АЛТЫНОРДА
Новости

Басылмай тұр үйдің зары, жетпей жатыр қолда бары

96408f320189ec61c2611ece71d15ae2Абай ОМАРОВ (коллаж)

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтарды тұрғын үймен қамту үшін көп жұмыс жасалды. Әйтсе де жағдай Ресей, Украина және Бела­русь­пен салыстырғанда әлі қиын. Өкініштісі, баспана мәселесінде әді­лет­сіздік көзге ұрып тұр. Бізде кейбір пысықтар хан сарайында тұрып жатыр. Халықтың елеулі бөлігіне құрқұлтайдың ұясындай болса да, құ­жыра бұйырар емес. Үй бағасы «айдағанға жүрмейтін, ысқырғанға пыс­қырмайтын» болып алды. Мұнай бағасының құбылуы, елдегі дағ­да­рыс, құрылыс қарқыны, ішкі көші-қон, агломерация, басқа да толып жат­қан фак­торлар баспана бағасын құбылтып тұр. Мамандардың айтуынша, Астана мен Алматыда үй бағасы арзандамайды. Алматыда жа­ңа үйлер аз, бар күш сақалды құрылыстарды бітіруге жұмсалуда. Елор­даға көшіп келушілер көп болғандықтан, баспана бағасы тұрақты қымбат.

Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда тұр­ғын үйге бағаның өсімі өткен жылдың мау­сымынан биылғы маусымға дейінгі аралықта 1,4 пайыз құраған. Пәтер баға­сы­ның жалпыұлттық орташа құны шаршы метріне 228 288 теңгеге жеткен. 2012 жы­лы баспана бағасы тура 10 пайызға арзан еді. Биылғы жыл ортасындағы жағдай көңіл куантпайды. Үйлі болуды армандаған Жайық өңірінің тұрғындары тағы да бел­беулерін тартыңқырап тағуға мәжбүр. «Үй бағасы өсті. Кейбіреулер қолдан қым­бат­та­тып ұстап отыр. Ал сатуға қойылып, көп­тен бері өтпей тұрған ескі үйлердің бағасы «жұмсарғаны» байқалады. Жаңа үйлердің бағасы қашан да жоғары» – дейді Орал­да­ғы «Жылжымайтын мүлікті сараптау» ЖШС-нің сарапшысы Эльвира Омарова.

Оралда жаңа үй салып, сатумен ай­на­лысатын компаниялар жеткілікті. Алайда жаңа пәтерді сатып алуға екінің бірінің қал­тасы көтермейді. Рас, жинақтау жүйе­сіне иек артқандар пәтерді банктік ипо­те­ка­ға алып жатыр. Банк те ипотекаға ықы­лас­ты. Дегенмен ипотеканың пайызы жо­ғары, әрі қоятын талабы да қатаң. Жас отбасылардың жағдайы біршама жеңіл­деу. Жыл басынан бері «Қазақстантұрғын­үйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның БҚО филиа­лында 1,5 мың адам үй алу үшін жинақтау шотын ашқан екен. Өйткені «Қолжетімді баспана – 2020» бағдар­ла­ма­сы аясында жас отбасыларына арналған тұрғын үйлердің алды бітіп жатыр.

Қуаныш ХАМЗИН, «Тұрғын­үй­құ­ры­лыс­жинақбанкі» АҚ БҚО филиалының ди­рек­торы:

– Қазір қалада 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға арнап 360 пәтерлік бір­не­ше көпқабатты үй салынуда. Іріктеу шарттарынан өткен, төлем қабі­леттерін дәлелдеген жастар жаңа пәтерде сегіз жылға дейін жалдау ақысын төлеп, үй бағасының 50 пайызын шотта жинақ­тай­ды. «Қолжетімді баспана – 2020» бағ­дарламасының екінші бағыты бойынша жинақтау шотын ашқан бас­па­насыз 450 азамат күні бүгін қоныс тойын тойлады. Жақын күндері 160 адам осындай қуанышқа кенелмек. 

Көпқабатты үйден баспаналы болу бақытына қолы жетпеген адам не істейді? Әрине, Қазақстанның әр азаматына заң­мен тиесілі 10 сотық жер телімін сұрайды. Бірақ бұл жерде де оп-оңай ештеңе жоқ. «Талдау көрсеткендей, Қазақстанда жер алуға кезекте 1 млн 300 мың адам тұр. Оның 83 пайызы өз өтініштерін облыс орталықтарында тіркеген. Бара-бара біз осы жер беруді доғаратын болармыз. Себе­бі қазіргі жағдай көрсеткендей бұл аумақтың барлығын коммуникациямен қамтамасыз ету үшін бізге 35-40 жыл керек», – деп мәлімдеген еді Жер ре­сурс­та­рын пайдалану комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров.

Оралда 60 мың адам жер телімін алу кезегінде тұр. Әрқайсысы жер алып, үй салса тағы бір шағын қала пайда болатыны анық. Орал қалалық әкімдігі жер қаты­нас­тары бөлімінің меңгерушісі Виталий Куш­нердің айтуынша, кезектің тез арада жылжитын түрі жоқ. «Заң бойынша жер телімі барлық инженерлік желілер (газ, су, жарық) өткеннен кейін ғана берілуі тиіс. Сәулет бөлімі қазір қала аумағының шека­ра­сын нақтылап жатыр. Ол жұмыстардың қашан бітетіндігін нақты айта алмаймын. Құжат қабылдана бастаған 2002 жылдан бері 10 жылдың ішінде біз бар болғаны 3 мың адамға жер телімін бере алдық. Бас­қаша болуы да мүмкін емес. Орал қазіргі күйіне, яғни 250 мың тұрғыны бар ша­һар­ға 400 жыл ішінде жетті. Ендеше біз 10 жыл ішінде бірден 60 мың адамды бас­па­на­мен қамтимыз деп айта алмаймын. Менің жеке пікірім, жер теліміне арыз қабылдауды баяғыда тоқтату қажет еді. Орал – қала болғаннан кейін мұнда сұрық­сыз жер үйлер емес, сәнді де сәулетті көп­қа­батты үйлер салынуы тиіс. Ал кімде-кім бау-бақшамен айналысқысы келсе, қала­ның аумағында қаңырап тұрған саяжайлар жетеді. Мұндай саяжай қоғамдарының саны – 164», – дейді В.Кушнер.

Жер бөлімінің меңгерушісі биыл Орал­да жер телімі берілмейтіндігін мәлімдеді. Дегенмен күні бүгін Зашаған ауданынан 80 гектар, «Рыбцех» шағынауданынан 500 гек­тар жерді тұрғын үй салуға беру мүмкіндігі қарастырылуда. Оған қоса қала ішіндегі кәсіпкерлерге жалға берілген 680 гектар жерді кері қайтарып, оған да көпқабатты үй салу туралы ұсыныс бар.

 

Керек дерек

Жыл сайын Қазақстанда жаңадан 150 мың отбасы құралады. Соның басым бөлігі – жастар. Осы жас отбасылардың үштен біріне ата-анасы баспанасын мұраға қалдырғанның өзінде 100 мың отбасы баспанасыз қалады екен, яғни 4 млн шаршы метр тұрғын үй салу қажет болады. Егер отбасы мүшелерінің саны көбейетінін ескерсек, бүгінгі құрылыс қарқынымен баспана мәселесін шешу ширек ғасыр уақыт алмақ.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

 

http://alashainasy.kz