АЛТЫНОРДА
Новости

Балық өлетін өлі сумен сусындап жүрміз

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Су – тіршілік нәрі. Адам сусыз өмір сүре алмайды. Ғалымдардың айтуынша, адам  организмі 86 пайыз судан тұрады екен. Егер организмде судың мөлшері азайса, онда адам әртүрлі ауруға шалдығады. Статистикаға жүгінсек, әлемдегі барлық аурулардың 85 пайызы сумен байланысты көрінеді. Ал жыл сайын 25 млн адам сумен таралатын аурулардың салдарынан көз жұмады екен.

Күнделікті қолданыстағы ішімдік судың тапшылығы, сапасыздығы жайлы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Еліміздегі елді мекендерді түгел­дей таза ішімдік сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жыл­дарға арналған «Ауыз су» салалық бағ­дарламасы қабылданған болатын. Алайда бағдарламаға бөлінген қаржының ауқымды бөлігі мақсатсыз жұмсалып, көптеген ауылдарға су жеткізілмей қалды. Сондықтан Үкімет 2011-2020 жылдарға «Ақ бұлақ» бағ­дарламасын қабылдады. Бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға мемлекет қоржынынан тағы да қомақты қаржы бөлінді. Ендігі жерде бақылау дұрыс болып, бағдарламаның бағы жанса болғаны. Әйтпесе бізде әп-әдемі ән пұшыққа қор болып кете баратын жағ­дайлар жиі ұшырап тұрады.

Бүгінгі таңда халықтың ішіп отырған суының сапасы да әртүрлі. Бір жерде су тұзды, екінші жерде суда хлордың мөлшері көп, енді бір жерде су құбырларының ескіруіне байла­нысты су лас т.с.с. Сондықтан да қа­зір­гі таңда қалтасы көтергендер сүз­гіден өткізіліп, тазартылған ішімдік суын сатып алып пайдаланғанды жөн көреді немесе үйде шүмектен ағып тұрған суға сүзгі орнатады. Бүгінде сүз­гі­ден өткізілген су сататын, «сүзгі ор­натып, суыңызды таза етіп береміз» деп, сүзгісін мақтап, қызметін ұсы­нып, үйіңіздің есігін қағып тұратын фирмалардың да қатары көбейген. Сондай-ақ бүгінгі таңда көптеген мекемелер қызметкерлері үшін сүзгіден өткізіліп, тазартылған суды күнделікті сатып алып отырады. Алайда сол сүзгіден өткен судың пайдасы мен зияны жайлы бәріміз біле бермейміз.

Мамандардың айтуына қара­ғанда, табиғи ішімдік суының құра­мында адам ағзасына қажетті түрлі микроэлементтер мен минералдар болады.

Ал бүгінгі күні көптеген кәсіп­кер­лердің сүзгіден өткізіп сатып отырған суында адам ағзасына қажетті түрлі микроэлементтер мен минералдар жоқ. Яғни ол – өлі су. Ондай судың адамға пайдасы жоқ. Бірақ зияны да жоқ екен. Сүзгіден өткізілген суды сатумен айналысатын кәсіпорын маманының айтуына қарағанда, ұңғы­мадан (скважинадан) су алып пайд­а­ла­натын кәсіпкерлер некен-саяқ. Көптеген кә­сіп­орындар суқұбыры арқылы келіп тұр­ған суды пайдаланады. Бұл мемлекеттік стандартқа да кереғар емес көрінеді.

Салтанат БӨПЕЖАНОВА, Алматы қала­лық Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ тағам ны­сан­дарын қадағалау бөлімінің жетек­шісі:

– Кез келген өнімнің сапасы мем­лекеттік стандартпен бекітіледі. Бүгінгі таң­да саудада жүрген тазартылған сулар­да «стандартқа сай» деген белгі бар. Яғни адам денсаулығына қауіпті емес. Стандартқа сай болғандықтан ондай тауардың сатылуына тыйым салуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал сүз­гіден өткізілген судың құрамында адам ағ­засына қажетті нәрлі заттардың бол­ма­уына келсек, онда стандартқа соған сай талап енгізілуі керек шығар.

Алайда «Мұндай суды ұзақ жылдар пай­далану адамды түрлі ауруға шалдық­ты­руы мүмкін» дейді дәрігерлер. Өйткені адам ағзасына қажетті әртүрлі нәрлі заттар су арқылы беріледі екен. Ал аквариумнист мамандар мұндай суда балықтардың тіпті бір тәулік тіршілік ете алмайтынын айтады.

Артем СОЛОВЬЕВ, аквариумнист:

– Егер аквариумге сүзгіден өткізіліп, тазартылған суды құйсаңыз ондай ортада балық тіршілік ете алмайды. Өйткені тазартылған суда балықтың тіршілік етуіне қажетті кальций, фос­фор, кадмий, күміс, алюминий т.б. нәр­лі заттар қалмайды. Барлық нәрлі заттар сүзгіде қалып қояды. Сондықтан аквариумге сүзгіден өткізілген суды құюға болмайды. Ал мұндай судың адам денсаулығына зияны не пайдасы жайлы ештеңе айта алмаймын.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, құрамында нәрлі заттар жоқ суды үнемі пайдалану ішек, асқазан, буын ауруларын туғызады екен.

Меруерт ШЕҢГЕЛБАЕВА, терапевт:

– Су – адам ағзасына ең қажетті қорек. Өйткені оның құрамында адам организміне керекті нәрлі заттар – микроорганизмдер мен минералдар болады. Расымен де, қазіргі кезде кәсіпкерлердің сүзгіден өткізіп, сатып жүрген суының құрамында адам ағза­сы­на қажетті нәрлі заттардың жоқ еке­нін мамандар анықтаған. Мұндай суды үнемі пайдалану ішек, асқазан аурул­а­рына шалдықтыруы мүмкін. Сондай-ақ балалардың физикалық тұр­ғыдан өсуін тежеуі ықтимал. Сон­дықтан күнделікті пайдаланатын ішім­дік суының сапа­сы­на аса көңіл бөлген абзал.  

Жалпы, мамандар құрамында адам ағзасына қажетті нәрлі заттар жоқ суды үнемі пайдаланбауға кеңес береді. Олар­дың айтуынша, табиғи тау суын, ұңғыдан шыққан табиғи жерасты суын пайдаланған дұрыс дейді.

 

Дәрігерлік кеңес:

Адам организмі бір тәулікте шамамен 1,5-2 литр су жоғалтады. Сондықтан адам күніне сонша су iшіп отыруы қажет. Жалпы, организміндегі су құрамының тепе-теңдігін сақтау үшін адам дене салмағына қарай бір килограммға 30-40 грамм су ішуі керек. Таңертең бір стакан су ішуді әдетке айналдырған дұрыс. Зиянды микроорганизмдер болмауы үшін суды қайнатып ішкен абзал. Қайнаған судың құрамындағы кальций, магний сияқты элементтер – ағзаға ерекше пайдалы. Қайнатылған қатты су  жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуда пайдалы. Тұзды су зиян. Тұзды су ағзаны сусыздандырады және қан қысымының көтерілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ таңертең тұрғанда мұздатқыштағы суық суды да ішуге болмайды. Таңертең аш қарынға суық су ішу ішектің, асқазанның жұмысын тежеп, ауру пайда болуына себепші болуы ықтимал. Ең дұрысы, таңертең тұрғанда үй температурасымен бірдей қайнаған су ішкен жөн.

Автор: Қалдар БЕРДІБЕКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz