Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың жерленген жерін іздеу үшін қазақстандық екі іздеушілер отряды Ресейдегі Псков жеріне аттанды. Бірінші топ – Алматыдан, ал екіншісі – атақты сұрмергеннің отаны – Ақтөбе қаласынан шықты.
Әлия Молдағұлованың зиратын іздеу үшін экспедиция жасақтауға ресейлік өлкетанушылардың сенсациялық мәлімдемесі себеп болды. Псков облысындағы мемориалдық тақтаға Әлия Молдағұлованың есімі қате жазылған болып шықты. Ұзақ уақыт бойы батыр қыздың жерленген жері деп жүрген Монаковтағы мемориалдық кешенде оның сүйегі жоқ екен. Архив құжаттарын қайтадан ақтарып, зерттеген ресейлік өлкетанушылар Әлия Молдағұлованың мәйіті қазірге дейін қалың орманның ішіндегі бауырластар моласында жатқанын анықтаған. Кезінде осындай келеңсіздікке жол берілген екен. Бұдан бірнеше ай бұрын осындай хабарды естіген қазақстандық іздеушілер тобы Әлия Молдағұлованың сүйегін қайта жерлеу үшін арнайы сапарға дайындала бастады. Қазір 26 адамнан тұратын қазақстандық экспедиция жолда кетіп барады.
Қазақстандық іздеушілер тобын Псков облысындағы бауырластар қорымына Алматы әкімшілігі бөлген арнайы құралдармен жабдықталған құтқару қызметінің КамАЗ автокөлігі жеткізеді. Мұндай жүк көлігімен Ресейдің қалың ормандарында, батпақтарында жүруге ыңғайлы. Іздеушілердің арасында байланысты қамтамасыз ету үшін көлікке радиостанса орнатылған. Көлікте экспедиция мүшелеріне арналған жатын орын да бар. Іздеу жұмысына экспедицияның дайындалып жатқанын естіген қазақстандықтар қаржылай көмек көрсетті.
Қазақстандық экспедиция мүшелерінің көпшілігі мұндай жұмыспен бірінші рет шығып отыр. Сондықтан оларды сол жақта ресейлік іздеушілер қарсы алып, көмектесетін болады. Ресейліктердің бұл жағынан тәжірибесі жеткілікті. Олар тек Псков жерінде қаза тапқан он мың жауынгердің мәйіттерін анықтап, қайта жерлеген. Қайта жерленгендердің ішінде Қазақстаннан барған жауынгерлер де көп. Қазақстандық-ресейлік экспедиция үш аптаның ішінде батпақты жерге жерленген 32 жауынгердің (оның ішінде Әлия Молдағұлованың және тағы төрт қазақстандық жауынгердің мәйіттері де бар) сүйегін қазып алып, діни ғұрыппен құрметтеп, қайта жерлеуді жоспарлап отыр. Отан үшін басын оққа тіккен батырлардың басына белгі орнату кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы болып табылады.
Қайыржан ТӨРЕЖАН