Балық пен теңіз өнімдерін жейтін қариялар өзгелерге қарағанда екі жылға артық өмір сүреді. Гарвард университетінің ғалымдары балық майы қышқылының ұзақ жасауға себеп болатынын дәлелдеді.
«РИА Новостидің» хабарлауынша, ғалым Дариуш Мозаффарян бастаған зерттеу тобы жасы 65-тен асқан 3000 америкалықтың денсаулығын 16 жыл бойы бақылаған. Жоба аясында қариялардың әлеуметтік-медициналық көрсеткіштері, жүрек аурулары мен содан болатын өлім-жітімнің себептері талданды. Бақылауға алынған топ балық пен теңіз өнімдерін тұтынуына қарай екіге бөлінді: қанында омега-3 майлы қышқылы көп адамдар және қанында мұндай қышқыл аздар. Зерттеудің нәтижесінде үнемі балық жейтін қариялардың инсульт пен инфарктке өзгелерге қарағанда 35%-ға аз ұшырағаны белгілі болды. Орташа есеппен алғанда, мұндай қарттар басқа замандастарынан 2,2 жылға ұзақ өмір сүреді. Сол себепті гарвардтық мамандар егде кісілерге аптасына кемінде екі рет майлы балық жеуге кеңес береді.