Алатау ауданындағы №152 мектептің мәжіліс залындақарындастары мен інісін құтқарған батыр баланың ерлігі ескеріліп, марапатталды.
Мектеп мұғалімдері мен оқушылары, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері алдында еліміздің ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың атынан адам өмірін құтқаруда батылдық пен жанқиярлық көрсеткен батыл оқушы Данияр «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Алматы қалалық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қасыбаев Данияр Сатыбалдыға салтанатты түрде награданы тапсырды.
– Ол жасаған ерлік – қиындықта қалған жақындарын, жолдастарын құтқару жолында жанкешті әрекетке баратын нағыз қазақстандық азаматтың ісі. Он бір жастағы бала көп ересектердің қолынан келе бермейтін өнегелі ісімен танылды, адамгершілік қасиетін көрсетті, – деді азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қасыбаев.
Былтыр 29 қарашада сағат 12-де Алатау ауданы аумағындағы Тәкежанов көшесінде өрт болып, жаздық баспана өртке оранған-тын. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың келуін күтпей, 11 жасар бала терезенің әйнегін сындырып, өзінен кіші қарындастары мен інісін кезек-кезегімен көшеге алып шықты. Өрттің ауыр зардабын болдырмауға бар күшін салған кішкентай батырдың бойынан жанталас сәтте осындай өнегелі адамгершілік қасиет айқын көрінді.
Айнабай МӘДИ
http://almaty-akshamy.kz/