АЛТЫНОРДА
Новости

Батыс Қазақстан облысының мыңдаған тұрғыны газсыз отыр

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Ақжол ауылына баратын жолдағы белгі. 3 ақпан 2015 жыл.Орынбор-Новопсков газ құбырының бір бөлігінде болған ірі апат Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының сегіз ауылын газсыз қалдырды.

Апат ақпанның 2-сі күні жергілікті уақыт бойынша сағат үштен сегіз минут өткенде Белес ауылы мен аудан орталығы Переметное кенті арасында, газ магистралының 280-шақырымында болған.

Апат болған жерге таяу орналасқан ауыл тұрғындарының айтуынша, қатты дүмпу естілген. Билік «газ құбыры жарылып, өрт шықты» деген ресми болжам жасады.

Газ құбыры «Орталық Азия Интергазы» компаниясы бақылауында.

Ақпанның 2-сі күні кешкісін облыстың төтенше жағдайлар департаменті «Зеленов ауданының тоғыз кентіне газ жергілікті уақыт бойынша сағат 22-де беріледі» деген хабарлама таратқан. Бірақ ақпанның 3-і күні таңертең аудан орталығы Переметное кентіне ғана газ берілді.

Азаттық тілшісі газ күтіп отырған екі ауылда болды. Орал қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан, 1 мың 543 тұрғыны бар Белес ауылы тұрғындары газды кеше түнде қосады деп күткендерін, бірақ үйлеріне газ бүгін күндіз де берілмегенін айтады.

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Белес ауылы тұрғыны Танзила Оразғалиева. 3 ақпан 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Белес ауылы тұрғыны Танзила Оразғалиева. 3 ақпан 2015 жыл.

.

650 мың адам тұратын облыста елді мекендердің көпшілігіне 15-20 жыл бұрын газ жүргізілген. Тұрғындардың көбі көмір мен отынды көптен бері пайдаланбайды. Көбінің үйінде пеш жоқ. Сондықтан қазір ауыл тұрғындары үйлерін электр қуатымен жылытып отыр.

– Түнде далаға шыққанымда бүкіл ауыл тұманға бөгіп тұр екен. Жалындаған от көрінді, – дейді Белес ауылы тұрғыны Танзила Оразғалиева

Оның айтуынша, жарылыстың дүмпуінен тіпті үйі дірілдеп кеткен.

– Әкімдіктен немесе газ компаниясы қызметкерлерінен ешкім келген жоқ. Газды қашан қосатындарын білмейміз. Жылы киініп алдық. Әзірше ештеңе қоспай отырмыз, жарылып кете ме деп пешті де қосуға қорқамыз, – дейді Танзила Оразғалиева.

Ақжол ауылы тұрғыны Гүлмира Сағиева мен 8 жасар немересі Армат. Батыс Қазақстан, 3 ақпан 2015 жыл.

Ақжол ауылы тұрғыны Гүлмира Сағиева мен 8 жасар немересі Армат. Батыс Қазақстан, 3 ақпан 2015 жыл.

123 адам тұратын көрші Ақжол ауылы тұрғындары да газ күтіп отыр. Зейнеткер Гүлмира Сағиева үйінде немересі екеуі көрпеге оранып алып, электр жылытқыштың түбінде отыр екен.

Аудан билігінің сөзіне сілтеме жасаған Белес ауылдық округы әкімі Адам Имашев «үйлерге газды бүгін береді» дейді.

– Екі күн газ болмайтынын жұртқа алдын ала ескерткенбіз. Қатты қиналып қалғандар жоқ, телефон соғып наразылық білдіргендер де жоқ. Газды көп кешіктірмей қосамыз деп уәде еткен, – дейді ол.

Оралдың транспорт прокуратурасы газ құбырындағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратураның бүгін таратқан баспасөз хабарламасында «Аталған факт қылмыстық кодекстің «Магистралдық құбырларды тарту, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсіздiк ережелерiн бұзуға жол беру нәтижесінде адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтiру немесе iрi шығынға ұшырату» туралы 354-бабының 2-бөлімінде қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тіркелді» деп жазылған.

Қазір Новенький, Шалғай, Железново, Егіндібұлақ, Зеленое және Қаражар ауылдары газсыз отыр.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_west_kazakhstan_zelenov_gas/26827823.html