – біріншіден! Екіншіден, бағдарлама бірінші кезекте қаржыландырылуы тиіс. Үшіншіден, аймақта экология мәселесін түбегейлі ше­шу қажет. Төртіншіден, өңір тұрғын­дарының әл-ауқатын, яғни тұрмыс жағ­дайын барынша жақсарту керек. Бесіншіден, Балқашқа құятын Іле өзені бастау алатын көршілес Қытаймен осы бағыт­тағы келісімшартты күшейткен мақұл.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

http://www.aikyn.kz